Ешкі

Үй жануарларының ішінде ешкі Орта Азияда біздің дәуірімізге дейінгі 5700 жылдың ішінде үй жануарларының қатарына қосылып, қолға үйретілген малдың бірі.
Бірнеше ешкі тұқымдарын асылдандырып өсіру арқылы, олардың түрлері де көбейді, өнімдері де артып, жаңа тұқымдары да жасалды, жақсы жерсіндірілді. Солардың бірі қазақ ешкісі.
Қазақ ешкіні жасына қарай: үлкен теке, серке, дөнен серке, құнан серке, ту ешкі, үлкен ешкі, сақа ешкі, туша шыбыш, шыбышша, шыбыжық, марқа лақ деп атаса жынысына қарай: теке, серке, лақты ешкі, ешкі, еркек марқа лақ, ұрғашы марқа лақ, еркек лақ, ұрғашы лақ деп те атайды. Ет, сүт, түбіт, өнімдерін мол беретін көптеген ешкі тұқымдарының аралас келген түрлеріне жатады. Бұл ешкілер ыстық пен суыққа бейімделген. Қыста өз бетімен өрісте жайыла алады.
Ешкілердің тамыз айынан бастап күйті келеді. Текеге шағылысып, арамза боп лақтамауы үшін  текенің беліне киізден күйек байланады. Мекендеген жерінің ауа райына қарай бес ай бес немесе он күннен кейін лақтайтын мерзімге сәйкес, қазан айында оңтүстік облыстарда текенің күйегі алынады.
Осы айтылған мерзімдері толған буаз ешкілер сәуір айынан бастап лақтайды. Ешкілер жалқы да, егіз де табады. Күйі жақсы ешкілер бір жылдың ішінде екі, немесе үш рет лақтайтындары болады. Жылына екі-үш рет лақтайтын ешкілердің кейбірі екі рет егіз немесе сыңар (жалқы) лақ табуы мүмкін. Жаңа туған жас лақ енесінен туа жүгіріп кетпей, біраздан соң аяқтанып, енесінің бауырынан емшегін тауып еметін болады. Келесі күні енесінің соңынан ереді. Төрт-бес күннен кейін, енесіне еркін еріп, тоғыз-он күннен соң отығып, тез жетіліп өседі.
Ұрғашы лақтың күйлілері алты айдан кейін текеге қашып кетіп, шыбышында лақтайтын болады, еркек лақ алты айлығында текелікке жарайтын болады.
Жаз айларында ешкінің бойларындағы кірі мен кенесі кетіп, оңалып тойынулары үшін және түбіт- тері тез көтеріліп қырқылуы үшін, қырқылғаннан кейінгі жүндерінің де тез жетіліп өсуі үшін өзен немесе көл сағаларындағы ағынды қара суларға айына 2—3 рет тоғытылып тұратын болған.
Ешкі бес ай сауылып, жылына бір-ақ рет қырқылады. Ешкі он екі жыл ғана жасайды.
Ешкінің күйі-жайына, төлдеу мерзіміне, жасы мен жынысына, мүйізіне қарай мынадай атаулар қойылады.
 
Күйі-жайына қарай аталуы
 
Піскен лақ. Тамыз айынан бастап, союға немесе сатуға жарамды боп семірген деген мағынада.
Семіз лақ. Енесінің сүтін емін-еркін еміп, еркін жайылымда жүрген немесе жем беріп, бордақыланғаны.
Бітеу ешкі. Бұл атау, біріншіден, ешкінің іші-тысы бірдей майланып-семіргенін білдірсе, екіншіден, ешкі текемен қанша шағылыссада да өмірі лақтамайтынын білдіреді.
Жетілмеген ешкі. Қыстан жүдеу боп шығып, (лағы еміп, сауылып жүріп) кейін жаңа туғанда есейіп семірген деген мағынада.
Арық лақ. Енесі өліп жетім қалып немесе ауырып от-судан ада болған лақ.
 
Төлдеу мерзіміне қарай аталуы
 
Туша. Бұл атау ұрғашы ешкінің екі жастан асқан кезіндегі лақтағанын білдіреді.
Шыбыш. Алты айлығында текеге шағылысып, бір жасқа толған уақытында лақтаған ешкіңің атауы.
Сақа ешкі. Лақтап жүрген үлкен ірі ешкі яғни жазға қарай лақтайтын үлкен ешкі деген мағынада.
 
Жасы мен жынысына қарай аталуы
 
Шыбышша. Бір жастан бір-екі ай кішілігі бар, текеге шағылыспай қалған ұрғашы лақ.
Шыбышық. Ерте туған ұрғашы лақтың бір жастан асқанына қойылатын ат.
Лақ. Алты айға дейінгі ешкінің төлі.
Лақ теке. Бұл атау туғанына алты ай болған еркек лақтың тарттырылмай жіберілгеніне қойылған ат.
Серке. Алты-жеті жастағы ешкінің тарттырылған еркегі.
Серкешік. Еркек ешкінің бір жастан асқанда тарттырылғаны.
 
Мүйізіне қарай аталуы
 
Топал (тоқал) ешкі. Мүйізсіз, мүйізі жоқ деген мағынада. Қарағай мүйізді ешкі. Бұл ешкінің мүйіз бітісі түзу, жуан, әрі ұзын екенін білдіреді.
Ай мүйізді ақ серке. Мүйізі жаңа туған ай бейнесінде келген, сұңғыла, көзге көрнекті серкені айтады.
 
Ешкінің топ-түрлеріне байланысты атаулар
 
Ешкіні үшке бөледі:
-       Ұрғашы ешкілер.
-       Еркек ешкілер.
-       Лақ.
Осы үшке бөлініп аталатын ешкілердің лақтан басқаларын өзара екіге бөліп атайды:
Ұрғашы ешкілер:
а)            лақты ешкілер;
б)            ұрғашы бойдақ ешкілер.
Еркек ешкілер
а)            текелер;
б)            еркек бойдақ ешкілер.
 
Ұрғашы ешкілердің атаулары
Лақты ешкілер
 
Буаз ешкі. Қараша айынан бастап, текеге шағылысып кеткен ешкі.
Кенже ешкі (туша шыбыш). Текеге мезгілінде шағылыспай, кеш шағылысып, мамыр айының аяғында немесе маусым, шілде айларында лақтайтыны.
Лақты ешкі. Текеге уақытында тоқтап қашып кетіп, сәуір — мамыр айларының ішінде лақтағаны. Лақты ешкі бес ай сауылады.
Сауулы ешкі. Лағы өліп немесе қасқыр жеп, болмаса сойылып, басқа ешкінің лағына телінбей сауылатыны. Сауулы ешкі қашан сүті қашып, суалғанша сауылады.
Лақты туша. Ешкінің екі жастан сәл асып барып лақтағаны.
Лақты тушашық. Бір жарым жастағы ешкінің лақтағаны.
Лақты шыбыш. Лақтың алты айында текеге тоқтап, бір жасында лақтағаны.
Лақты шыбышық. Алты айға толмаған лақтың текеге шағылысып кетіп, бір жасқа толмай лақтағаны.
Ескерту: 1. Шар, шарланған, сақа, қашқан, ішті, арамза, тоқтаған, телі деген түсініктер Бие, Түйе, Сиыр, Қой бөлімідерінде.
2. Қара тісті, төрт тісті, сары тісті, алты тісті, сары қарын, сегіз тісті, деген атау сөздер қой мен ешкіге ортақ айтылатын атаулар..
 
Ұрғашы бойдақ ешкілер
 
Ту ешкі. Ешкінің текеден бір-екі жыл қашпай, немесе қашып кетсе де буаз болмай, қысыр қалып қойғаны.
Мүсінсіз ешкі. Тұқымы жаман, қысқа төзімсіз, түбітті аз беретіні.
Шыңылтыр ешкі. Жас күнінде енесінің уыз сүті мен жай сүтіне жарымай, немесе енесі қақтала сауылып, сүттен қағылжың болып, кеш отығып, ет алып семірмейтіні.
Бұйра ешкі. Қылшық жүндері бір-біріне ұйыса келіп, жазда түбіт бермей, қылшық жүндері күнге қурап, түсіп қалып, шыбын қақты болып, ет ала алмай күзге қарай еттеніп, семіре бастайтын ешкіні айтады.
Ескерту: бордақы ешкі, тағы ешкі, жанбақы ешкі, жеруік ешкі, бедіреуік ешкі, жанасқыш ешкі, қысыр ешкі, туша ешкі, ту туша, қысыр туша, заржақ ешкі, үйткен ешкі, біету ешкі (туша, шыбыш), шыбышша, мамыр ешкі, шадыр ешкі, бағылан ешкі (лақ), шүйделі ешкі, түймелі ешкі, көмілген ешкі, тоқал ешкі, шұнақ ешкі, төл (тума) ешкі, тұмса ешкі (шыбыш), будан ешкі, құт ешкі, құтымсыз ешкі, қортық ешкі, жантық ешкі, жалбыр ешкі деген атаулардың бар екенін де ескерте кетеміз.
 
Еркек ешкілердің атаулары
 
-       теке;
-        еркек бойдақ ешкілер.
Теке. Ешкі түлігінің жыныс қабілеті жетілген еркегі.
Лақ теке. Еркек лақтардың ішінен (текелікке таңдап алынған) таңдалынып алынып, тарттырылмай жіберілгені.
Ешкі кеңі. Жақсы «теке» мағынасында.
Текешік. Шала тарттырылған еркек лақтың бір жастан асқаны.
 
Еркек бойдақ ешкілер
 
Азбан теке. Алты-жеті жастағы текенің тарттырылып жіберілгені.
Серкеше. Екі жастан бір-екі ай кемістігі бар, тарттырылғаны.
Бас серке. Ені тарттырылған текенің төрт- бес жастағысы.
Ескерту: серке, бордақы серке, серкеше, бағылан серке деген атаулардың бар екендігін ескерте кетеміз. Бұл жөніндегі түсініктердің кейбіреуі алдыңғы тақырыптарда айтылған.
 
Лақ атаулары
 
Лақ. Ешкінің жас төлі.
Сүт лақ. Енесінің алғашқы уызынан бастап сауылмай, емін-еркін еміп өскені.
Қозы лақ. Лағы өліп қалған ешкіге (басқа лақтаған ешкі болмағандықтан) қойдың қозысына теліп жіберілгені.
Лақешім (лағым). Лақты жақсы көріп айтылатын сөз.
Толған лақ. Енесінің алғашқы ащы уызынан бастап, сауылғанына дейін емін-еркін еміп, семіріп өскені.
Жетілген лақ. Енесі сауылып, арық болып өскен лақтың кейінгі кездерде тойынып, еті тығыз болып семіріп өскені.
Ескерту: Шала лақ, арамза лақ ,қомағай лақ, сұғанақ лақ, марқа лақ, күдіре (қодыға) лақ, кепе (кебе) лақ, қауқа лақ, көрпелдеш лақ, көпей лақ, бөдене лақ, сары аяқ марқа лақ, күйек лақ, кенже лақ, күн тимес лақ, бағлан лақ, тел лақ, түймелі лақ, сыңар лақ, т. б. деген  атаулар түсінігі Қой, Құлын, Сиыр, Бота бөлімдерінде. Қатпа, жасық, көк бақа деп малдың бәріне де ортақ атаулары айтылады.
 
Ешкінің үніне байланысты атаулар
 
Бақыра маңырау. Ешкінің лағын емізтін кезде өте қатты шығаратын үні.
Бақыру. Ешкінің лақтай алмай қиналғанда, қасқырдан, ит-құстан қорыққанда да шығаратын үні.
Бақылдау. Текенің үйірге түскен кездегі ешкі соңынан қалмай қуалап жүгіріп, шығаратын үні.
Ескерту: мекірену, күйсеу, күйіс қайыру, жусау, маңырау деген атау сөздер Қой, Сиыр, Жылқы, Түйе бөлімдерінде .
 
Ешкінің түсіне байланысты атаулар
 
Бөрте ешкі. Қыр арқасы мен бауыры қара теңбілденіп келген ақ сұр түсті ешкі.
Жағал ешкі. Қара, сары түктері аралас болып келген ешкі.
Сұр ешкі. «Бөрте» мағынасында.
Ақ сұр ешкі. Түсі ақ сары, қара қоңыр, қоңыр болып келеді.
Қара сұр ешкі. Сыртқы қылшық түктері өте қара болмай, жай қара қоңырлау болып, қылшық түктерінің қызғылттауы да кездеседі.
Қара көк ешкі. Сыртқы қылшық түктері көк, соя, көк қылшық түктерінің ұш жақтары қара боп келеді.
Бурыл ешкі. Сыртқы қылшық түктері біркелкі болмай, көк қылшықтары басым келіп, қызыл, қоңыр, қара қылшықтары аралас шыққан қылшық түкті ешкі.
Ескерту: қара, ала, ақ, қара ала, қара бас, көк, қара қасқа, қара мойын, боз, тағы басқа түс атаулары Жылқы, Қой, Сиыр бөлімдерінде.
 
Ешкінің түгіне байланысты атаулар
 
Түбіт. Ешкінің өте жұмсақ, жіңішке талшығы.
Түбіт жүн.  Қылшық арасынан шыққан мамық жүн.
Қылшық жүн. Ешкінің түбітсіз шыққан немесе түбітінен ажыратылған жүні.
Ескерту: тірі жүн, өлі жүн, көтерілген түбіт деген атаулардың түсінігін Қой бөлімінде.

 
Ешкі жайында айтылатын одағай сөздер
 
Шек былай. Ешкінің бытырай, шашау шығып, өріп бара жатқанын қайыру үшін қолданылатын сөз.
Шек. Ешкінің арбаға, үйге сүйкенгенде және. жер ошақ басындағы күлге үйірілген жерінен кетіру үшін қолданылатын сөз.
Шеге-шеге. Ешкіні орнынан тапжылмай тұруы үшін (қашырмай) немесе қашып ұстатпайтын ешкілерді тоқтатып ұстау үшін және лағына келтіру үшін де қолданылып айтылады.
Шөре- шөре. Ешкіні лағына шақырғанда айтылатын сәз.
Қуай-қуай. Ешкіні су ішу үшін шақырғанда айтылатын сөз.
Ыр-һайт шек-шек. Ешкіні суға тоғыту үшін айтылатын сөз.
Теке-теке. Текелерді бір-бірімен сүзістіруге, күйлеген ешкіні текемен шағылыстыруға және мазақтауға арналған сөз.
Кебенек (секіртпе, тағы басқалары) келгір. Ешкіге айтылатын қарғыс сөз.
 
Ешкіде болатын аурулардың атаулары
 
Кебенек. Ешкіде болатын топалаң ауруын айтады. «Жылқыны бөгелек, ешкіні кебенек аздырады» деген мақал осыдан шықса керек.
Секіртпе. Ешкі ауруының бір түрі. Бұ да топалаң ауруы сияқты болады.
Ескерту: топалаң, күл, сарып, сары буын, бөгежек (жауырынтақ), шойырылма, баспақ, қызыл шу, қара түйнек, жарғыш, көнтақ, қара сүйел деген атаулардың түсінігі Қой бөлімінде.

←кері қайту

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник