Құдалық

Біз шаншар.   Қыз айттыру.   Қыз көру.   Шеге шапан.    Қарғыбау.    Өлтірі өткізу.     Құда түсу.    Бата аяқ.      Құда тартар.    Қалың мал.    Балдыз қалың.    Киіт.     Есік көру.


Біз шаншар

Ертеректегі қазақтар қонақ үй, асхана, ақша,банка,транспорт дегендеріңіз тегін болды ғой. Тегінді қойып дұрыстап күте алмағандар сөгіс естіп, айып төлеп жататын. Табақтағы етке салынған жамбастың ақ тамыры, не қол еттің безі алынбай асылып, қонағына  тартылса, тегін ет бергенінің сыртында айыбын қоса төлейтін қазақпыз біз.
Осы көп тегіннің бірі – түстік. Қазіргі «обед» –деп атап жүргеніміз осы «түстік».
Қазақта бұл ас түсте, жаз кезінде таяқтың көлеңкесі жоғалып, күн шаңырақтың үстіндегі кезде болады.  Бұл кезде келгендер шайын ішіп, етін жеген соң аттанады. Аралықта кейбірі атын шалдыртады, не суытады. Мұндайлар қонбайды. Ал «біз шаншуға» келгендер ешкіммен сөйлеспей, аттарының ертоқымын бір жерге жиып, түскі асын ішкен соң да кетпей жатып алады. Үй иесі қонақасыға кешінде мал сояды. Қонғандар ертеңінде сиыр түсте үн-түнсіз аттанын кетеді. Бір сыры көбінесе келетіндер ылғи шалдар болады. Қонақтар кеткен соң үйдегілер бұл сырды біле қойып, сырмақ қағады. Қайрағын іздеіді. Сырмаққа шаншылған бізді көреді, қайрақтың  жоғалғанын біледі.
Бұл «ұл ержетті, қыз бойжетті. Қосқұлақ бала бізде бар, қаса сұлу сізде бар, жекжат болайық» дегені. Қазақтың балаға деген үлкен қамқорлығы, қамы, міне, осыдан басталады. Қызы бар үй егер қайрақты сұрамаса, бір жетіден соң әлгі шалдар және келіп құда түседі. Әкесіне қарап ұлын,  шешесіне қарап қызын сынайды.
Мұндағы бір гәп – бізде. Бұнын мәні: қазақта біз көбінесе ұлдар,  еркектер қолданатын сайман. Қыздардікі - ине. Бұның бірі қатты –қайырымға керек те, инесі кестеге, киім-кешекке, жеңіл-желпіге қажет қой. Шалдардың сырмаққа біз шаншуы бізде бір ұл бар еді, сол осы шаңыраққа да ұл болса, қалай қарайсыздар деген жұмбағы. Ал енді ана қайрақты әкетуі «бізді құп көрсеңіздер құданда болайық» дегені. «Құданда» дегеніміз түсіндіре айтқанда алланың алдында ант жасағандық. Бұл жерде «құда» - «құдай» деген ұғымды, «анда» арапша «ант» деген ұғымды береді.
Бұны бұрыннан білетін қазақ  құдалықты осылай бастайды енді. 

Қыз айттыру

Ұлына лайықты қызды таңдау ата-ананың ой-арманы болған. Сондықтан өзіне тең, үлгілі, абыройлы, көпшілік қөңілінен шығатын отбасын іздейді. Егер көңіліне алған отбасында тұқым қуалайтын аурулы адамдар болса, олардан аулақ болуға тырысқан. Өздеріне тең дәрежелі жанұйя болса солармен жақын туыстық қатынас жасауға көңіл білдірген.

Қыз айттыру әр түрлі болған. Егер ұл мен қыз әлі жас, мүмкін әлі дүниеге келмеген күнінде адамдар бірін-бірі жақсы білетін, дос, жолдас, дәрежелерінде тең адамдар, бірінікі ұл, не қыз болса құда болуға келіседі. Бұл атастыру деп аталады. Тумаған балаларымен құдаласу - «бел құда», бесіктегі балалары барлар құдаласса – «бесік құда» деп аталады.

Кейде қызын алып отырған құда өзінің қызын құдасының баласына беріп «қарсы құда» болады. Бір екі рет құда болғандар «сүйек жаңғырту» деп аталады. Ұлдың кәмелетке келіп үйленуі «құда түсу» ден кейін болады. Қазақ жеті атадан асқанша  қыз беріп, қыз алмайды. Егер әйел ерінен сегіз жас үлкен, жігіт әйелден жиырма бес жас үлкен болса үйлендіруге рухсат бермейді.Қыз айттыру жастардың үлгілі, тәрбиелі отбасы болуына негіз болады. (Қыз бен ұл әлі жас, бірін-бірі  жақсы тани білуіне уақыт болады, сол себепті келешекте олардан жақсы отбасы шығады, деп ойлайды).

Қыз көру

«Қыз көру» кейде «қыз таңдау» деп аталады. Дәстүр бойынша белгілі, атақты адамдардың балалары қыз таңдаған. Егер алыс, жақын ауылдарда әдемі, сұлу қыздар бар деп естілсе, жігіттер сол жерге барып, қызды көреді. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал бар. Бұл мақал жігіттерге жол ашады. Қыз таңдауға келген жігіттерге ешқандай өкпе, қарсылық болмайды. Бұл жігіттерді жақсы қарсы алған. Бостандықты сүйетін, жасы жеткен, еркін сөйлей алатын қыздар өз ойларын «қыз көретін жігітті біз көрелік» - деп өз ойын білдірген. Жігітке деген көз қарасын ашық айта білген. Мұндай кездесуде кейде айтыс ұйымдастырған, қыз бен жігіттің айтысы. Бұл кездесуден кейін қыз бен жігіт бір-біріне сенім білдіріп, келіскен жағдайда жігіт қыз ауылына құда түсуге келісім берген. Бұдан түйгеніміз ертеде қыз бен жігіттің таңдауына көңіл бөліп, жастарға ерік берген. Әрине мұндай екінің біріне беріле бермеген. Бұл көптің алдында беделді адамдардың балаларына, атақты жігіттерге берілген. Бұл жай туралы білгің келсе Т.Жомарбаевтың «Қыз көрелік» романын оқы.

 Шеге шапан

Шеге шапан –сыйлық. Қыз бен жігіттің ата-анасы келісімге келген соң бір-біріне сыйлық жасайды. Жігіт жағына бұл сыйлық «Қарғыбау». Ал қыздың әкесі жаушының (жігіт жақтан келген кісі) иығына шеге шапан (жаңа шапан) жабады.

 Қарғыбау 

Сыйлық. Қызға құда түсерден бұрын қыздың ауылына жаушы келеді (жігіт жақтан кісі), ол алдағы болатын әңгімеге келісу үшін. Екі жақтын келісімі бойынша қалың малдың мөлшері, той өткізетін уақыты белгіленеді. Жаушы қыздың әкесіне «қарғыбауды» береді («қарғы» - жүген, бау – шылбыр) жүйрік аттың, жорғаның шылбыры. Содан кейін жігіттің әкесі өзі келеді. Құдалық туралы сөйлеседі. Қыз жағынан бұл кеңеске келешек құда, жиендерінің атасы мен кездесуге жақын туысқандары қатысады.

 Өлтірі өткізу

«Өлтірі» деген  сөз қосылып жазылғанымен мазмұны – өлі, тірі. Бұл арадағы өлі мен тірінің айтылуы: «алдыдағы құдалық баянды  болуы үшін екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеміз» дегенді ұғындырады. Сондықтанда өлтіріге әкелінген мал осы уәдеге бола атап сойылады. Бұны қыз үйі соймайды.  Бөгде біреу алып сояды. Бұндада мән бар. Өйткені екі жақтың анты үшін таңдамахшарда күә керек. Сонда тырып ете алмайтын заңды болады. Өлтірі тойы өтіп болған соң екі жақ бірін-бірі «құда-құдағи» дей беруге қақылы.
Өлтіріде құдалар жақтан сыбаға ас әкелінеді. Бұдан қалыңдық ауыз тимейді. Себебі: әлі оң жақтан аттаған жоқ. Бұл бір. Екінші, келін болып барғанша әлі талай кезең, кәде, уақыт бар. Келін болып бармай жатып татқан дәм қате, кінә.
Бұдан соң құда жақтың ендігі әкелетіні- үкілі құнан, не дөнен. Кейбірі ат әкеледі. Бұл арада мәселе жылқы да емес, оның кекіліндегі үкіде. Үкі бұл жерде төлді меншіктей ен салғандай, осы қызды – болашақ келінді өздерінің баласы етіп алдын ала немденгені, үкілегені.

Құда түсу

Құдалық ертеден келе жатқан дәстүр. Күйеу жігіттің әкесі баласы мен, өзінің жақындары мен (кейде жігіттің әкесісіз де) құда түсуге келеді. Құда түсу – аса қызықты өтеді. Құдалардың келуі «құда түсер» деп айтылады. Алдын ала ескерту бойынша қыз әкесі өз туыстары мен жақындарына, сыйлас адамдарына хабарлайды. Құдаларды аса құрметпен, салтанатпен қарсы алады. Екі жақтың құдалары бірі-біріне құрметтеп сыйлықтар тапсырып қуанышқа бөленеді. Құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр т.б. Жігіт жағынан келген адам - «бас құда», күйеудің және қыздың әкесі – «бауыздау құда» - ең жақын адамдар. «Бас құда» жаңа жерге келген қыз үшін (келін) әр уақытты қымбат сыйлы адам болады. Жаңа түскен келін оны «ағеке» деп атайды, өйткені ол әр уақытта келінге назарын аударып жүреді. Келін оны әрқашан құрметтеп жүреді. «Құда түсу» - өте мағналы, аса жоғарғы дәрежеде қазақтың ұлттық болмысын көрсетеді.

Бата аяқ

Құдалардың ақыры байлаулары. Құдалықтан кейін жігіт әкесі қыздың ауылына келіп, ұзату уақыты, қалың мал мөлшері, кәде жоралары туралы келісімге келулері. Бұл «бата аяқ» деп аталады.  Кей жерлерде «сырға тағар» не «баталасу» деп аталады.

 Екі түрлі бата:

-          Кесімді бата – қортынды шешім – ұзату тойдың айтылған уақытта өтілуі, шығарылатың қаражат, малдың саны.

-          Келісімсіз бата – мал санының есебі, шығатын қаражаттың белгісіз екендігі. Өтілетін уақытының жағдайға байланыстылығы.

Бай, қуатты, атақты адамдардың сыйлықтары өте жоғары болған: бес жақсы, орта жақсы, аяқ жақсы. Бес жақсы – боталы түйе, құлынды бие, аса бағалы зат не алтын, күміс.

Орта жақсы – түйе не жылқы. Аяқ жақсы – жылқы, сиыр, қой т.б.

Құда тартар

Жоғарыда айтылғандай құдалыққа байланысты әдет-ғұрыптар қазақта өте көп. Түрлі ойын-сауықтар арасында аса қызықтың бірі «құда тартар». Ауылдың әйелдері, жас жігіттер құдаларға түрлі қызықты ойын күлкі ретінде, дәстүр бойынша жүргізеді. Құдалар дастарқан жиналған соң әңгіме дүкен құрып отырғанда, әйелдер келіп, «құда тартар» жасаймыз – деп, құданы өгізге теріс міңгізіп, ауылды аралап жүргізеді, не кілемге салып, жабыла көтеріп, жоғары-төмен түсіреді, не құданы аяғынан байлап, арқан ұшын шаңырақтан шығарып жоғары көтереді, үстіне су шашады, не әйел киімін кигізеді. Ол үшін құдалар әйелдерге ақы төлеуге тиісті. Оның есесіне құдалар да қарап қалмайды. Құдалар бұл ойын үшін әйелдерге ренжімейді. Көрерменге өте қызықты ойын болады, театрдан кем емес. Құдалардың есе қайтаруы көрерменді «жақын адамдардың» -құдалардың арасындағы әзіл, күлкі үшін жасалады. Бәрі де қазақтың дәстүрлері.

