Бота

Бота атаулары

Арамза бота. Мезгілсіз туған бота.

Ақ кемік бота. Енесінің уыз сүтін емін-еркін еміп өскен бота.

Қара кемік бота. Енесінің уыз сүтіне жарып-тоймаған бота.

Күн қаққан бота. Шілде, тамыз айларында туған ботаның ыссыда көп байланып, күнсіреуін айтады.

Бұралқы бота. Адасып келіп басқа түйелерге қосылған бота.

Жасық бота. Түйе төлінің ширап оңалмай жүргені.

Көк бақа бота. Әр түрлі жағдайға байланысты семірмей өте арық, жалданбаған ботаны айтады.

Марқа бота. Мезгілінен үш-төрт ай бұрын боталаған түйенің төлі.

Сүт бота. Енесін еміп жүрген түйенің төлі.

Толған бота. Сауылып жүрген інгеннің жақсы еттеніп, семірген ботасы.

Қызыл шақа бота. Түйенің шала туған жүнсіз жас төлі.

Құдыра бота. Мерзімінен бұрын туған ботаның күзге салым тайлақтан кіші, басқа түйе төлінен үлкен болғандықтан осылай аталған.

Қос кіндік бота. Буаз түйенің уақытында боталаған төлінің кіндігі біреу болмай, екеу боп туғаны.

Құтымсыз бота. Енесін еміп қойып, жөнді сауғызбайтын, жетектесең жетегіңе жүрмейтін тырысқақ мінездісі.

Маймақ бота. Аяғының білезік буыны ішке яғни немесе сыртына қарай айналып (қайқайып) тұрғаны.

Нар бота. Жалғыз еркешті нар түйеден туған бота.

Қоспақ бота. Айыр өркешті түйенің інгені бір туардың бурасына шағылысып кетіп барып, содан шыққан будан.

Үлек бота. Таза қанды нар түйенің үлек пен аруананың шағылысуынан туған ботасы.

Айыр бота. Таза қанды айыр түйенің бурасы мен інгенінің шағылысуынан туған бота.

Жетім бота. Енесі жоқ бота.

Өлі жетім. Енесі өліп қалып, басқа боталы түйеге телінбей қалған бота.

Тірі жетім. Үнемі жұмысқа мініліп жүретін түйенің үйде қалған ботасы.

Кенже жетім. Өте кеш туған ботаның енесі өліп немесе қасқыр жеп, жетім қалуын атайды.

Арамза жетім. Басқа буаз түйелерден үш- төрт ай бұрын қыс ішінде боталағаннан кейін, енесі өліп артында тірі қалған бота.


Ботада болатын мінез атаулары

Заржақ бота. Енесін емсе де, ембесе де үнемі боздап жүретін бота.

Тіленшек бота. Жасынан енесі өліп, сүтпен асырап өсірген бота, үнемі адамның жанынан кетпей, қайта-қайта сүт ішкісі келе беретіні.

Еміншек бота. Буаз кезінде енесі жүмысқа көбірек мініліп, желіндемей боталаған түйенің ботасы. Мұндай боталар сүтке қанша тойса да, адамның жанынан шықпайды.

←кері қайту  

 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник