Жалғыз өркешті түйе (Нар)
Бұрын мал өсіріп, сол өсірген түліктерінің өсімдері мен беретін құнды өнімдерін пайдаланған шаруалар баққан малының қамы үшін шөбі шүйгін, суы мол жерлерге көшіп-қонып жүретін. Сол көшкенде негізгі күш көлігінің бірі жалғыз өркешті нар түйе болған. Мұның бурасын «лөк» деп атайды. Шаруалар осы айтылған нар түйелерді төмендегідей атаған:
Аруана (араб, парсы тілінде—арбана дейді). Нар түйенің ұрғашысы. Мұның денесі ірі, аяқтары жіңішке, жүні тықыр, бұйра болып келеді. Суыққа төзімсіз болғанымен, шыбынға шыдамды келеді, бақырып, жын төгуді білмейді. Салалы емшегі өте сүтті болады. Иық жүндері ұзын, бойы биік келеді. Құйрық ұшының жүні шашақты. Мұны қазақ «шал құйрық» деп атайды.
Бекбатша нар. Қос өркешті түйенің бурасы аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Бұл қоңыр, бұйра тығыз жүнді келеді. Әрі сүтті, әрі күшті болады. Ыстық пен суыққа шыдамды, бақырып, жын төгуді білмейді. Сирақтары жуан, әлді келіп, өркеші шудалы болады.
Қолбатша нар. Бұл атау да ежелден бері түйе түлігіне қолданылып келеді. Біріншіден, кісі арқылы шағылысуын, екіншіден, түліктің таза қанды тегі (атасы) деген ұғымды білдіреді. Нар түйенің бурасы (лөк) қос өркешті түйенің інгеніне шөгерілуінен пайда болған түйе. Мұндай түйе тұқымы күшті, қызыл бұйра боп біткен жүиі өте тығыз болады. Суық пен ыстыққа бекем болып, аштыққа шыдамды келеді. Сүті әрі көп, әрі қою. Олардың сирақтары әлді, табаны лайлы жерден таймайды. Бекбатша нардан мұның айырмашылығы: кісіге аздап жын төгеді, бірақ бакырмайды. Сырт түріне қарағанда бекбатша нарға қолбатша нары ұқсас келеді.
Жамбоз нар. Бекбатша нардың бурасы қолбатша нардың ұрғашысына шөгуінен пайда болған түйе. Бұл нардың ең жақсысы. Саны жуан, денесі жатаған болып келген, әрі сүтті, әрі күшті. Суық пен ыстыққа шыдамды, ешуақытта бақырып, жын төкпейді. Оның өркештері биік болмайды. Кеуде тұсының екі жағында екі тұлымы (айдары) болады. Жүні тығыз, бұйра, түсі боз болады.
Жөнек нар. Бекбатша мен қолбатша нар бурасы аруанаға не жамбозға шөгіп кетуінен пайда болатын түйе тұқымы. Мұны Бұхарда «кең қолтық» деп атайды. Бұл нарға ұқсас болғанымен, сұлу емес.
Қалбағай нар. Жөнек жардың бір тұқымы. Бұл шаруаға қолайсыз, суық пен ыстыққа шыдамсыз: жүні ешкі жүндес келеді. Шудасы болмайды. Оның сүті аздау келеді. Өзі бақырауық, құсаған, өңі жұқа, мойны қысқа.
Қылағай нар. Аруананы жөнектің бурасына пе жөнек нардың ұрғашысын нардың бурасына (лөкке) қайытқанынан пайда болған түйе. Мұның түсі бозғылт, денесі жіңішке сида, сирек жүнді келеді. Сирақтары әлсіз, жіңішке, аяқтары маймақ келіп, ауыр жүк көтере алмайды. Сүті аз, шалыс өркешті болады. Туа салысымен тез аяқтанбайды. Суық пен ыстыққа шыдамсыз. Бақырауық, өзі өте құсаған. Ал, бурасының бойы аласалау, өңі жұқа болады. Бұл қыстың суығы болмай-ақ күздің, көктемнің қара суықтарында ықтырманың түбінен табылады. Сондықтан, бұл түлік нардың ең нашар түрі болып есептеледі.
Оқбақ (соқбақ) нар. Қырысты қоспақты қылағай нар мен қоспақты қылағай нардың бурасын шағылыстырудан туған түйе. Мұның жүні селдір, шудасы аздау. Сирақтары әлсіз, жіңішке. Жон арқасы дөңдеу, бірақ қомы болмайды. Түсі бозғылт. Өзі бақырауық, құсаған. Бойы биік, сымбатсыз. Екі иығының үстінде айдары (зулюф) бар, бурасы кісі алады.
Ләйлік нар. Нар түйенің бурасы лөк пен қос өркештің бурасы аруанаға немесе інгенге шағылысудан барып туған түйе. Түйенің бүл түрі сүтсіз, қылшық жүнді. Емшегі қысқа болады. Ұзақ жолға жарамсыз, әлсіз сирақты, бақырауық, құсаған. Өркеші артына таман бітіп, жалғыз өркеші ат арқалы келеді. Жіңішке денелі, шудасыз, суық пен ыстыққа шыдамсыз болады. Бурасы кісі алады (кісіге қарай шабады, жүгіреді, айбат қылады. Қейде бауырына басып өлтіреді, жарақаттайды).
Әле нар. Нар бурасының (лөктің) таза қандысын таза қанды аруанаға шөгеруден пайда болған түйе. Нардың бұл түрінің шудасы тығыз емес, екі иығында екі айдары (зулюф) бар. Бүркіт тегеурінді, сирақтары әлді, аяқтары орнықты, табаны саздан таймайтын ете күшті, өркеші қомды болады. Бақырып, құсуды білмейді. Емшегі жұмсақ, өте сүтті, өзінен бір көнек сүт шығады. Бурасы кісі алмайды.
Желмая. Нар түйенің таза қанды бурасы (лөктің) әле нардың таза қанды ұрғашысына шағылыстыруынан туған түйе. Бұл өте жүйрік. Жеті күн, жеті түн от оттап, су ішпеуге шыдайды. Бәйге аттарға жеткізбейді. Жүрісіне тұяқ біткен шыдамайды. Шудасыз, тықыр бұйра жүнді. Өмірі бақырып, құсу дегенді білмейді. Саны үлкен, аяқтары жуан, әлді. Ұрғашылары сүтті.
Ләкір нар. Қос өркешті түйенің бурасы аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Нәзік денесіне лайық өзі күшсіз, сиықсыз, жүні тықыр, ат арқалы келеді. Шудасы болмайды, сүті әрі аз, әрі құнарсыз. Ыстық пен суыққа шыдамсыз. Бақырауық, құсаған.
Қисық төс нар. Буыршынның інгенге не буыршынның аруанаға немесе лектің інгенге шағылысуынан пайда болған түйе. Бұл лақ жүнді, шудасыз болады. Сирақтары сида, әлсіз, май табанды келіп, табаны мөрсіз, тайғақ болады. Бақырауық, жатып алғыш, кісіге жын төккіш. Ыстық пен суыкқа шыдамсыз. Бурасының мінезі шадыр.
Бір туар нар. Таза қанды нар түйенің бурасы (лөк) таза қанды қос өркешті түйенің інгеніне, немесе таза қанды қос өркештінің бурасы та- за қанды аруанаға шағылысуынан пайда болған түйе. Мұның бойы өте биік, екі саны мен сирақтары жуан, өте күшті келіп, жүндерінің ұшы бүйраланып, шудасы қысқа, қомды келген, жалғыз өркешінің үстіндегі өркеш шудасы ұзын болады. Мұны «ұзын шуда» деп атамай, «биік дулығалы» деп атайды. Бір туар нар сүт жағынан аруанадан төмендеу, жүкті көп көтеретіндігіне қарағаида, бұдан артық түйе тұқымы болмайды.Үстіне артылған жүгі орнықты келіп, аумайды. Үстіне дұрыс артылмаған жүктің бір жағына қарай шамалы ауған жүгін еркіне жібермей, өркеші берік ұстап тұрады да, сол қисайған түрінде жүгін тарта береді. Өзі ыстық пен суыққа сондай төзімді. Бұрын қазақ халқы бірінен-бірі жақсы аттай көріп қалап алатыны — осы бір туар нар. Әрі жүрісі де ете жылдам келеді.
Үлек нар. Қисық төс нардың ұрғашысын лөкке шағылыстырудан туған түйе. Бұл онша күшті болмайды, сида сирақтары әлсіздеу, жүні бұйралау келеді. Бақырып, құспайды. Бурасы кісі алмайды. Ыстық пен суыққа шыдамсыз.
Қызыл нар. Таза қанды лөкті таза тұқымды аруанаға не бір туардың інгеніне шөгергеннен туған түйе. Мұндай нардың түгі қызылдау, өзі күшті, өркеші артына қарай бейім. Ыстық пен суыққа, шөлге өте шыдамды. Бақырып, құсуды білмейді. Сүті аздау.
Кез нар. Қос өркештің бурасы мен аруананың шағылысуынан туған түйе. Мұны қара нар деп те айтады. Ол нар өркешті келгенімен өркешінің бас жағы айыр, артына таман бітіңкі. Түсі қоңыр, шудасыз, жүні тығыз, аяқтары әлді, күшті. Шөлге, ыстық, суыққа шыдамды. Бақырып жын шашпайды.
Күрт нар. Бұл сөздің түбірі «курд» (ұлттың аты), қазақша «күрт» деп кеткен. Бұл атау тек нарға ғана айтылады. Нардың бурасы аруанаға шағылысуынан туған түйе. Түсі қара, қоңыр, жұқа, қылшық жүнді, шудасыз және денесі сидалау біткен, күшсіз келеді. Өркеші жабысыңқы, ыстық пен суыққа шыдамсыз.
Жардай нар. Екі өркешті түйенің бурасы нарға шөгуден пайда болған будан.
Кердері мая. Лөк пен маяның шағылысуынан туған түйенің ұрғашысын айтады. Бұл жүнсіз, жіңішке денелі. «Кердері» деген алшын тайпасының ертеден белгілі руы, түйе аты осыдан алынған.
Жалғыз өркешті ұрғашы нар түйенің атаулары
Боталы нар түйе. Қасында ботасы бар нар түйе.
Буаз нар. Бурадан қайып кеткен жалғыз өркешті түйенің ұрғашысы он екі айдан кейін боталайды.
Кенже буаз нар. Шағылысу мерзімінен кеш қайып кеткен нар.
Кеш нар. Өз уақытынан бураға кеш шағылысып, өте жай боталайтын нар.
Қайыған нар. Ұрғашы нардың лөкке шөгеріліп кеткені.
Тайлақты нар. Бураға шөгеріліп қайыған нардың былтырғы бір жастан асқан тайлағы арқылы сауылатындары.
Сауулы нар. Ботасын қасқыр жеп, немесе өліп қалып, басқа нардың ботасын телімей, нардың ботасыз сауылатындары. Мұндай ботасыз нар түйе өлген ботасының тұлыпы (терісінің ішіне шөп толтырып бота жасау) арқылы сауылады, кейде тұлыпсыз да сауылады.
Тел нар. Ботасы өлген нар түйеге ботасы өлмеген нардың ботасын телуді, яғни бір ботаға екі нардың ортақ болуын айтады.
Бошалауық інген нар. Шаруаның үйреншікті буаз нар түйесінің жазғы жайлауына, қысқы мекен жайына кетіп қалып, боталайтыны, немесе кісіден сатып алған буаз нардың жерсінбей өзінің үйреншікті жеріне кетіп қалып боталайтыны. Ал, кейбір буаз нар толғақтың қаттылығынан, әрі басқа түйелерден баласын қызғанып, бөтен жерге барып боталайтындарын да айтады.
Шар нар. Боталы нардың орта жастағылары.
Бұзбаша нар. Нар түйенің ұрғашысы төрт жасында лөкке қайығаны, не қайымағаны неғайбыл түйелерді айтады.
Мая (парсы тілінде «мая» деген түйенің ұрғашысы). Жалғыз өркешті түйенің сауылатыны. Бұл тұқым тықыр жүнді болады. Нардың таза қандысы.
Нарша. Үш жастан үлкен, төрт жастан кіші түйе.
Наршашық. Екі жастан үлкен, үш жастан кіші түйенің ұрғашысы.
Нар түйенің бойдақтары
Ту нар. Қысы-жазы мінілмей, өмірі боталамаған жалғыз өркешті түйе.
Қысыр нар. Қайымай қалған, немесе бураға шағылысып кетіп бота тастаған нар.
Нар тайлақ. Жалғыз өркешті түйенің бір немесе екі жастағысы.
Нартөлтайлақ. Екі енені бірдей еміп жүрген бір немесе екі жастағысы.
Тайлақша. Басқа боталардан кеш туып, екі жасқа нақты толмағаны. Мұның тайлақтан уақыт жағынан бір-екі ай ғана кемістігі болады.
Кенже нар тайлақ. Жас жағынан қарағанда нар түйенің ұрғашы тайлағы мен тайлақшасынан үш-төрт ай кішілері.
Шөже бас нар. Бір туардын басқа түйемен араласпаған түрі. Бурасы кісіге айбат қылады.
Қылағай нар. Жөнектің бурасына аруананы не лөкті жөнек нардың ұрғашысына шағылысқанынан туған нар түйе. Бұл асыл тұқым саналмайды.
Астаубас нар. Бір туар нардың ішіндегі ірі, сүйектісі.
Жапырық нар. Жалғыз өркешті келген нар түйенің өркеші бір жағына қарай қисайып, жатып қалған түрі.
Еркек нар түйенің атаулары
Халқымыз жалғыз өркешті нар түйелердің еркегін екіге бөліп атаған. Ал оларды тұқымына қарай әр түрде айтатын болған.
Үлек. Таза қанды нар түйенің еркегі.
Лөк (үлек). Парсы тілінде лөк — тықыр жүнді түйе деген сөз, республикамыздың кейбір жерінде үлекті осылай атайды. Бұл нардың таза қанды бурасы.
Лөкше. Нардың жас бурасы.
Нар буралары. Үлек, лөк, буыршын, шабынған бура, т. б.
Нар бура. Бір туар нар мен қоспақ нардың піштірілмеген бурасы.
Жоңбай бура. Еркек нар түйенің шатыс түрлерінен келеге түскен жас бура.
Шақа нар бура. Маңынан кісі жүргізбей, адамды көргенде шабынып, буырқанып мінез көрсететін бура.
Жараған нар бура. Күйі келіп, ұрғашы нар түйеге шағылысуға бет алғандары. Нардың буралары қантардың басынан, мамырдың басына дейін шағылысады. Лөк 30 аруанаға дейін шағылысып қайытады. Нар бураның жақсылары он сегіз, жиырма жасқа дейін шөгуге жарайды, інгендері жиырма- жиырма екі жасқа дейін күйі келіп бураға шағылысады. Нар бура бір ай жарап от оттап, су ішпейді. Қамшыдай қатып қалады. Түйенің қай түрі болса да қысқы тоғысында (ақпан) қайитын болады. Ұрғашы нар түйе төрт жасында бурадан қайып кетіп, бес жасында боталайды да, еркегі бес жасында буралыққа жарайды.
Белгісіз нар бура. Піштірілмеген еркек нар түйенің інгенге шағылыса алмайтындары.
Шартық нар бура. Жалғыз өркешті нар түйенің еркегін піштіргенде, екі енінің бірі кесілмей қалып қойғаны.
Шабынған бура. Бураның ақпан, қаңтар айларында бауырынан жарап күйі келгені.
Аю нар бура. Әбден жараған кезінде көш жерден ұмтылып, жаяу адамды шайнап өлтіреді де, салт атты кісіні қуып жетіп, ат үстінен алып, тізелеп, өлтіретін қызыл көз, ызақор, өмірі кісіге қарай шабынып тұратын түйені айтады. Ондай бураның аузынан темір құрсау алынбайды.
Дәу нар бура. Жалғыз өркешті нар түйенің ішіндегі аса ірісі.
Еркек нардың бойдақтары
Құр атаннар. Піштірілген жалғыз өркешті түйенің бір майы бір майына қосылып, әбден семірген 6—9 жастағылары.
Төл атан нар. Жасынан шаруаның қолында бағылып-өсіріліп, піштіріліп жіберілгені.
Ақта үлек. Таза қанды нар бурасының піштірілгені.
Ақта нар. Шатыс нар түйенің піштірілгені.
Атан нар (нар атан). Піштірілген нардың 7—10 жасқа келгені.
Атанша нар. Піштірілген түйенің бес жастан асқаны.
Азған атан нар. Нар түйенің кестірілген еркегінің мініліп, ыстық-суықты болып, жүдей бастағаны.
Ығыратан нар. Піштірілген нар түйенің жұмысқа мініліп, қажып шаршағаны.
Жардай атан нар. Піштіріліп бос жіберілген үлек нар түйенің өте майланып семіргені.
Басты бет Дәстүр Тағам Ұлттық Ойындар ЖігіттіңҮшЖұрты Қолөнер Әндер Ырым-Тыйым Бата Жұмбақ М.Мақатаев ШешендікСөздер Ертегі ТөртТүлік Қазақтар Абай Кочевник