Қалың мал

Қалың мал туралы келісімнен соң қазақтың әдет-ғұрыпы бойынша қыз алатын жақ мал басымен келісім жасаған. Қалың құданың тұрмысына байланысты болған. Егер құда бай адам болса қалың мал мөлшері 200–500 бас жылқы, кейде ол  1000 басқа дейін барған. Егер құда кедейлеу болса 5,6 бастан артпаған.

Қалың малдан басқа «сүт ақы», өмірден өткен қалғандар үшін (өлітірі) жігіт жағынан кәденің басқа түрлеріде жеткілікті болған. Кеңес уақытында осының бәрін «қызды малға сатады» - деп шығарған. Ал қызға берілетін жасау қалың мал құнмен тең келіп, не артып жататын.

«Қалың мал» мөлшері құдалардың тұрмысына байланысты болған. Қалың малға 10 бас сиыр болса, ол «дөңгелек қалың», ал ұсақ бас болса 1,2 бас жылқы- «балама қалың» деп ауыстырылған. Егер алатын келін қайтыс болып кетсе, күйеу балдызына үйлену үшін 27 бас мүйізді қара қосып берген. Ол «олқы қалың» деп аталған. «Қалың малды» бөліп беруде қазақтың бұзылмас тәртібі бар. Ол жылқыны бөліп беруде көмекші адамға «құрық бау» берген. Егер қой болса қойшыға «қосақбау» төлеген. Тағы бір бұлжымас әдет-ғұрып «келін тілі» деп аталған. Ол келіннің денсаулығы үшін. Қалың мал көп болғанымен қыз жасаумен қайтатын болған, ол «жасар» деп айтылған.

Балдыз қалың

Келін болып үлгермей, мезгілінен бұрын өмірден өтіп кетсе, мұндай жағдайда берілген қалың мал мен қыздың сіңілісін алуына болады. Өйткені қалың мал ерте беріліп қойған. Егер күйеуі ұрын келіп, қызбен кездесіп жүрген болса, қалыңдық жақ мұндай жағдайда төленген қалың малдың жартысын қайтарады. Егер күйеу қалыңдығымен кездесіп жүрген болса, оның орнын сіңлісі басады (балдызы). Күйеу қосымша қалың мал төлейді. Бұл «балдыз қалың» деп аталады. Егер күйеу қалыңдықпен кездеспесе «балдыз қалың» бермейді.

Киіт

Құдалар аттанарда қыз әкесі дәстүр бойынша сый құрмет көрсетеді. Аса бағалы сыйлық жігіттің әкесіне беріледі (келін алуға келмесе де). Ал келген құдалар өздерінің жас ерекшеліктеріне, туыстық, достық қарым қатынастарына байланысты болады. Бай, құатты адамдар күйеу әкесіне бір үйір жылқы, шапан, міндетті түрде құда мінетін жақсы ат міңгізеді. Өзге құдалар да ретімен сый құрметке бөленеді. Ал қыз жағынан келген құдаларға да киіт беріледі, бірақ қыз әкесі берген киіттен сәл төмендеу. Өйткені берілген қалың малға да байланысты. Қыз жағынан келетін құдалар саны көбірек болады 1,2 адамға.

Есік көру ( Ұрын келу, Қалындық ойнау, Кінә менде)

Өлтірі өтіп, қалың мал өтіп бола бастағанда қыз жақ күйеу баланың есік көруіне рұқсат  етеді. Егер қалың мал тұтасқа жуық өтпесе, күйеубалаға бұл кеңшілік жоқ. Бірақ бұл аралықта күйеубала бармағанымен, екі жақ араласып жатады. Байлары жорға, жоқтары дорба ауысудан жаңылмайды. Қалыңдық жақтан балалар келсе тай мініп, үлкендері сыбағаларын жеп, ара қайшылысып жатады. Жаңа құда дейітіннің базары да осы шақта. Есік қөргенге дейін қалыңдығын көрмеген күйеулер қазақта көп кезігеді. Күйеуді қойып қайын, қайнаға, ата-ене, жеңгейлерге де келін көрінбей, ұялып, қашқалақтап жүреді. Байқаусызда көріп қалғандары көрімдік беріп құтылады.
Есік көрүге келген күйеудің қасқайып жарықта келуіне рұқсат жоқ. Бүйту – бір жағынан әдепсіздік, екінші жағынан баса көктеп көргенсіздікке барғаны. Сондықтан қасқарая  күйеу келді делінетін  уақытта келуі керек.
Қастың қараюын күтіп бір қалтарыста жатқан күйеуге бұл кезде бірлі-жарым балдыздары барып, атын аударып, алады. «Күйеудің атымен күл тасы» деген осыдан шықса керек.
Күйеуді баса көктетпей,  өстіп келтірудің өзінде үлкен мән бар. Ата-ананы, үлкенді сыйлау, қайын жұртты құрметтеу, бұған қалыптасу жастар үшін аса қажет. Айдаладан тауып алған алтыннан көрі, алты қабат тау астыннан қазып алған алтынның қадірлі болатындай, қалыңдықтың да  зарықтырып көрінгені жақсы, қымбат. Ләйлі мен Мәжнүнде бірін бірі көре алмай, бірге бола алмай  зарыққаны үшін әлемге әйгілі болған ғой. Біздің қазақ ұлы мен қызын Ләйлі мен Мәжнүн құсатып жібермесе де, олардан үлгі алғызуды атам-заманда-ақ білген.  
Ақыры алатын адамы ғой деп күйеубаласын бейпіл қоя берсе, онда оны құдайдың атқаны. Жастарды, баланы тәрбиелеу деп осыны айтады қазақ атаң.
Мал іші індетсіз, ел іші ылаңсыз болмайды. Қызды жеңге, жеңгені теңге бұзатындар да  халық болған соң ара-тұра кезігіп қалатыны болған. Бұл көбінесе мынадай жағдайда кезігеді. Егер қыз өзінен көп жас кісі адамға – ышқырынан асығы түспеген балаға атастырылса, не  өзінен неше мүшел үлкен шалға баратын болса, не көп қатынның үстіне тоқалдыққа кеткелі отырса, шеше мен жеңге астыртын ақылдасып, азды-көпті кеңшілікке барады... Мұндайды бала да, шал да, тоқалалғыш та онша тексеріп жатпайды. Теңіне бара алмай жылап-еңіреп отырған қызына жаны ашыған ана түнді жастанып ит үргізіп, өре құлатып  келген жастарды мұндайда көрмеске, білмеске барады. Мұнысы – «барғанда қай бір жырғағалы отыр, сорлы балам кеткенше еркін болсын» дегеннен туатын кеңшілік.
Ішінде қаншама қара ит өліп жатса да ішкіпірі ішінде жүретін ұяң, бұйығы, шыдамды қыз кәзір қайда.
Анықтап айтқанда, есік көру – қазақта қалыңдықтың дидарын ғана көру. Қайын жұртына барып-келіп  жүруге рұқсат алу ғана. Қазақта өз жұрты, қайын жұрты деген бар. Есік көргенге дейін осы екінші жұртқа рұқсатсыз бара алмайтын шетел сықылды.
Осы жолы күйеуұлды алып барғанда тойдың уақытын белгілейді. Қыздың төсек-орнына қажеттілер сөз болады. Тойды тым жақын уақытқа белгілесе қыз ел-жұртымен, туысымен танысуға аттанады. 

 


Бата-тілек


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник