Тоғыз ай, тоғыз күн...
Төсек тойы. Керегеге орамал таңу. Құрсақ шашу. Ене келінге қамқоршы. Аққол ана. Тоғыз ай тоғыз күн. Жарыс қазан. Кіндік шеше. Кіндік кесу. Сәби келді. Шілде қағу. Тымаққа салу. Сүйіндір. Қалжа.
Қыз өз үйінің оң жағынан екінші біреудікіне келін болып түскеннен кейін келген жері келіннен алдымен ұрпақ – бала күтеді. Бұл – қазақта бір жылдың ішінде орындалуға мөлшерленетін арман. Осы уақыттың алғашқы үш-төрт айында-ақ әйелдер арасында еркектер жағы көп естибермейтін сыбыстар басталады. «Пәленшенің келіні төсегімен бірдеме көтеретін түрі бар ма?» деп ауылдағыларды қойып, алыстағылар дәметеді бұл арманды. Ал ене бұрынғы келіндерінен, келіннің абысындары жас келіншектің өзінен «Бойыңа ендігі бірдеме біткен шығар?» деп сұрай бастайды. Бөгделер келін жүкті бола бастаса денесі толып, мұрнына ноқта түсетін шығар деп сырттай бақылайды. Қазақ үшін келіннің төсегімен бала көтермеуі онша жақсы емес. Өйткені қазақ халқы өте бала жанды екені белгілі. «Ұл туғанға күн, қыз туғанға ай туады» деп, қызын ұзатқан жаққа да, ұлын үйлендірген жаққа да некеден кейінгі ең керек бақыт – бала.
Сондықтанда қазақ халқы қызының некесі оқылғаннан кейін қызының төсек-орнын (күйеу алғаш жататын күні) екі жастың пәк төсегін жақындарының ішіндегі ең көргенді, көп балалы келінге ырымдап салғызады. Қыздың шешесі дайындалған төсекке келіп аршаның түтінімен ырымдайды. Алла-тағалаға білген құлшылығын айтып екі баласын пәле-жаладан аулақ болуын, қосақтарымен бірге қартаюын, бұл төсекке екеуінен өзге жат-жаланың жоламауын жаратқаннан тілейді. Осы екі шарт біткеннен соң екеуінің той төсегінде бірге жатуға төсек салған жеңге рұқсат етеді. Бұл тәртіп келін ұзатылып барғаннан кейін күйеубаланың дәл сондай көргенді, көп балалы жеңгесі арқылы және қайталанады. Ондағы ене де құдағиының құлшылығын қайталайды.
Қазақтын қатал тәртібінде жоғарыдағы шарттар орындаламайынша қалыңдыққа күйеубаланың жолауы мүмкін емес. Бүйтуді көргенсіздік дейді қазақ. Қазақта көргенсіз дегенді естігеннен өле қалған әлде қайда жеңіл. Бізге төсек тойы деген кәдені әдейі ататып отырған да осы сенім. Бұл сенімге бір жылдың, тіпті үш-төрт ай ғана уақыттың аталып отыруы да осыдан. Себебі құдай қоскан қосағына қосылған жас жұбай осы мерзім ішінде төсегімен жүкті болу көп жағдайда мүмкін. Көп жағдайда, тіпті көп-көп жағдайда бұрынғы болашақ жас аналардың жәйіті осылай болған. Міне, осылай болғаннан кейін жас келін бойына біткен баланы астыртын етене бір абысынына айтады. Ол енесіне жеткізеді. Денесі толып, өңі нұрланып, беті «кірлеп» жүргенін көрген бөгделер де үлкен үйдегі енеге бұл жақсылықты қуаныш ретінде айтып, ол кісінің болашақ қуаныш үшін бірнеше әйелдердің басын құрап, кішігірім той өткізуін, кәде жасауын қолқалайды. Бұл қуанышты бұларсыз да төрт көзімен күтіп жүрген ене жар салмаса да айтқандардың басын қосып, еркектер араласпайтын төсек тойы делінетін ырым жасап береді. Бұл кәде бр жағынан жақын арада немерелі болатынының қуанышы болса, енді бір жағынан болашақ немеренің өз ұлынан екендігіне деген сенім. Бұл кәденің хабарын айта барған әйелге келіннің төркініндегі шешесі кәдімгідей шүйінші береді. Екі құдағидың арасы осыдан соң тіпті жақындай түседі. «Қатын алма қайын ал деген осы» деп енесінің бала тәрбиесіне іштей разы болған күйеубала да қайын жұртын сыйлай түседі. Бұл – жарық дүниенің табалдырығын әлі аттап үлгірмеген қазақтың басынан өтіп жататын ең алғашқы әдет-ғұрып, кәде.
