Отау көтеру
Шаңырақ түйе. Келін түсіру. Беташар, Отқа май салу. Босаға майлау Бие қысырамас. Асықты жілік, Төс. Шаңырақ көтерту. Отқа шақыру (Үй көрсету). Өңір салу. Ат байлар. Құттық. Есік ашар. Итаяғына салу. Келінді мүшелікке қабылдау (Қыз тәрбиесі). Ата-ененің баулуы. Төркіндеу. Енші беру, Отау бөлу.
Шаңырақ түйе. Күйеудің ауылына барар жолда, қыздың көлігіне жолдастары, анасы, сіңілісі, жеңгесі отырады. Жолда кездескен адамдарға отыруға болмайды, өйткені әлі ұзақ жол жүруі керек. Жастардың үйіне жасы егде тартқан адамдарға кіруге болмайды. Шақырусыз болмайды. Ал жастар және балалар сол үйге жақын жүреді. Ауылдастары жас келіннің істерін, шаруашылығын игеруін бақылап, байқап жүреді. Жас келін ерте тұрып түндікті ашады, жалғыз өз үйінің ғана емес, көршілердің, ата-енесінің түндіктерін ашады. Бұл оның ақылды, инабатты екендігін көрсетеді.
Келін түсіру Келінді келген жеріне баса көктеп әкелу қазақта көргенсіздік. Сондықтан оны ауылдан оңаша жерге түсіріп жаяу келтіреді. Үлкен ақ бөрте салының төрт бұрышынан төрт келіншек ұстап келінді ортаға алады. Айналасында көптеген қыз-келіншек болады. Келіннің атына ең жақын бір қайнысы мініп, ауылға бәрінен бұрын сол келеді. Ол бұрын өлтірі апарған қайнысы болса тіпті жақсы. Келін келісімен шәшу шашылады. Келіннің төсегі үлкен үйдің сол жағына салынып, шымылдығы құрылады. Егер байлығы асқан жер болып, отау көтере келсе, сол отауына түседі. Қашан беташар кәдесі өтілмейінше келінді ешкім көре алмайды. Келін де ешкімнің бетіне тіке қарамайды. Қазақ қызына тән ұяңдықпен, әдептілікпен төмен қарап отыруға тиіс. Егер өйтпесе «тастан қашқан қояндай тасыраңдап, қайтеді-ей!» деп қайындары қолма-қол сан-саққа жүгіртеді. Үлкендер де ұнатпайды. Өйткені оның өн бойынан әлі де балалыққа тән қасиет байқалып тұруға тиісті.
«Қызың кетсе қызылың қалмайды» деп, қазақ қызын ұзатқанда үйіндегі өңі бүтінді аямайды. Шамасы жетсе әр жасауды тоғыздан дайындайды. Бұны еркектер жағы елемегенімен, әйелдер басқа ұрып тұрып санап, өсекті күздің желіндей дүрілдетеді.
Беташар. Отқа май салу. Беташар айтылмай келіннің табалдырық аттауына болмайды. Алдын ала дайындалған бір ақын беташардың алдында келіннің келген жеріндегі ата-ене, қайнаға, қайын, абысын, жақын-жуықтардың аты-жөнін, лауазымын, атақ-абыройын, мінезін, ерекшелігін жіпке тізгендей біліп алады. Сонан соң шетінен сыдыртып таныстыра бастайды. Әр адам аталған сайын келін иіліп сәлем етіп тұрады. Келіннің дидарын жұрттың түгел және анық көретін сәті, міне, осы кез.
Беташар әбден біткен соң келін бетін сыртқа қаратып табалдырықты арт жағымен аттайды. Иіліп шаңыраққа да сәлем береді. Шымылдықтың ішіне осыдан соң кіреді. Бүйтіп, сәлем беруден келін семьяның толық мүшелігіне өткенге дейін жаңылуға болмайды.
Айтпақшы, келін табалдырықты аттардың алдына енесі маздап тұрған отқа май салады. Бұл- қазақта сонау шаман дінінен бері, отқа табынғаннан бері келе жатқан салт. Қазір сирек, дегенмен кейбір көнекөз қариялары бар үйлер әлі де істейді.
Бұнысы, бір жағынан отқа табынудың белгісі болса, екінші жағынан, қазақ белдеуінен ат, төрінен қонақ кетпесін дегенді мегзеуі.
Төрде шалжиып-шалжиып қонақ жатқан соң оларға ет асу, шәй қайнату, әрине, керек. Бұл үшін откиіздің ортасындағы ошақтың оты маздап тұруға тиіс. Мұндайда май құйған оттың керемет маздайтыны түсінікті.
Қазақта «түтінің өшпесін!» деген тілек бар. Бұлда ұрпақ жалғаса берсін, дастархан жиылмасын дегендік ғой.
Босаға майлау. Келін табалдырықтан оң аяғымен атталған соң жақын туыс әйелдердің бірі табалдырықты босағаны майлайды.Бұл ырым жастарды өмірі майдай жұғымды, жақсы болады деген түсінік. Бұл ырымды орындаған адамға кәде беріледі.
Бие қысырмас. Отқа май салынып, келіннің беті ашылғаннан кейін сол жақтағы келінді енесі шақырып оң жаққа отырғызады. Сонан соң ортаға ақ бұл тастайды. Оны отырғандар жыртып-жыртып алады. Үйлеріне апарып сабаларының аузына байлайды. Мұндағы мән: бірінші, келінді өзінің қызындай көретіндігін білдіріп оны өз қызы отырған қадірлі орынға лайық еткені, екінші, ортаға ақ бұл тастап оны бөліп бергені – қазақта ең қастерлі түлік-жылқы, астың аяулысы-қымыз. Осы екеуі түтін басынан үзілмесін дегені.
"Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" дегенді әлімсақтан бері айтып келе жатқан қазақ келін келгеннен кейін келешектің тағдырын көбінесе келінге байланысты түсінеді.
Қазақта той көбінесе ел жайлауға шыққанда болады. Бұл кезде мал қоңды, қол бос,қолайлы. Қымыз сабасы бәрінде болмағанымен ірікттің сабасынан кез келген үй кұр емес. Мұндайда ақты екінші сабаға байлауға болады. Саба – қазақ асының қайнар бұлағы. Мұнан қымыз да, құрт та, сарымай да өндіріледі...
Бие қысыр қалмаса бәрі де болады ғой. Рымның аты, міне, осыған байланысты болады. Табысы құралмаған жігіттен, құрсағы құр жатпайтын биенің артық делінетіні де осыдан.
Қазақ үшін бие қысыр қалмаса онан ұлттық шарап (қымыз) та, жауға атойлап, аттандап, «абылайлап», «а құдайлап» шабатын саңлақ та, қазы мен қарта, жал мен жая да болады ғой. Осыны ескерген халық үшін бие қысырмас кәдесіне үлкен мән берген.
Асықты жілік. Төс. Келінге арнайлы мал сойылып, оның асықты жілігі мен төсінің басы келінге тартылады. Бұл жөнінде жоғарыда біраз тоқталдық. Бұл арадағы өзгешелік, аталған мүшелерді жеңге кесіп-турайды. Отырғандарға үлестіреді. Бұдан ауыз тимеген қатындардың өкпесі көпке дейін тарқамайды. «бүйтетіні, алдағы күнді осы отаудағы келінмен бізді араласпасын дегені, араласуға жарамайды деп қомсынғаны» деп сан-саққа жүгіртеді. Қапқа түскен қатындікі болатын алдағы күн үшін «Абысын тату болса ас көп». Сондықтан олардың өкпелеуі занды.
Шаңырақ көтерту - қазақта отаудың шаңырағын албаты адам көтермейді. Бұған баласы көп, кәрі күйеу керек. Оны қос атпен болсада алғызады. Ыңғайлы жер болып, отау өте үлкен болса кәрі күйеу шаңырақты аттың үстіне тұрып көтереді. Бұл еңбегіне ол не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұған малды отауды көтерткен жақ береді. Бүйтетіні, болашақта осы жезделеріндей ұбырынды-шұбырынды боласың деп ырымдағаны. Отау көтеру, отауға шақыру екі жақтың жағдайларына қарай.
Отқа шақыру (Үй көрсету). Той-томалақ аяқталған соң жас келінді маңайдағы үлкен үйлер отқа шақыра бастайды. Келін барған үйінің бәріне құр қол бармайды. Әкелген жасауынан бір зат алып баруы шарт. Отқа шақыру да шаман дінінен қалған ырым.
Мұндағы «бала-шағалар жақын екеніңді біліп жүрсін, араласып жүрсін деп таныстырғанымыз осы» дегені.
Келін бұл үйлерге барғанда өзінің өн бойындағы барлық әдептілігін, көргенділігін көрсетуге тырысады. Отқа шақыру аяқталған соң, ел ішінде келінге баға беріле бастайды. Жастар жағы оның көркін көбірек сөз етсе, кәрілер пысықтығын, қағылездігін, келешекте қандай қатын болатындығын мөлшерлейді.
«Бағы бар жігіт болды. Келіншегінің ай десе аузы, күн десе көзі бар екен! Нағыз бота тірсек, ителгі иек, өрт көздің өзі. Бәтшағардың көзі тым жайнап тұр. Мұндай бақыт құсы маңдайы біткеннің қолына ғана қонады. Небір сұлу деп жүргендерді де көріп жүрміз» деп сұлу келінді ат жығып барып көріп қайтатын жастар да болады, егер келген келін көркем болса, онда бір ғанибет. Ретсіз болса «Е, жерде қалмайтын тесік моншақтың бірі екен» деп сырт айналады. Ал, кәрілер «қатын алма, қайын ал» деген осы. «Шешесін көріп қызын ал, ыдысын көріп асын іш» деп, бісімілләларын алдымен аталы сөздерден бастап, онан соңғы мақтауларын «Тұяғынан от жанады екен. Алтын асықтай бала!» деп жалғастырады. Былайша айтқанда, отқа шақыру – келіннің сынақтан өтетін кезеңі.
Өңір салу. Отқа шақырумен бірге болып жататын ендігі бір кәде – өңір салу. Мұнда ылғи бәйбішелер келеді. Ниеттері келінге шәшу шашын, құтты болсынды айту. Шәшудің сыртында өңір келеді. Өңір - киім, бұйым, ең құрығанда перде бау, немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі сықылдылар. Бұлардың бәрі де отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер.
Келін түскен үй бұларды күтеді. Келіннің қоржынындағы аспен бірге келген бұлдардан алады. Бұлда өңір. Қолжаулықтан бөз алсада келгендер мәз. Өйткені бұл жәй бұл емес, өңір.
Ат байлар. Ат байлар екі түрлі болады:
- Шаңырақты көтерген соң жастарға шашу шашып, қайырлы болсын айтады: шаңырақтарың биік, берік, мықты болып, ұзақ жылдарға үйлеріңнен қызық қуаныш, бірлік, береке кетпесін деп байғазы береді. Ен жақын адамдары босағаға ат байлайды. Ол «ат байлар»- деп айтылады.
- Енді бір түрі – сыйлық алу. Қыз алуға келгендердің құдалар мен күйеудің аттарын жеңгесі байлайды. Сол үшін сыйлық алады. Бұл «ат байлар» тойда болатын дәстүр, кәде. Осы сыйлықтан әйелдердің бірі «тәбәрік» сұрайды. «Ат байлар» - дан алған сыйлығымен бөліседі.
Құттық. «Құттық» - құттықтау деген сөз. Той өтіп, құдалар аттанған соң ауылдың бойжеткендері (қыздар жігіттің ауылынан) келіп қайны атасына қайырлы болсын, сыйлықтарын беріп «құттық» сұрайды, бұл әйелдерге тән әшекейлер болады: сырға, сақина, басқада үйде пайдаланатын ыдыс-аяқ т.б. Бұл дәстүр «құттық» деп аталады. Бұл жақсы ырым. «Құттық» алу үшін әдейі басқа ауылдардан келушілер болады. Келгендерге жақсы сыйлықтар беріледі, қымбат киімдер, мал т.б. Мұндай сыйлықтарды бар, бай адамдар жасаған. Бұл дәстүр қазақ халқының жомарттығын, мырзалығын көрсетеді.
Есік ашар. Той өткен соң күйеу жігіт келіншегі мен, жолдастары мен ата-енесінің үйіне барады. Күйеудің алғашқы келуі «есік ашар» - деп аталады. Бұл жолы күйеу сынға түседі, өйткені тойдан кейінгі бірінші келуі. Ол бұл келісінде тиісті сыйлықтарымен, барлық әдеп пен ырымдарды сақтай келеді. Жеңгелер күйеуді сынап әзіл-қалжынмен отырады. Күйеу де есесін жібермей қалжындасады. Қазақ ауылы тойсыз, ойын-күлкісіз отырмайды ғой, күйеудің қайын жұртына келуі көтеріңкі, көңіл мен қуаныш әкеледі.
Итаяғына салу. Жас әйелге үлкен бәйбіше адам сақина (жүзік, күміс ақша, білезік) сыйлайды. Бұл заттар таза күмістен жасалған. Жас нәрестені алғашқы суға түсіргенде (шілде суына) әлгі жүзік, білезік, күміс ақшаларды суға салып, баланы шомылдырады, болған соң шілде суға қатысушы әйелдер суға салынған заттарды бөлісіп алады. Алысты болжаған бәйбішелер сыйлаған заттарды жаңа ана болған әйелге «итаяғына салады».
Келінді мүшелікке қабылдау. Қыз тәрбиесі. Қазақта қызбала балиғатқа толысымен бақылауға алынады. «Қызға қырық үйден аңдушы керек», «Қыз баққаннан аю баққан оңай» дегенді де қазақ дәл осы кезден бастайды. Қазақта қыз шешесі өзі білетін бар өнерді – іс тігуді, тамақ істеуді, қонақ күтуді, елмен сыйласуды, ерін қалай күтуді қызына мұра ғып, үйретіп кетеді. Жеңге қазақта қыздың ең жақыны, сырласы, мұңдасы, ақылшысы, қормалы. Тарихтағы басына күн туған қайын сіңлісін сүйгенімен қашырып жібергендер де осы жеңгелер. Амал қанша, қазір бұл қасиеттен қол үзіп барамыз. Жеңге мен қайын сіңлісі екі үйдің бірінде отаспай жатады. Қазаққа қарағанда бұл жағынан Шығыстың кейбір мұсылмандары алда. Айталық, ұйғыр қыздарында күйеуімен бірге жатудағы жағымдылықтан бастап, олардың жолаушылап келгенде беретін адық асына (зорық немесе демалыс асы) деп аталатынына дейін үйретеді. Күйеу оларша дүздің адамы. Ол қара қазан сары баланың қамы ұшін дала тіршілігімен жанталасады. Ол кей күні табыспен қуанышты, кей күні шығынмен ренжіп келеді. Міне, осындай кезде үйдегі жары оны қалай қарсы алу керек, ана бұны қызына ұзатпай тұрып оқытады.
Еркек әйеліне күндіз арыстан болғанымен түнде мысық сықылды ғой. Ұйғыр әйелдері шешесінен оқыған дәрісі бойынша көп ойын күндіз емес, түнде, көбінесе көрпенің астына кірген соң айтады. Күндізгі арыстанның түнде мысық болған соң күштен айырыла қалады, сонымен... Бұл былай қарағанда жәй қулыққа ұқсағанымен, ерлі-зайыптылардың арасындағы берекені күшейтудің тәсілі.
Дүзден кейде кейіп келген күйеүді ұйғырдың әйелі (анасынан жақсы оқыған) ілезде жадыратады. Қыстан жазға, дозақтан ұжымаққа көшіретін оның сөзі де, қылығы осындайда керек-ақ! Біздің қазақ әйелі көбінесе күйеүімен бірге кейіп, бірге тұнжыраудан басқаны білмейді. Осы арада ұйғыр әйелі болса, күйеуін бауырына тартып: «Балалардың әкесі-ай, ержігіттің басына не келіп, не кетпейді. Кейіме оған», деп ерін қайғыдан әп-сәтте арашалап алады... Жолаушылап жүргенде үйдегідей ас қайда. Үйіңді сағынып, жақсы көрген асыңды жеуге асығып келгенде бір таба ботқаны алдыға тастай салмай, дәмді тағамдарды берген әйелді қай халықтың еркегі жек көрсін!
Әсілінде ерлі-зайыпты адамдардың күндізгі сөзі мен түнгі сөзінің арасында көп айырмашылық болады. Өйткені екеуі күндізгідей емес, түнде бала-шағадан, басқадан аулақ болады. Осындайда біздің қазақ әйелдері күйеуін балаша алдап-арбап, алда күтіп тұрған жұмысына қолды-аяқты балаша жұмсаудың әдісінен жұрдай. Мұндай кездерде ұйғыр әйелдерінің күйеуіне көрсететін қошеметін біздің қазақ әйелі әдепсіздік, деп өзінің сүйегіне біткен бұйығылығынан аса алмайды. Өзі білмегенді қызына да үйрете алмайды. Бұл жағынан қазақ әйелдерінің түсінігі бірге жату, бала табу, бой суыту төңірегінен көп асалмайды.
Ата-ененің баулуы. Киелі киім. Уақыт әкетеді де, әкеледі. Әкететіні, ажал дейтін пәле адамдарды аспан астынан дәм-тұзы біткендерді көр дейтін көп үңгірге күніне мың-мыңдан, түменден, кіргізіп жатады. Ал әкелетіні мұнымен итжығыс. Бұлар жаһанда жаңадан келіп жататын, біз жарыс қазанда жазған бір-бір жапырақ адамдар. Бұлардың жаңасы жаңалық әкелсе, кеткені кейде кейбір кереметтерді ала кетеді. Осындайлардың бірі – қазақтағы киелі киім. Бұны қазір ат жығып іздесек те таба алмаймыз. Кемпірлерден бірінің тамтығы кезіккенімен, бірі мүлдем жоқ.
Осы ала кеткендерді ара-тұра айтып, бүгінгі ұрпаққа түсіндіру артық емес. Бабалардың сонау баяғыдағы бақиға барған күре жолына қосылатын соқыр соқпақпен арыраққа, алысқа рауан шегуге тура келеді мұндайда.
«Әкең өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, келер ме қайран сонары» деп, өзгені керек етпесек те, көнсек те қазағымыздың халықтық тәрбиесінен айрылмауымыз керек. Бізге киелі киімді айтқызып отырған да осы айрылмау. Осының бірі – келінді төркініне бір жыл толмай жібермеу. Мұның себебі осы аралықта келінді тәрбиелеу керек. Балалық шіркіннің бас асауы басылмай келген жас келінге бұл бір жыл оңайға түспейді. Ауыр еңбекке, қатал тәртіпке толы бір жыл қыл көпірден өткенмен бірдей. Бірінші, осы уақыт ішінде келін келген жеріндегі ата-ене, қайнаға, қайын, абысын, тағы басқаларға ат қойып, оны жаңылмай айтыу керек.
Екінші, киіз үйдің түндігін алаң-елеңде ашып, от жағу, сол түндікті ел жатқанда жабу келіннің міндеті. Осы аралықтағы шай қайнату, іркіт пісу, қымыз қотару, құрт жаю, кір жуу, саба пісу, ыдыс-аяқ жуу, сиыр сауу, қой қосақтау, бие сауу, тезек теру, түскі ас, кешкі тамақ, ішек-қарын тазалау сықылды тізе бүктірмейтін жұмыстардың түтіні үзілмейді. Келін қалғып-шұлғып, жығылып-сүрініп кешке әзер жеткенімен, елдің соңында жатуы керек. Қазақ қейбір ерте жататын халық. Қонағы түн ішінде келсе, келінге тіпті ұйқы жоқ. Сонда келін орта есеппен 17-18 сағат ауыр жұмыс істейді. Үшінші, осы бір жыл ішінде үлкен үйге сәлем беріп кіруден, артымен шығұдан жаңылмауы шарт. Төртінші, келін жыл бойы жібектей болуы, мінез көрсетпеуі керек. Егер кей күні ерте тұра алмай қалып, «тентегім» деп өзі ат қойған қайындары төсектің тұсына кеп: «Мына қатынды марту басып жатыр ма?» деп, киіз үйді құрықпен сабаласа да қарсы шықпай, атып тұруы керек. Мұны орындамаса «шуаяқ» деген атқа ие болады.Бұл төртеуін ата-ене келінді еңбекке, адамгершілікке қалыптастыру үшін әдейі істейді. Бұл – олардың өздерінше мектебі.
Келін бұдан бірінші баласына босанып, ол қырқынынан шыққанда бір-ақ құтылады.Сонан соң енесі келінді бірінші рет төрге шығарып: «Сен енді санатқа қосылдың. Бұрын бала едің, енді ана болдың. Бұрынғымыз өзіңді адам болсын, пыссын дегенміз. Енді осы үйге толық мүшесің, - деп, келінінің мандайынан сүйіп, мейрім білдіреді. Сәлем беруден азат етеді. Қолына ағаш тегене, себелі пышақ ұстатып тошалаға апарып, не бір керемет мүшелерді өз бетімен асуға рұқсат береді. Тіпті осыдан кейін қонаққа өз бетімен мал сойғызуына да рұқсат етіледі.Бірақ бұл құқыққа келін үйінен келген киелі киімді сол төрде отырып кигеннен кейін қақылы.
Сол түні ата-ене келіннің төркінінен келген кимешек-шылауышты өз қолдарымен кигізеді. Арттағы әке-шешелері бұл бас киімді қыздары тез балалы болсын деп сандыққа әдейі ырыммен салады. Бізге бұл киімді киелі дегізіп отырған да осы ырым. Егер келін ұзақ уақыт бала көтермей, кимешек-шылауыш сандықта жата берсе, ата-ана, не ата-ене өздерінің бір кінәсі үшін кие атты деп іштей желінеді. Келін қыз күнінде сәукелені сұлу болу үшін, елдің көзін сүрінту үшін тіккізсе, кимешек-шылауышты ана болу үшін дайындатады.
Қазақ әсілі ақ түсті ұнатады. Ақ әйелдің көріксізі болмайды. Оған ақ кимешек пен шылауыш қосылған соң тіпті құлпырады. Сәукеле қызықтыруға бола тігілсе, кимешек-шылауыш қызғаныштан, кінадан аулақ болуға арналып дайындалынады. Қызықтыратыны – қандай қыз болмасын өзіне жақсы жігіт табуы керек. Ол үшін оларға ең алдымен көркем болып көрінуі қажет. Біреудің етегінен ұстап, басы байланған соң, енді бұны алған адамның басқалардан қызғануы туады. Әйелдің еркекті арбайтыны көп. Соның бірі – қолаң қара шаш пен ақ мамық тамақ. Кимешек-шылауыш осыларға біреу-міреу тамсанбасын деп жауып тұрады. Әрі жылылық пен тазалыққа қолайлы. Ата-ененің келініне бұны кигізуінің бір жағында мұндайда мән болғанымен, өз тізгіні өз қолына тиіп, семьяның мүшелігіне өтіп алған келін оны ұдайы кимейді.
Төкіндеу. Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз төркініне бір жыл болмай баруға рұқсат жоқ. «Төркіні жақынның төсегі жиылмайды» деген құдалар бір ауылда бірге отырғанда ғана. Бүйтіп бара беру төркіндеуге жатпайды.
Төркіндеу – қазақта аса үлкен кәде. Мұның жүгі де өте ауыр. Алғашқы бір жыл ұзатылып барған жас қыз үшін бұл өте ұзақ уақыт. Екі көзі төрт болып, осы бір жылды бітіре алмаған жас келін үйін, әке-шешесін, аға-бауырын, елін сағынып, өлдім-талдым дегенде бір жылға әзер жеткенде қандай қуанады десеңші. Аралықта бауырлары, ағалары келгенде ел-жұртын сағынып жүрген келін оларды құшақтап шаршағанша жылайды.
Егер тұысы жоқ болып, елінен бөгде біреулер келсе де көзіне жылы ұшырап: «...мен жыламай кім жылар артымнан келер аға жоқ, деп, көріскенде жасын көл етеді... Төркіндеп баратындар: ұзатылған қыз, күйеу бала, кішкене жиен. Бұлардың апаратындары әке-шешеге жағалы киім, бір-бір кебіндік ақ бұл, үйіндегілердің басқаларына бір нәрсе апару, апармау шарт емес. Төркіндеп келген қыздың уақыты бір айдан кем болмайды. Өйткені ол жұртын аралап мауқын, шерін, сағынышын басуы керек. Қызы, күйеубаласы келген үй жақын-жуығын жиып, мал сояды. Қызбен күйеуді жақындары, жекжаттары шақырады. Бұл қыз бен күйеу үшін ең жақсы демалыс. Өте-мөте қыз бір жасап қалады. Ай бітіп қайтқанда қыздың үйі бұзаулы сиыр, құлынды биені екі баласына енші етіп береді. Жиенге шұбар тай мінгізіп, қырық серкеш айдатады. Бұл- бөлек үй болып шығатын екеуіне қайын жұрттың берген еншісі. Мұндай малды басқа жақындары да береді. Қазақ қыз бен жиеннен ешнәрсені аямайды. Өте-мөте жиеннің қолын өмір бойы қақпайды. «Пайғамбар да күйеуін сыйлапты» дегенді қазақ жақсы біледі. «Қыздан туғанның қиығы жоқ», «Жиенді ұруға болмайды, қол қалтырайды», «Нағашым бай, қайным бай, қайтып кедей қыласың құдайым-ай?» дегендерді де қазақ бет албаты айтпайды... бәрінде де батпандай мән бар.
Енші беру. Отау бөлу. Сонау жарыс қазаннан бері баласына қормал болып, бағып, жұмыртқаның сарысындай сақтаған ата-ана балаларының өзі балалы болған соң «енді өз күнін өздері көре алады» деген сенімге келіп, бөлек шығарады. Мал береді. Бастарына киіз үй көтереді. Бұның өзі кішігірім тойға ұқсап өтеді. Жақындары да бөлек отауға қолдарында барын әкеледі. Алды мал, арты ең құрығанда бір сырмақ, не бір термебау әкеледі. Бұл "емеурін" деп аталады. Бұған келіннің төркіні бергендері қосылып, жаңа отау ел қатарлы шаңырақ болып шыға келеді. Әкеге иек сүйеп болбыр болып өскен не бір ынжықтарды жеке шаруашылық тәртіпке шақырып, ширықтырады. Өз алдына дербес үй бөлінген екі жас елге ұнау үшін, өздерінің адам болғанын көрсету үшін келіп-кеткендерді жақсылап күтеді. Бұны көпке дейін ел пәленшенің отауы дейді. Ол кездегі абысындар өте тату болады. Біріне-бірі малды қойып, балаларына шейін бере салады. Бір үйі мал сойса, жас сорпа ішеміз деп сол үйде болады. Келе алмағандарына бір жілік шикідей беріледі. Қазаны, малы бөлек болғанымен ауылдың ақсақалына барлығы бағынады. Оның айтқаны – заң.
Басты бет Дәстүр Тағам Ұлттық Ойындар ЖігіттіңҮшЖұрты Қолөнер Әндер Ырым-Тыйым Бата Жұмбақ М.Мақатаев ШешендікСөздер Ертегі ТөртТүлік Қазақтар Абай Кочевник