Қой
Үй қойларының ата-тегінің үш түрлі атауы бар. Олар муфлон, арқар (немесе аргал) және жабайы қыр қойлары болып табылады. Олардың ертеде қолға үйретілгендерінен үй қойларының түрлері пайда болған.
Жабайы қойдың көз алды мен бақайының аралықтары безді келіп, басы құйқалы, жазық маңдайлы болады. Қошқарлары иір мүйізді, ірі, қылшық түкті, дөңгелек құйрықты, сида, ұзын сирақты. Олардың қысқы қоректері ағаш қабықтары мен көк шырпылар және құрғақ шөптер. Басқа түліктерге қарағанда, қой қолға үйретуге өте қолайлы келген.
Жабайы қой тұқымдарын адам баласы көптеген уақыт алып, бағып-қағып қолға үйретті, үй қойы етіп, жерсіндірді, ауа райына көндіктіріп, дағдыландырды, содан қой түлігі атанды.
Қолға үйренген үй қойларының да тұқымдары әр түрлі болып келеді. Солардың бірі — қазақы қой.
Қазақы қойлар бертін келе тұқымдарына қарай, өскен жеріне, тұқымына, өсімталдығына, түр-түсіне, жүніне, құйрық, бас, құлақ, бітістеріне, жасына, мінез-әдеттеріне, тағы басқадай ерекшеліктеріне байланысты аталған. Мысалы: шаруалар қойды жасына қарай: үлкен (сақа) қошқар, азбан, ісек, дөнен қой, құнан қой, саулық, тұсақ, тоқты, марқа қозы деп атаса, жынысына қарай; еркек қой, ұрғашы қой, (тоқтышақ), еркек тоқты, ұрғашы тоқты, еркек марқа, ұрғашы марқа, еркек қозы, ұрғашы қозы, т. б. деп атайды.
Қойға қойылатын атаулар
Күй жайына, төлдеу уақытына, жынысына, жасына, сауылуына, желін, емшек бітісіне, дене бітіміне, шағылысу мерзіміне, мінезіне және жүн бітісіне байланысты болып келеді.
Күй-жайына қарай аталуы
Ту тұсақ қой. Бұл атаудың бірінші сөзі — тұсақтың қошқарға шағылыспай қалған, шағылысса да, төлдемегенін көрсетеді, ал екінші сөзі ұрғашы қойдың екіден үшке шыққан жасын білдіру үшін қолданылады.
Бағылан қой. Бұл атау қойдың аса семіргенін, куйлілігін білдіреді.
Шүйделі қой. Қойлардың күзге қарай семіріп, желке майы шығыңқырап кеткені.
Көмген (олжа) қой. Бұл атау жазға қарай қырқылып тірі жүні шығып жетілмей жүрген арық қойлардың қатты қара жаңбырлы күндері, жерге басын шығара құрғақ топырақпен су өтпейтіндей етіп көміліп, жауыннан аман алынып қалғанын білдіреді.
Сары тіс қой. Қойдың қошқардан қысыр қалмай, төрт-бес қоздаса да азбайтын, сүті бірқалыпты болатын, кысқа төзімді келетіні.
Төрт тісті саулық. Бұл атау біріншіден, саулықтың қошқардан қысыр қалмай төрт қоздағанын білдірсе, екіншіден, төрт төлдеген соң, сүті қайтып, арықтап кәртейетін, тұқымы жаман деген мағынада айтылады.
Төлдеу уақытына байланысты аталуы
Күйек қашқан қой. Саулық қойдың қараша айында кошқардың беліне байланған киіз күйегі алынғаннан кейін, шағылысып кеткені.
Арамза қой. Қойдың мерзімінен бұрын қошқарға шағылысып, қыс ішінде қоздайтыны.
Жынысына байланысты аталуы
Саулық қой. Үш жастан жоғары төлдейтін қой.
Сауулы қой. Қозысы өліп немесе қозысын қасқыр жеп қойған саулық қойдың қозысыз сауылатыны.
Қортық (шартық) қошқар. Бұл атау тұқымы жаман, қошқар болуға жарамсыз деген мағынаны көрсетеді.