Қамқор ене келін түскен кезде-ақ үл немерелі болу үшін оған ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал жүкті әйел болса, біреудің үйне өз дастарқаннынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді. Ауылдағы тәжірибелі әйелдер келін болған бойындағы сол өзгерістен-ақ оның жүкті болғанын сезе қояды. Олар «келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты» деп, енесіне тұспалдап жеткізеді. Осы емеуріннен-ақ енесі келінінің бойына бала біткенін біліп, қуанышты хабарды жеткізген әйелге ризашылығын білдіреді. «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады, осы «керегеге орамал таңу» ырымнан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.
Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның әлде бір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады. Енесі ауыл әйелдерін шақырып, қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибелі аналар өз үйлерінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер осы асы таптырмаса, яки «жерігі қанбаса», ол босанғанша ішкен тамағын құса береді, тамағы бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша аузынан сілекейі аққыш болады. Жолбарыстың жүрегіне, аюдың етіне, бүркіттің миына жерік болған әйелдерден болашақ алып батырлар, ерен ойшылдар туатындығы туралы көптеген аңыздар ел ішінде әлі күнге дейін сақталған.
Ене келінге қамқоршы. Енесі аяғы ауырлаған әйелдің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тамақтарын береді. Жазды күні келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізеді. Далада өсетін жабайы жуа мен ит жуаның көбінесе ит жуасы таңдалады. «Іштегі бала шымыр болсын» деген ниетпен келінге сағыз шайнатады. Жерімізде жиі кездесетін құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыздарың ішінен құм сағыз ғана таңдалып алынады.Мүмкіндіктері болса, тауда өсетін рауағаш, қымыздық теріп әкеліп береді. Рауағашты жесе сәбидің көзі көреген, құлағы естігіш болады, ал қымыздық баланың тәбетін ашады.
Болашақ сәби еңбектей бастаған кезде жар жағалап, бор жалап, кесек жейтіні белгілі. Бұл сәби организмінде белгілі бір мөлшерде минералдардың жетіспеуінен болатындығы бүгінгі таңда ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Мұны аңғарған халкымыз ежелден сәби құрсақта жатқанда-ақ алдын-ала қам жасаған. Сондықтан судың бұрын иірім болған орнын тауып, осы жерден саздың иісі шығатын қайырым топырағын үйге әкеліп қояды да «баланың сүйегінің қалыптасуына керек, кейін бөпең бор іздемейді» деп мөлшерлеп жегізіп отырады. Құрсақты әйелге көбіне жас сорпа ішкізіп, қызыл ірімшік жегізеді. Халық түсінігі бойынша ақ ірімшік жеген әйелдің баласының сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады.
Келіннің тазалығына да айрықша көңіл бөлінеді: жиі шомылдырады, жұпар иісті көкемарал (марал оты) шөбін пайдаланады, оның иісі іштегі баланың тыныс мүшелерінің жақсы жетілуіне ықпал етеді. Шомылдырар алдына арша әкеліп түтетеді. Жүкті әйелдің беті жарылып, дақ түспес үшін бие сүтінің көбігін бетіне жағады. Ана тісінің, таза болуын да әсте естен шығармайды. Түрлі тамақ қалдықтарынан бөлінетін жағымсыз дәм мен иістер іштегі балаға әсер етіп, оның жүрегін айнытпас үшін күніне екі рет- таңертең және жатар алдында қара жусанның қайнатылған суымен, болмаса қаратікен тұзбен аузын шайғызады. Парасатты ене келінінің әрқашан көтеріңкі көңіл-күйде жүруін қадағалайды, әзіл әңгімелермен күлдіріп отырады. Арагідік «келін көңіл» деп аталатын жастардың қызықты басқосуын ұйымдастырып, келініне жиі-жиі ән-күй тыңдатқызады. Халықта «екіқабат келін жыласа, оның баласы жасық болып туады» деген түсінік бар. Соны ескеріп, шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман-есен босанғанша, естіртпеуге тырысады. Мезгілімен ұйықтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.
Әйелдің жүкті кезінде ескерілетін халықтық түсінікке негізделген мынандай ырымдар бар: итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін; арқан есуге болмайды, әйел босанар үстінде бала кіндігіне оралып қалуы мүмкін; тең буып, қаптың аузын жабуға рұқсат етілмейді, керісінше жабулы заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады; түйе етін жеуге болмайджы, бұлай етсе жүкті келіншек баласын 9 ай емес, 12 ай көтеруі мүмкін. Бұл ырымдардың түп-төркіні көне наным-түсінікке сенген дәуірге барып тіреледі.
Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін келіннің етегін бүріп қояды, шошымас үшін далаға түнде ешқашан жалғыз шығармайды. Келіннің мезгілі жақындаған кезде мейірбан анасы оған қара жерді басқызып, «кеудесі түкті Жер-Ана, күш бер, қуат бер!» деп жалаң аяқ жүргізеді. Осы ырым келіннің күш-қуатын шыңдайды. Босануына үш ай қалғанда «ұзын толғақ» басталады. Бұл кезде көргені көп аналар «бөпең айдай сұлу болсын» деп айлы түнде келінін көлге шомылдырады. Ай сұлу болғанымен қызүы жоқ , сондықтан шомылған көлдің жағасынан шөп жұлып әкеліп, үйіндегі жанған ошаққа тастайды. Тіліміздегі «Айдай сұлу, оттай жылы болсын!» деген тілеу осы ырымға байланысты қалыптасса керек.
Босануына екі ай қалған кезде «орта толғақ» басталады. «Босану уақыты мезгілімен бұрын болып қалмасын» деп келіннің қолына кескіш, тескіш құралдарды (пышақ, біз, ара, т.б.) ұстатпайды. Жүкті әйелдің босануына бір ай қалғанда оның «ай толғағы» басталады. Бұл кезде «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп келініне жас ет ұстатпайды, «кіндігіне оралып қалмасын» деп ине-жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастайды» деп жүресінен отырғызбайды. Сонымен бірге ел ішінде жас келінді ата-анасы жетелеп апарып, жеті бұлақтың көзін аштыру, бұлаққа май құйып, теңге тастау, бастаудың басындағы әулие ағашқа ақ шүберек байлату секілді сенімдер де бар. Қариялар осындай іс-әрекеттер арқылы «сенің атаң-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезіңде сені демеп, жебеп отырады» деп, келіннің күпті көңілін орнына түсіреді.
Әрбір ескі қазақ ауылында екіқабат әйелдерді босандыруды машық қылған қолы жеңіл кемпірлер болған. Оларды ел ішінде «аққол ана» (яки қазіргі акушер) деп атайды. Аққол аналар кез келген келіншектің қай күні босанатынын тап басып біліп отырған.
Бір айда отыз күн бар. Оның алғашқы үш күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн, өлі күн» деп атайды да, бұл күндері екі жастың ақ төсекте кездесулеріне тыйым салынады. Бұл – халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Ал,аққол аналардың өзіндік есебі бойынша аяғы ауырлаған әйел жердің әрбір айы 27 күннен тұрады. Әрбір айдың, яғни осы әр 27 күннің басы оның еттеккірі келген күннен басталады. Бұл алғашқы айдың өзі үш тоғызға бөлінеді: бірінші тоғыз- «етеккір тоғызы», екінші тоғызы- «арылу тоғызы», үшінші тоғызы – «кездесу тоғызы». Халықтық тәртіп бойынша, «бірінші және екінші кезеңде кездессендер екеуің де ауруға ұшырайсындар» деп, олардың кездесуіне тыйым салынады. Халықтық түсінік бойынша, үшінші тоғыздың әр тақ күні неке төсекте тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері – қыз туады. Алғысты ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай, тоғыз кун көтереді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей,әрқайсысы 27 күннен болатын тоғыз айда 243 күн бар. Аққол аналар бұған үшінші «кездесу тоғызын» қосып есептейді. Осыдан келіп тіліміздегі «тоғыз ай тоғыз күн» тіркесі орныққан. Тәжірибелі ана жаңылмас үшін сол сәтті күннен бастап дорбаға 243 құмалақ салып алады да, осы құмалақтың күніне біреуін лақтырып отырады, осылайша жүкті әйелдің күні жақындаған сайын құмалақ саны да азая береді.
Босануға ұш ай қалғанда «ұзын толғағы басталады» деп, келінің аман-есен босануына даыйндық жүргізеді. Толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмауы үшін күнде кешқұрым келінінің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, құйрық-маймен сылап-сипайды.
Тәжірибелі аналар «орта толғақта іштегі бала жарық дуниеге шығуға дайындала бастайды» деп есептейді. Анасының құрсағының сыртқы порымына қарап,оның ұл не қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ, үшкір болып келеді; ал қыз бала домалақ, дөңес бітеді; сондай-ақ ұл жоғары, ал қыз бала төмен орналасады. Әдетте қимылдағанда қыз бала сол жақтан, ұл бала оң жақтан қозғалады. Ай толғақ мерзімі болғанда іштегі бала жиі қимылдап, анасының екі бүйіріне көп салмақ түсіреді. Толғақ қысқанда әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан тұған. Бұл – «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізге толғақ», желкесі ауырса, «желке толғақ», т.с.с. ұшырасады. Ананың ай-күні толып, ай толғақ аяқталар тұста оған арнайы жеке үй дайындалады. От жағылып,су жылытады. Егер күн суық болса, киіз үйдің ішіне құрғақ қи төселіп, үстіне қалың текемет жайылады. Үйдің іші-сырты, дүние-мүлкі мұнтаздай тазаланады. Осы істердің басы-қасында аққол анамен қоса-қабат кіндік шеше ұйытқы болып жүреді. Оларға көмекке көрші-қолаң, абысын-ажындар келеді. Бір кереге мен екінші керегенің арасында әйел толғатқан кезде асылып тұратын арқан керіледі, босағасына қамшы, қылыш, қанжар әкеліп қойылады, өйткені бұрын «бұлар толғаққа кедергі келтіретін албасты, марту, жын-перілерді үйге кіргізбей тұрады» деген сенім болған. Немесе қоңыр аю, жолбарыс, қасқыр терісін әкеліп қойған. Бұл дәстүр «киеміз» (тотем) қолдап, қостасын» деген наным-сенімен туған.
Аққол аналар бала түсер жолдың аузының ашылуын саусағымен өлшеп көреді. Егер бес еліден асып, жеті еліге жетсе» бес елі ашылса – белге түседі, жеті елі ашылса – жерге түседі» деп, мезгілі жеттіге санайды. Осы сәтте «оң ба- оң» ырымы жасалады. Келіншекті көрпеге орап алып, бір жағындағылар «оң ба ?» деп аунатады, «оң» деп қарсы алған қарсы жақ «оң ба?» деп қайтадан, кері аунатады. Осылайша үш рет аунатып, алған келіншекті көтеріп әкеліп, ергенекке (есіктің мандайшасына) «оң, оң, оң!» деп үш рет тигізеді. Осылай істесе ғана бала оң келіп, келіншек жайлы босанады деген түсінік бар.
Қуанышы қойнына сыймай жүрген көңілі күпті енесі дереу ала қыстай сақтаған жылы-жұмсағын қазанға салып, «жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Самаурын қойылып, табаққа сүт пісіріледі, үй ішіндегі әбдірелер ашылып, теңдер шешіліді, әдейі арнап түйрелген қарыннан май, қаптан құрт алынады. Ұзын арқанды өткермелеп байлап шығады да, екінші ұшынан оп-оңай тарқатып жібереді. Арша тұтатылып, толғатқан әйелдің басынан айналдырып аластайды, етек жағынан күкірт түтетеді. Мұның бәрі толғағы оп-оңай – «әбдіре ашылғандай, тең шешілгендей, түйін тарқатылғандай, шай қайнатымда, сүт пісірімде, ет піскенше, жарыс қазанмен бірге жарыса тез босансын» деген ниеттен түған ырым.
Әйелдің толғағы жиілей бастағанда ауылдың әйелдері үйдің ішіне карала арқан керіп, оған әйелді мықтап ұстатып, өздері етектеріне сүрініп айналасында болады. Кемпірлер толғақтып отырған әйелден білген көмектерін, тәжірибелерін аямайды.Бибәтима пірлерінен тұс-тұстан медет сұрайды, жалбарынады. Бір-екі бала келсаппен жерді айнала төпештен «түсті ме, түсті ме!» деп зыр жүгіреді. Қалған әйелдер дүниеге есігін ашқалы тұрған бір жапырақ қазақтың игілігіне бола сойылған малдың етінен босанатын әйелге, жиылғандарға ас дайындап жатады. Мұнын аты – жарыс қазан. Жарысқазан аталатыны мұндайда аяу, ірку, мөлшерлеу деген болмауы керек. Сондықтан қазандар қатар-қатар қайнап жатуы шарт.
Егер әйел босана алмай, қатты қиналса, «бел тарту» әдісі қолданылған. Арнайы шақырылған қарулы ер адам толғатқан әйелдің белін қапсыра құшақтай, ішін төмен басып, босануына көмектеседі. Ал бала көлденең келсе, жаңа сойылған малдың ішегін қолына теріс айналдырып киген аққол ана қол салып, түзетіп жіберетін болған. Кейде баланың теріс келуі де мүмкін. Мұндай жағдайда толғатқан әйелді арқанға екі аяғын жоғары, басын төмен қаратып асып, әйелдің ішін қолмен сылау арқылы баланы оңдап, оп-оңай босандырып алатын.
Бала дүниеге келсімен даусы шығуы үшін құйрығынан шарт еткізіп ұрады да, кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» аталады. Екі жас үйленіп жатқан кезде-ақ кіндік-шеше болуды қалап алатын әйелдер болады. Ол үшін алдымен екі жасты арнайы қонаққа шақырып, өз дастарқанынан дәм таттырады. Кәделі астан кейін күйеу жігітке «келін құрсағын ақ айранға тойдырып жүр» деп әзілі аралас тілек білдіреді. Осыдан кейін екі үй арасында қарым-қатынас жиілеп жарастық орнайды. Кіндік шешеге біршама міндеттер жүктеледі: жүкті әйелді күту, босану үстінде басы-қасында болу, кіндігін кесу. Ол нәрестеге қырқынан шыққанда киетін ит көйлек тігіп алып келеді, бала ер жетіп, ел қатарына қосылғанша өз назарынан тыс қалдырмай әр-дайым қамқор болып жүреді. Халық ұғымында» баланың мінезі кіндік шешесіне тартады» деген түсінік бар. Егер келіншек қиналмай босанса, әйелдер «кіндік шешесің қолы жеңіл екен» десіп жатады. Бала ер жеткен соң, кіндік шешесінің бар жақсылығын ескеріп, оған «кіндік кесерін» береді, тұған анасынан кем көрмей,өмір бойы сыйлап өтеді.
Кіндік кесу. Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлайды, түбіне күл себеді. Кіндік кескен балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Байланған кіндік үш-төрт күнде түседі. Ер баланың кіндігін ырымдап, «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырып жібереді, ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмеді. Сонымен қатар бала кіндігін оқымысты болсын деген ырыммен кітап арасына сақтап қоятын, ат құлағында ойнасын деген тілекпен аттың жалына байлайтын ырымдар да бар. Тіліміздегі «кіндік кескен жер», «кіндік қаны тамған жер» деген қадірлі, қасиетті сөздер осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
Сәби келді. Сонымен бала іңгалап жерге түсісімен сырттағы екі көзі төрт болып отырған әкеге, қалған еркектерге желаяқ әйелдің бірі барып қыз болса – «кестеші», ұл болса – «жылқышы» деп хабарлайды, шүйінші алады. Ауыл-аймақ бұл күні бір жырғайды, өте-мөте әйелдер жағы. Шүйінші қолма-қол бермесе, барасала жұлып алған тымақ пен кимешек-шылаушты қашан аларын алғашында бермей, ата-енені тоқырайтып қояды. Осы күні бір әйел балаға кіндік шеше болады да, ол босанған әйелге қалжа әкеледі, жарыс қазанның бір жағында оның да қазаны қайнап сол күнгі күтімін бір жағын сол көтеріп жатады. Алдыдағы шілдехананың жүгіне де ол ортақ болуға міндетті. Баланың әке-шешесі мұның есесіне қалағанын береді.
Жарық дүниеге келген сәбиді емізбестен бұрын, қайнатылған таза суға малынған қасқырдың немесе сырттанның жүнімен ауыздандырады. Жаңа туған ңәрестені бірінші рет сабындап шомылдырады. Шомылдырар алдында тілін жұтып қоймауы үшін баланың тілін тартады. Алдымен баланы төбесінен бастап, жуады, одан соң судан шошынып қалмас үшін екі аяғын батырып, денесін үйретеді. Алғаш суға түсірілгенде су тимеген жері қалмай, таза жуылуы қатты ескеріледі. Шомылдырған соң кіндік түбіне қойдын майын жағып, байлап, құндақтап анасының жанына жатқызады.
Шілде қағу. Жас босанған келіншекті енесі үнемі қадағалап, жылы киіндіреді, «шілде қағып кетпесін» деп салқыннан қатты сақтандырады. Келіннің бұтына тізе қап, аяғына кебіс кигізеді, қолын суық суға салғызбайды. «Қырық күнге дейін дене судан шошиды» деп шомылдырмайды. Туған әйелдің созылған іші қалпынакелуі үшін белін буғызады, «тісі түсіп қалмасые» деп орамалмен аузын буады, суық су ішкізбейді, «шашы түспесін» деп тас қылып өріп тастайды.
Тымаққа салу. Егер бала күні жетпей туса, оны «шала туған» деп, тымаққа салып, адам көзі түсе бермейтін елеусіз бұрышқа, керегеге іліп, орнын жиі-жиі ауыстырып тұрады. Басқа нәрестелерге қарағанда ерекше күтімге алып, жиі-жиі тамақтандырады.
Сүйіндір. Тұрмысқа шыққан қыз балалы болғанда оған қуанып алдымен қыздың анасы келеді, бұл әрбір қыздың анасына міндет. Бұны әрбір қазақ әйелі білуге тиысты. Анасы қызына сүйініп аналық ақылын айтып, баланың тәрбиесін, қалай күтуін түсіндіреді. Құда-құдағиының қуанышына ортақтасады. Балаға деген жасауын әкеледі. Қызы боснғанда анасының келуі, ана болған қызын көру ертеден келе жатқан дәстүр. Мұны «сүйіндір» деп атады.
Қалжа – қой сойып, жаңа босалған әйелге берілетін ет пен сорпа. Қалжаны жақын адамдар, туған-туысқан, дос, жолдастары болуы да мүмкін. Бұл жас босаған әйелге деген құрмет және денсаулығын қалпына келтіру үшін жасалады.
Қазақ ерлері мен әйелдердің есімдері