Тоқты қошқар. Бұл тоқтының жас қошқар екенін көрсетеді.
Жасына байланысты атаулар
Күйек қозы. Біріншіден, қошқардың беліндегі күйегі (тоқымдай киіз) алынғаннан кейін, шағылысуынан пайда болған төлді білдіреді, екіншіден, мерзімінде (уағында) туған қойдың алты айға дейінгі қозысы деген мағынада қолданылып тұр.
Сары аяқ марқа. Бұл атау, біріншіден, тамыз, қыркүйек айларында туған қозыны білдірсе, екіншіден, оның сәуір, мамыр айларындағы туған қозыдан бұрын есейіп, өсіп, жетіліп піскен семізі, жеті-сегіз айға толған ірісі, үлкені деген мағынаны білдіреді.
Лақ қозы. Алты айға толған жас қозысы өлген қойға теліп жіберілгені.
Бағлан қозы. Ерте туып, жақсы семірген қозы.
Сауылуына байланысты атаулар
Үріптеу (үріптей сауу). Қойдың қозысы емізілмей сауылуы.
Жебу (жебей сауу). Қозыны емізбей тұрып, бір рет сауып алып, сосын көп уақыт өтпей екінші рет сауылатыны.
Астынан идіру (идіріп сауу). Қойды үріптеп алғаннан кейін, қозысын емізе отырып, идіріп сауу.
Жанай идіріп сауу. Қозыны еркін емізіп қоя бермей, жанастырып "барып, қой исінген кезде саууды айтады.
Желін мен емшек бітістеріне байланысты атаулар
Сапты аяқ (сопақ) желін. Сапты аяқ тәрізді қойдың желіні.
Кесе желін. Қойдың желінінің төңкерілген кеседей болып біткені. Бұл атау теңеу ретінде айтылады.
Талтақ емшек қой. Қой емшегінің бітісі екі жағына қарай қисая біткенін, алшақтығын білдіреді.
Түймелі (қос) емшек қой. Бұл атау қой емшегінің жанында немесе түбінде емшек тәрізді келген кішкене түйме емшексымақтың барын көрсетеді.
Дене бітісіне байланысты атаулар
Үкі бас қой. Қойдың қозы күнінен бастап, бос жүндері үкінің басына ұқсас ербие түсіп, екі шекесінің үстін ала тіктеу шыққан кішірек екі айдары барын білдіреді.
Тұлымды қой. Бұл атау қойдың екі шекесінің үстін ала мүйіз орнына тұлым сияқты біткен ұзындау, екі көзін баса келген жалбыраған жүні бар деген мағынаны білдіреді.
Түймелі қой. Қойдың тамақ терісінің сыртын ала пайда болған жұмыр түйме тәрізді екі қатар біткен салпыншақ кішкене түймедей безі бар деген мағынада.
Шұнақ қой. Бұл қойдың екі құлағы өте кішкене бүрісіңкі келгенін білдіреді.
Салпаң құлақ қой. Қойдың құлағы ұзын келгені.
Үш мүйізді қой. Әдетте, қойда екі мүйіз болады. Кейде тым сирек болса да үш мүйізді қойды кездестіреміз. Осыған қарап «үш мүйізді қой» деген атау қалыптасқан.
Топал қой. Мүйізі жоқ қой.
Арқар мүйізді қой. Бұл қойдың (қошқарының) жабайы ата-тегінің мүйізіне ұқсас біткен мүйізі бар деген мағынада.
Тегене құйрық. Қойдың құйрық бітісі аумақты болып, тірсегіне жетпей, белдемесінен ұштаса (тұтаса) келіп, үлкен тегенеге ұқсас екенін білдіреді.
Қалақ құйрық. Бұл атау қойдың құйрық бітісі жалпақ қалаққа ұқсас жұқалау келіп, тірсегіне түспей, тек санының ойынды етін баса, кемерлене келгенін білдіреді.
Таңқыш (таңқы) құйрық. Бұл атау қойдың бітісі жар қабақтау келіп, белдемесіне таман бейімделіп тұрғанып білдіреді.
Салпы құйрыққой. Құйрығының түп жағы жіңішкелеу болып белдемеден төмен түсе бітіп, төменгі екі жаны сыртына қарай шығыңқы келіп, тірсегін немесе санын соға біткенін білдіреді.
Шағылысу мерзіміне байланысты атаулар
Тоқты қашқан. Ұрғашы қозының күйлігінен алты айында қошқарға шағылысып, бір жасында қоздағапын білдіреді.
Арамза қашқан. Бұл атау біріншіден, «уақытынан бұрын» деген ұғымды білдірсе, екіншіден, қошқарға шағылысып (қашып) кеткен, ерте қоздайды деген мағынада қолданылады.
Жүн бітісіне байланысты атаулар
Тірі жүн. Қойдың қалың болып ұйысқан қысқы жүнінің астынан жаз шыға жаңадан шыққан жүнін және сол ұйысқан жүнінің көтеріліп қырқылғаннан кейін шығып келе жатқан жүні.
Боздақ. Қойға қарата қолданғанда, оның «тірі жүн» деген мағынасында.
Өлі жүн. Қойдың қырқылатын уақытқа дейін түспеген, біріне-бірі жабысып қалған ұйысқақ жүні. Өлі жүн мата жасауға жарамсыз келеді. Ол морт, қатты болады, бояу алмайды.
Жабағы жүн. Қойдың терімен, шайырымен өзара кірігіп, ұйысып тұтасқан жүні.
Биязы жүн. Өте майда, жұмсак, әрі созыл- гыш, әрі мықты келетін қойдыц жүні.
Қозы жүн. Биязы жүнді қойдың бір жасқа дейінгі қозыларының жүнінде кездесетін талшықтар. Қозы жүн өте ұзындығымен, талшықтарының жуандығымен және бұйрасынын аздығымен көзге түседі.
Жабын жүн. Қойдың сирақтарында, жақтарында, құйрығы мен құрсағында өсетін қыска, тықыр жүні.
Күзем жүн. Қой мен қозының күз айында (қыркүйекте) қырқылатын жүні.
Қарын жүн. (кіші күзем). Қозының туғандағы жүні. Маусым айында қозының ең алғашқы жүні қырқылады, бұл қарын жүн деп аталады.
Күзем айы (үлкен күзем). Қыркүйек айы. Бұл айда қойдың жабағы жүні мен қозының қарын жүнінен кейін тағы қырқылады.
Күйек айы. Қараша айы. Ертеректе осы айдың он-он бесінде қошқардың беліне байланған күйегін алатын болған. Ал қазіргі уақытта қошқардың күйегін қазанда немесе қарашаның бірі мен бесі аралығында алған.
Төл айы. Сәуір, мамыр айларын айтады.
Қойдың топ-түрлеріне байланысты атаулар
Қойды негізінде төмендегідей үшке бөліп айтады:
- Ұрғашы қой.
- Еркек қой.
- Қозы.
Осы үш топқа бөлінген қойларды (қозыдан басқаларының әрқайсысын) өзара екіге бөледі.
Ұрғашы қойлар:
- қозылы қойлар;
- ұрғашы бойдақ қойлар.
Еркек койлар:
а) қошқарлар;
б) еркек тоқтылар, ісектер.
Ұрғашы қойлардың атаулары
Саулық қойлардың атаулары:
Саулық. Қоздайтын қойлардың барлығын осылай айтады.
Буаз қой. Күзде қошқарға тоқтап (шағылысып) кеткен қой. Қашып кеткен қой бес ай он күнде төлдейді.
Саулық қой. Қозысы бар немесе қозысыз сауылатын қой.
Қозылы тұсақ. Қозысы бар ұрғашы тоқтының екі жастан асқаны.
Қозылы тоқты. Ұрғашы тоқтының қошқарға шағылысып кетіп, бір жасында қоздағаны.
Тоқтылы қой. Сәуір, мамыр айларындағы төлдеген қойдың қозысы алты (қыркүйек) айға толғаны.
Шар саулық. Қозысы сойылып, немесе өліп басқа қойдың қозысына телінбей семірген орта жастағы қой.
Кенже тоқты. Ұрғашы қозының кошқарға кеш шағылысып, бір жасында (мамыр айының аяғында не маусым, шілде айларының ішінде) төлдегені және кенже туған қозының алты айдан асқаны.
Алты тісті саулық. Қойдың қошқардан қысыр қалмай, бес-алты қоздайтыны.
Сары қарын (саулық) қой. Саулық қойдың жеті-сегіз қоздағаны.
Шар қой - «шар саулықтың» мағынасымен бірдей.
Төл қой деп қозысы өлген қойды басқа қойдың қозысына телігенін айтады.
Тоқтаған қой. Қошқарға тоқтап, қашып кеткен қойды және он екі жасқа келген қойдың қошкарға шағылысканда коздамайтындығы. Қой он екі-ақ жас жасайды.
Ұрғашы бойдақ қойлар
Бойдақ қой. Қозы тастаған қысыр саулық, тұсақ, тоқтылар.
Қысыр қой. Кез-келген жастағы шағылыспаған, не шағылысып, буаз болмаған қой.
Қысыр саулық. Ұрғашы сақа қойдың қоздап жүріп, қошқарға шағылыспай қалғаны.
Қысыр тұсақ. Екі жастағы қойдың қошқарға шағылыспай қалғаны.
Тұсақ. Ұрғашы тоқтының екі жастағысы.
Шайлаған қой. Қыстан семіз немесе бордақыланып шыққан қой, жазда денесі өте майланып саулық, тұсақ еркек қойлар шілде, тамыз айларында және күзге қарсы өз денесін көтере алмай, аяғын басудың өзі қиындап, жүре алмай жатып қалады.
Тұмса тұсақ. Ұрғашы тоқтының екі жасқа толып, қошқарға шағылысса да қоздамағаны.
Жантық (жантақ) қой. Арқасы жайылыңқы, жалпақ денелі, бауырынан төмен түсе келген сапалы ұяң қылшық жүндес келіп, желке жүндері көздерін баса түскен бойы аласа қой.
Бұраң қой. Енесінің ішінен бұраң бел туып немесе қойға қасқыр шапқанда, үстінен аттап кетуінен қойдың белінен шойырылып қалып, жүргенде қиралаңдай жүретіні.
Еркек қойлардың атаулары Қошқарлар
Iсек қошқар. Үш жасар еркек қойдың піштірілмегені.
Қойдың кені. Қошқардың ішіндегі ең жақсысын айтады. Оның қозысы тез өсіп, тез жетіледі.
Қошқар. Қойдың жыныстық қуаты жетілген еркегі 4—5 айлығында еркек қозының жыныстық қуаты жетіле бастайды. Осы кезде олар ұрғашы тоқты мен саулықтан бөлінеді. Қошқар қоюға белгіленген еркек тоқтылар іріктелініп, бір жасарында ерекше күтімге салынады. 1,5 жасында саулыққа қосады. 50—100 саулыққа бір қошқар жіберіледі.
Еркек бойдақ қойлардың атаулары
Азбан. 6—7 жасқа келген қошқардың ауырлығына немесе ұрығының тұқымсыздығына байланысты пііштіріп жіберілгені.
Iсек. Еркек қой немесе қошқардың үш жастағы піштіріп жіберілгені.
Ақ (шал) ауыз қой. «Азбан» мағынасында.
Тоқты. Алты айға толған еркек, ұрғашы қозыларға ортақ ат.
Қозы атаулары
Қозы. Қойдың жаңа туған жас төлі.
Мәйекті қозы. Енесінің ащы уызы мен жай уыз сүтін тоя еміп тез жетіліп өскен төл.
Көбе (кепе) қозы. Қыс ішінде туған қозының марқайғаны.
Қауқа қозы. Қойдың мерзімінен бұрын қыс ішінде төлдеген қозысының дұрыс күтіліп-бағылмауынан барып, жүдеу болып, сырт жүндері ірімтіктелініп, бас жүндері үрпиіп, арып өскені.
Күн тімес қозы. Мерзімінен кеш туған, далаға шығармай үйде немесе қорада бағылатын қозы.
Көрпелдеш қозы. Мерзімінен кеш, майдың аяғында, маусымның басында, ортасында немесе шілде айының бас кезінде туған қозы.
Көпей қозы. Бұл «көрпелдеш қозы» деген мағынада.
Бөдене қозы. Кенже туған (ұрғашы, ия еркек) қозыиың кішкеие денелі, жатағаны.
Қодыға (құдіре) деп қойдың өз уақытынан бұрын, қыс ішінде төлдеген қозысы күзге қарай тоқтыдан үлкен, ісектен (екі жастағы ісектен) кіші келгені аталады.
Арамза қозы. Күйек айынан бұрын қашып кетіп, қоздаған қойдың қозысы.
Марқа қозы. Мерзімінен бұрын туған қойдың қозысы. Сәуір, мамыр айларындағы төлдеген қозыдан үлкен, тоқтыдан кіші келгені.
Күйек қозы. Сәуір, мамыр айларында қоздаған қойдың қозысын айтады.
Бағлан қозы. Өз енесі мен екінші телінген енесін емін-еркін еміп, өте майланып сүбеленіп семіргені.
Бұзау қозы. Бұзауы өлген сиырға телінген қозы.
Еркек қозы. Қойдың еркек жас төлі.
Ұрғашы қозы. Қойдың ұрғашы жас төлі.
Қошақан. Қойдың жас қозысын жақсы көріп еркелетіп айтылған сөз.
Жетім қозы атаулары
Жетім қозы. Енесі өліп, жетім қалған қозы.
Тірі жетім. Желіндемей төлдеген қойдың қозысы. Отыққанша өзі сүтті, жалқы қозысы бар қойға жағыстырылған немесе енесі жеріп емізбей кеткен қозы.
Жалқы жетім. Енесінен жалғыз туып, енесі өліп, артында қалған қозы.
Сыңар жетім. Енесінен егіз туып, енесімеп қоса сыңары өліп, жалғыз қалған қозы.
Қос жетім. Енесі өліп, артында қалған егіз қозы.
Қойдың мінезіне байланысты атаулар
Тағы (жабы) қой. Еркек қойлар мен ұрғашы қойлардың (тұсақ, саулық, т. б.) жуырмаңда қолға ұстатпайтындары.
Жанбақы қой. Тыпыршып сауғызбайтын, жетекке жүрмейтін тырысқақ, қашаған қой.
Жеруік қой. Өз қозысын үнемі жатырқап емізбей, тек телу арқылы емізетін қой.
Қатыбас қой. Қозысынан жеріп, мүлде емізбей кететін немесе өз қозысын телу арқылы емізетін қой.
Бедіреуік қой. Сауғанда иімейтін және қозысы арқылы емізіп идірсе де ешқандай сүт бермей, тек қозысына ғана иіп, емізетіні.
Жанасқы қой. Үнемі көгендегі қозысының жанына кеп емізіп тұратыны.
Қаныпез қой. Сауғанда тыныш тұрмай, тебініп, шапшып тұратын, басын ұстап сауғызып тұрған кісіні тосыннан жұла (ала) жөнеліп, сауып отырған адамды шелегімен жығып, сүтін төгіп кететіні.
Балажан қой. Үнемі өз қозысымен бірге басқа қозыны да жерімей қоса емізіп жүретін және өз қозысы өлсе, басқа қойдың қозысын телімей-ақ емізіп кететіні.
Заржақ қой. Үнемі қозысын іздеп, жағы сенбей маңырайтын, үйір сұрай беретін, кісіден алған қойдың басқа қойға қашан үйір болғанша өзінің үйірін іздеп маңырай беретіндері.
Жуас қой. Қөгендегенде де, сауғанда да тыпыш тұратын қой.
Тарпаң қой. Кісіні көргенде алдыңғы екі аяғын тартып, осқырынып, елегізіп тұратын қой.
Шадыр қой. Маңына ешбір қойды сүзгілеп жуытпайтын қой.
Ақ көңіл (көңілшек) қой. Сауғанда сүтін барынша иіп беретіні.
Қозының мінезі және жүріс-тұрысы туралы атаулар
Қомағай (ашқарақ) қозы. Енесін еміп жатқанда, емшегінен сүт шығып, қашан аузына емін-еркін барып қарқындағанша, маңырай түрткілеп, еміп жататын қозы.
Тіленшек қозы. Үнемі әр қойға жағыстырылып өсірілген қозы, басқа қойды емізіп, тойындырсаң да, қыр соңынан қалмай, маңырай еріп жүретіні.
Сұғанақ (түртіншек) қозы. Жасынан енесі өлген немесе енесі жарытпағандықтан өз бетімен көрінген қойды бір түртіп кетіп жүргені.
Иірілу (иіріліп жайылу). Ыстық күндерде шыбын-шіркейден қорғану үшін, қозылардың от оттамай, бастарын төмен сала бір-біріне тығылысып, топ-топ болып тұруларын айтады. Кейде олар ыстық күндері бір-біріне тығылыса жүріп жайылады.
Күйездеу (үйездеу). Өте ыстық күндерде шыбын-шіркейден қорғалақтап, қозылардың бастарын төмен түсіре бір-бірінің көлеңкесіне тығылыса иіріліп тұруларын айтады.
Ескерту: Иірілу (иіріліп жайылу) мен күйездеу (уйездеу) әрекеттері қой, ешкі, жылқы түліктерінде және олардың төлдерінде де болады.
Қойды сауу мен қозыны емізуге байланысты атаулар
Идіру. Әуелі қойды қозысыз сауып, екіншісін- де, қозысы арқылы емізіп барып сауу.
Жамырау. Сауылу уақытынан бұрын енесін көріп қойып, қозылардың жапа-тармағай емуі.
Жамырату. Жебей сауылып болған қойға, бағылып жүрген қозыны айдап кеп, не көгеннен ағытып енесіне жіберу.
Табысу. Сауылып болған саулықтар мен жайылыста жүрген қозыларды немесе кегеннен ағытып енелеріне жіберілгенде, әрбір қозының өз енесімен кездесуі.
Қосақтау. Қозылы қойдың сауылатындарын біріне-бірін қарсы қойып, арқан ілмегімен тізбектеу.
Жағыстыру. Қозысын жарытпайтын сүті аз жалқы, яғни егіз тапқан тұсақ немесе кәрі саулық қойдың қозысын сүті әрі мол, әрі жұғымды жалқы қозысы бар қойға мойнынан көрсетпей ұстап, өз қозысымен бірге емізу.
Ауыздандыру. Қозысын шаранасынан құрғатып емізбей, тастап кететін жеруік немесе қытықшыл қойды әрқашанда бір кісі басын ұстап, екінші кісі қозысын баурына апарып, емшегін аузына салып емізуі.
Түнету. Сауылып жүрген қойлардың сүті азая бастаған уақытта қозыларын екі-үш күнде бір рет енелерімен бірге жатқызу немесе енелерімен бірге екі-үш күнде бір жіберіп алып тұру. Мұны кейде «бірге салу», «бірге жіберіп алу» деп те атайды.
Ескерту: 1. Құнарлы, құнарсыз, тартымды, тартымсыз, сүті жақсы, сүтті, сүтсіз, ақты, сүті қайтқан, сауылған, көзіккен, тіліккен, ақ тамыр, ақ тандыр, кепкен, қожыраған, т. б. деп биеге де, түйеге де, сиырға да, ешкіге де айтылады.
2. Қатпа, жасық, көк бақа, көтерем деп барлық түліктерге айтылатын ортақ атаулар.
Еркек қойларды піштіруге байланысты атаулар
Тарттыру. Қошқар қойылмайтын еркек қозылар мен кәртайған, тұқымы жаман туатын қошқарлардың қуының тамырын тартып, үзіп жіберу.
Соқтыру. Бұл да сол мағынада айтылады.
Кестіру —«тарттыру» мағынасында.
Күйек аудару. Қошқардың беліне байланған күйегін шешпей, күйектің астыңғы жағын (етегін) қошқардың астына қарай түре қайырып жіберуі.
Ескерту: тұмба, қағанақ, шарана, ақ тон, шу деп биеге де, түйеге де, сиырға да, қойға да, ешкіге де айтылатын ортақ атаулар.
Қойдың үні мен басқадай әрекеттеріне байланысты айтылатын атаулар
Мекірену. Қойдың жаңа туған қозысын шаранасынан құрғатқанда, емізгенде, мейірленіп иіскегенде, қозысы өзінен ұзаңқырап кеткенде, үстіне шығып ойнақтаған кездерде, кеңсірік арқылы шығаратын үні.
Маңырау. Қойдың қозысын, үйірін іздегенде, көп қойдан бөлініп қалғанда шығаратын үні.
Ескерту: 1. Күйсеу, жусау, алдынан жату, артынан тұру, жылқышылап тұру, аунау, үйелеу деп түйеге де, сиырға да, қойға да, ешкіге де айтылатын ортақ атаулар.
2. Қар, ала, ақ, қара ала, қарабас, қара қасқа, қара мойын, қызыл, боз қасқа, сарыбас, қызылбас деп жылқыға да, сиырға да, ешкіге де, қойға да айтыла береді. Жылқы бөлімін қараңыз.
Қойдың құлағына салынатын белгілерге байланысты атаулар
Ен. Малдың біреуге меншіктісін екінші біреудікінен айырып тану үшін, құлақтарына пышақпен кесіл, тесіп салатын белгі.
Құмырсқа ен. Қойдың екі құлағының ұштарына немесе құлақтың алдынан және артынан кесілген белгі.
Ойық ен. Қойдың екі құлағының алдыңғы жақтарынан не артқы жақтарынан оя кесіп алғаны.
Тесікен. Қойдың екі жақ құлағының ортасынан деңгелектей кесіліп алынғаны.
Ойық тесік. Қойдың бір құлағы ортасынан, екінші құлағы алдыңғы жақ шетінен, немесе артқы жақ шетінен оя кесіліп салынған белгі.
Кесік ен. Қойдың екі құлағының ұшынан шорт кескені.
Сыңар кесікен. Қойдың екі құлағының ұш жақтарынан шорт кесіп алынбай, тек бір құлағының ұшынан шорт кесілгені.
Тілік ен. Қойдың қозы күнінен бастап, екі құлағының ұшынан кішіректеу тілініп жіберілгені.
Кезен. Қойдың екі құлағының арт жақтарынан кішірек етіп көлдепең тілініп жіберілгені.
Сара тілік. Қойдың екі құлағының ұшынан кішірек қып тілініп салынбай, сол немесе оң жақ құлағынан үлкенірек тілініп салынған жалғыз тілік.
Сырға ен. Қойдың екі құлағының арт жағынаң жоғарыдан төмен қарай оя кесіп салбыратып қойғаны.
Солақ ен. Қойдың екі құлағының артқы жақ немесе алдыңғы жақ ұшын ала тік бұрышты немесе сүйірлеу бұрышты етіп, кесіп салған белгі.
Қиық. Қойдың екі құлағының алдыңғы немесе артқы жағын ала ұшына таман қиғаштай тілініп салынған белгі. Мұны кейде «сыңар қиық ен» деп те атайтын болған.
Тесік тілік. Қойға ен салғанда, екі құлағының бір жақ ұшынан тілік, екінші жақ құлағының орта тұсынан оя кесіліп салынған белгі.
Ойық тілік. Қойдың екі құлағының бірін ұшынан тіліп, екіншісін арт жағынан не алдыңғы жағынан ала оя кесіп салған белгісі.
Қос сыңар тілікті ен. Қойдың екі құлағының бір жақ ұшынан бір тік тілік, екінші жақ ұшынан екі тік тілік салынғаны.
Сетік ен. Қойдың құлақтарына қозы күнінен бастап салынған тілік.
Ескерту: қойға салынған ен басқа түліктерге де салынады.
Қой туралы айтылатын одағай сөздер
Шай былай. Қойдың теріс өріп немесе шашау шығып бытырап бара жатқанын қайырарда қолданылатын сөз.
Шай-шай. Қойлардың қасқырдан, иттен немесе басқа бірдемеден үріккенін басып, адамның барлығын білдіріп, қой-ешкінің қозыларының бірін- бірі іздесіп, шуласып, маңырасқанын басу үшін айтылатын сөз.
Шай- ш ай, ай (ой). Қойдың тосыннан-тосын үріккенде, олардың үріккенін басып, тоқтату үшін айғайлап айтылатын сөз.
Пытшай-пытшай. Қойды қозысына шақырарда қолданып айтатын сөз.
Пішәт-пішәт. «Пытшай-пытшайт» мағына- сында қолданылатын одағай.
Тіпше- тіпше. Жем жеп үйренген қойды жемге шақыру үшін қолданылатын сөз.
Қодшы- қодшы. Қашаған қойды немесе басқа қойды тұрған орнынан тапжылтпай (қашыр- май) тоқтатып, ұстау үшін қолданылатын сөз.
Құрай-құрай. Қой мен ешкіні суару үшін қолданылатын сөз.
Қуай-қуай. Қой мен ешкіні суару үшін қолданылатын сөз.
У-у а қ-у-у а қ. Қой мен ешкінің шашау шығып, бытырап жайылып, ұзаңқырап кеткендерін шопан өзіне қарай тез үркіте қайырып, жинақтау үшін қолданылып айтылған сөз.
Қырһай-қырһай. Қой мен ешкіні қораға қамарда қолданылып айтылатын сөз.
Үрейт соқ-соқ (үркіт соқ-соқ). Қошқарды бір-бірімен өштестіріп сүзістіру үшін айтылатын сөз.
Қод-қод. Қошқарды күйі келген саулыққа кезіктіру үшін және мазақтай, ашуын келтіру үшін айтылатын сөз. Ашуы келген қошқар байқаусыз тұрған кісіні шегініп, барып-барып, жүгіріп кеп басымен қойып жібереді.
Топалаң (қара түйнек, қыл құрт) келгір. Қойға айтылатын қарғыс сөздер.
Құрайт-құрайт. Өрістеген қойды қайыру үшін қолданылатын сөз.
Ир-һайт, ыр-һайт (райт). Қойды суға тоғытқанда немесе тоғытарда айтылатын сөз.
Қойда болатын аурулардың атаулары
Топалаң. Сибирь язвасының қазақша аты. Бұл ете жұқпалы ауру. Ауру көбінесе жаз айларында кездеседі.
Күл. Вирус тектес жұқпалы ауру. Онымен ауырған қой қыздырмаға ұшырап, терісі мен кілегей қабығына бөрткі шығады. Ал вирус ауру мал арқылы жұғады. Қоздырғыш дені сау малдың терісі мен кілегей қабығына вирус жұққан шаң-тозаң, азық және су арқылы тарайды.
Сарып. Қойдың бақайларының арасынан ісіп шығатын ауру.
Секіртпе. Ұлтабар мен ащы ішектің ішкі қабығын қанталатып зақымдайтын ауру. Өте жұқпалы ауру.
Сары буын. Тек қой мен ешкінің буыны ісіп, буынның арасын сары су ала ауыратын аурудың аты.
Бөгежек (жауырынтақ). Қой мен ешкінің төрт аяғынан бірдей алып, ауыртып жүргізбейтін ауруының аты.
Шойырылма. Қой мен ешкінің белінен шойырылма болып ауыратын аурудың аты.
Баспақ. Қой мен ешкінің мұрны бітіп ауыратын аурудың аты. Бұл аурудан қой мен ешкі көбірек ауырады.
Қызыл шу (іш тастау). Қой мен ешкінің немесе барлық түліктердің іш тастайтын ауруы.
Қара түйпек. Қойдың ішегінің түйіліп ауруы. Мұнымен төрт түлік малдың бәрі де ауырады.
Алаң. Қойда болатын топалаң ауруының бір түрі.
Жарғыш. Қойдың өзінен-өзі іші жарылып өлетін ауруының аты.
Көнтақ. Қойдың сырт жүнінің арасы қалың күс болып, жүні түсіп қалатын қышыма.
Қара сүйел. Қойдың аузына немесе аяғына шығатын сүйелді айтады.
Ескерту: бұдан басқа қойдың өкпе аурулары, бауыр аурулары, желінсау, індет, жегі, жұғымтал сүйел, бауыр құрт, айналма, бершімек (эхиноккоз), жүрек етінің қабынуы сияқты, тағы басқа да толып жатқан аурулар бар.