Мұқағали Мақатаев

Өмір

«Мына дүние әділдіктен жаралған,..».   «Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,..»    Пай, пай, Өмір!     Адасқанда.     Арманым, тіріл, көз ілген.    Біздер деген.    Өмір деген біреу бар.    Көнеміз де...   Танданба, жаным, танданба.     «Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды,...».      «Қабағы таудың қатулы,...».      «Санаулы күн,..».     «Жоқ күндерім бар күндермен өтеліп,...».      «Заулап өткен заман-ай құр аттайын...».     «Жарық дүние-ай!..».     «Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа, жарқыным!...».     «Жүрегіме жүк артып,...».     Өмір дейтін.     Айығып келем.     «Асығып алыс күндерге,...».      «Жарқырап шығып,...».      «Кереметі-ай, Мына жарық сәуленің!..».     Күн ауысып барады.     «Қай күні менің Тәмамдалады дастаным?...».     Өтелер ме?     "Жүрек неге зат болып  жаралмаған?..."     Қызық өмір.     «Батар күн,...».


Мына дүние әділдіктен жаралған,
Өз орнында: жер де, күн де, тау, орман.  
Бір-бірінен қуат алған, нәр алған,
Мына дүние әділдіктен жаралған.
 
Күн барады әділдігін арқалап,
Әділдігін бөлеп жатыр шартарап.  
Әділдік деп жүргеніміз біздердің –
Бар ғаламға, әлемге ортақ салтанат.
 
Мынау өмір әділдіктің тұрағы,
Мынау дүние әділдіктен тұрады.
Ал Адам ше?
Адам неге жылады?
Біреулерден біреу неге ығады?  
Біреулердің сағы неге сынады?!
 
* * * * * * * * * *
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан.  
Нелер ұрпақ аттанған қуған арман.
Не бар дейсің, өмірге тұлға болған  
Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.
 
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,  
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
 
Өтеді ғой...
Өтеді барлығы да,
Күн арқалап кетеді танды мына.
Менін жаным ашиды барлығына:
Таң нұрына, адамның тағдырына.
 
Менін жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге жеткендерге.
Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,  
Енді сендер өмірден өтпендер деп.
 
Бәрі өтуде
Күн батып, кеш кіруде,
Жаңаруда дүние, ескіруде.
Болашақтан - бейтаныс, ұрпағымыз,  
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!
 
* * * * * * * * * *
 
Пай, пай, Өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тиясың-ау қуанышты күлкіні.
Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,
Өмір деген - көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір,
Өтесің-ау бір күні!
 
Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,  
Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.
 
Өмір деген — бұйым емес қолдағы,  
Өмір дейтін - ұлы бекет жолдағы.
 Қаның кеуіп қаталаған кезінде  
Сусынынды қандырсан бір болғаны.
 
Мына күн де, мына аспан да, дала анау,  
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!  
Өмір дейтін — тағатсыз бір қозғалыс,  
Өмір дейтін - өлемін деп қарамау.
 
* * * * * * * * * *
АДАСҚАНДА
 
— Әлі жүріп келеміз бе, ей?
— Келеміз.
— Өстіп жүріп өлеміз бе, ей?
— Өлеміз...
Құзар тауда біз адасып келеміз,
Бір жылынып, бір суынып денеміз.
 
Бағыт-бағдар - барлығы да белгісіз,  
Қап-қара түн, өзіңді өзің кергісіз.
Ат аяғын шалыс басса болғаны,
Құздан құлап, даяр жатқан көрді сүз.
 
Аспан мен тау қара кебін жамылып,  
Үрей ұшты, құбыжықтар жабылып.
Біз келеміз, аңырып та жабығып,
Өлі, тірі аруақтарға табынып.
Аттарда да дәрмен қалмай барады,
Бір биіктен бір биікке сабылып.
 
Шүмектеп тұр жаздың тентек нөсері,
Жасын ойнап, жалт етеді, өшеді.
Кемсітсе де кеселі мен өсегі,
Қамсыз жүрген қайран күндер кешегі...
 
— Біздер әлі тіріміз бе, ей?
— Тіріміз.
Жөнсіз, босқа қырта бермей, жүрініз
— Мені ұнатпай келесін-ау, бастаушым,  
Түсінбеймін, не болады күніміз?!
— Не болушы ед, қоркатұғын несі бар?  
Өле кетсек, өлгендердін біріміз.  
Корықпаныз, біз әзірге тіріміз!
 
* * * * * * * * * *
АРМАНЫМ, ТІРІЛ, КӨЗ ІЛГЕН
 
Баяғы бала кезімде,  
Әкем бе әлде өзім бе,
Әкелдік аппақ күшікті  
Ашпаған әлі көзін де.
 
Өсірдім көңілін қалдырмай,  
Мойнына карғы салдырмай.
Әлжуаз аппақ күшігім 
Ақ тазы болды қанжырдай.
 
Әжуа, мысқыл, әзілмен,
Қайтейін онда ұятты,
Ойнаймын аппақ тазыммен,
Ұялас күшік сияқты.
 
Қар жауды, міне, алғашқы,
Ақ тазым менің қар басты.
Түлкі ұстатып берем деп,
Үлкендер келіп жармасты.
 
Біріне-дағы бермегем,
(Қайсар едім ғой мен деген)
«Бере ғой» деген әжемнің  
Тіліне-дағы көнбегем.
(Көрмей-ақ кетсін көрмеген!)
 
...Сол жылы қыста, ақпанда,
Күн батып бара жатқанда,
Ойынға мені шақырып,
Ақ мүсін тұрды ак қарда.
—Жынданба! — дедім, — желөкпем,  
Үйге қайт, енді кеш кірді,
Осы бір сәтте кенеттен  
Мылтықтың даусы естілді.
 
Ақ тазым менін каңқ етті,
Каңқ етті-дағы жалп етті.
Миыма менің қан тепті,
Көзімнін оты жарқ етті,
Ақ қарға тазым қан төкті.
 
... Соноу бір бала кезімнен  
Жауыздық барын сезінгем.
Мұң төгіп алғаш көзімнен,  
 
Бәрінен сонда безінгем.  
Келемін бірақ тезумен,  
Айыра көрме сезімнен,  
Арманым, тіріл, кез ілген!
 
* * * * * * * * * *
БІЗДЕР ДЕГЕН
 
Бай өлкенің ойынан, тау-тасынан  
Біздер де арамыз ғой бал тасыған.  
Шырын құйып жатамыз жүректерге,  
Шымшып алып гүлдердің арқасынан.
 
Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,
Шөп қажап шегірткедей дән үзбейміз.  
Алты айшылық жол басып, арып-ашып,  
Адам деген патшаға дәрі іздейміз.
 
Балға қоса, біздін де уымыз бар,  

Үғыңыздар,
Гүл алып шығыңыздар,
Жабыла кеп жармасқан маса ғұрлы  

 

Жабыла кеп талайтын жынымыз бар.
 
Ұямыз бар біздің де - омартамыз, 

 

Алмағайып бүлінсе сол ортамыз, 

 

Басымызды бәйгеге тігеміз де,
Көзімізді біржола жоғалтамыз.
 
Мықты болсан, ақын боп жаралып көр, 

 

Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер. 

 

Ғұмыр бойы жол басып, арып-ашып, 

 

Адам деген патшаға дәрі алып кел!
 
* * * * * * * * * *
ӨМІР ДЕГЕН БІРЕУ БАР
 
Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,
Жазықтымын дей алман, ак көңілмін.
Өмір деген біреу бар билік құрған,
Билігінен мен соның қақ бөліндім.
 
Желіктіріп, су бүркіп сайтан маған,
Кезім болды әділдік айта алмаған,
Батқан ерді арқама ауырсынып,
Жауыр болған құнандай қайқандаған.
 
Арыммен де оңаша қалып көрдім,
Жоғалғанын іздедім, тауып бердім.
Ар-ұят деп аталар нәрестені  
Қызылшақа күйінде алып келдім.
 
Сайтанныңда, күнәсіз періштенің
Бал мен уын талғамай неге ішкенмін?
Періштенің қайғысын бөліспедім,
Сай ғанменен болса да келіспедім,
Не істермін, тәңір-ау, не істермін!?
 
Анқылдаған не таптым ақ көңілден,
Несіне ердім сайтанға жат көрінген?
Өмір деген біреу бар билік құрған,
Билігінен мен соның қақ бөлінгем!
 
* * * * * * * * * *
КӨНЕМІЗ ДЕ....

 

Қайтер едің өмірге келмегенде,  
Көнесің де...
Қайтесің көнбегенде?
Көресің де...
Қайтесің көрмегенде?
Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде.
 
Қадірлі дос,
Халінді ұғып тұрмын.
Күйзелттің ғой, бәрін де ұмыттырдың,
Нақ айыпты жандайын алдында мен  
Не дерімді біле алмай, құрып тұрмын.
 
Не де болса, тәуекел — тең көрейік,  
Әкел бері қайғынды - тен бөлейік!  
Бірімізге біріміз дем берейік,
Бір арбанын астында дөнгелейік.
 
Қақ бөлесің кайғынды,
Келісеміз.
Алауын да, уын да тең ішеміз.
Кезбе бақыт кездесіп қалса бізге,  
Тепе-тең ғып екіге бөлісеміз!
 
«Өлі балық жолығар өлмегенге!» 

 

Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!
Өмір деген осылай, жаным менің,  
Қайтер едік өмірге келмегенде?!  
Көнеміз де...
Кайтеміз көнбегенде???
 
* * * * * * * * * *
ТАНДАНБА, ЖАНЫМ, ТАНДАНБА
 
Орманға, тоғай, талдарға 

 

Оңаша жалғыз барғанда, 

 

Серігін іздеп жалғаннан 

 

Сұңқылдаса сұр көкек 

 

Отырып ескі тамдарда, 

 

Танданба, оған танданба!
 
Онаша сон-оу тауларға  
Онаша өзін барғанда,
Құлақ сап көрші бар манға  

 

Сыбызғы тартып сұр бұғы,  

 

Маралын іздеп зарлауда,  
Оған да, жаным, танданба!
 
Сорғалап соноу занғардан,  

 

Шанқылдап қыран самғауда.  

 

Серігін іздеп жалғаннан,  
Оған да, жаным, танданба!
 
Үмітіңді артып арманға,
Адасып достан қалғанда, 
Өзін де, жаным, жалғызсың,  

 

Өзіне-дағы танданба!
 
Өкінбе жалғыз жүрмін деп,
Несіне өмір сүрдім деп.  
Бәрінің де аты - жалғыздық,  

 

Келеді бәрі бір-бірлеп,  
Кетеді бәрі бір-бірлеп.
 
* * * * * * * * * *
Сағынып кеткенім-ай сол жылдарды,  
Саялап, қуат етіп мол жылдарды.  
Қосымды егістікке қондырғам-ды,
Шық қарып, табанымды тон да ұрған-ды.
Сонда да сағынамын сол жылдарды,
Сабанның арасында орным қалды.
 
Кешкісін оранып ап ақ сабанға,
Жатушы ек бой берместей атса жауға.  
Таңертен жылы орынды қия алмаушы ек,  
«Тұр, тұрлап!» бригадир қақсағанда.
 
Қарыма каршадайдан құрық та астым,  

 

Масақтан дән айырып, тұлып бастым.  

 

Қайғылы, қуанышты қайран күндер,
Қалай да мен сендерді ұмытпаспын!
 
Келді де соғыс деген ала шапқын,  
Сайранын быт-шыт қылды бала шақтын...  

 

Түтінін жұтпағанда жер ошақтың,  
Тәттісін татпас та едім Болашақтын.
 
Сонда да сағынамын қайран күнді,
Сонда да жаным менің сайрап жүрді.  

 

Қуантып жатушы еді майдан кімді...   
Жылан боп, аждаһа боп түске кірді.
 
* * * * * * * * * *
Қабағы таудың қатулы,
Қар жауа ма, қайтеді?!
Бұлақтар мұнда батулы,
Мұз тұра ма, қайтеді?!
 
Ай туыпты шалқалап,
Шатынап аяз болар ма?!
Тыныстай қапты шартарап,
Шарқ ұрып дауыл соғар ма?!
 
Жапсан жап тауды, қыратты,
Жаусаң жау, ақ қар, үш апта!
Бұйығып жатқан бұлақты  
Бұрқана келіп құшақта.
 
Дала, орман тегіс ілбіпті,
Соқсаң соқ, дауыл, серпіл бір!
Мына бір бейкам тірлікті  

 

Желпіндір, дауыл, желпіндір.
 
Шалқадан туған Айды да 
Орақ қып көкке шаншып қой.
Жол ашсан мұнға, қайғыға   
Тірлігін онда мансұқ қой.
 
* * * * * * * * * *
Санаулы күн,
Санаулы ай,
Санаулы жыл.
Санай жүріп самайлар ағарды кіл.
Уақытты не пайда санағаннан,
Алатұғын өмірде бағаңды біл.
 
Қанша күнің,
Санап көр текке кетті,
Қанша жанды Санап көр, өкпелеттің.
Адамдықтан адасып қаншама рет,  
Қаншама рет ауытқып, шетке кеттің?!
 
Қанша жүрек түбінде тұрақ тептің, 
Қанша жанның жүзіне шуақ септің? 
Қаншама рет қуанып бардың-дағы, 
Қанша адамның алдынан жылап кеттің.
 
Ал, қанеки,
Санап көр, санағышым!
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшін.
Не жақсылық көрсетті адам саған?
Не жақсылық жасадың адам үшін?
 
* * * * * * * * * *
Жоқ күндерім бар күндермен өтеліп,  
Баршылыққа, таршылыққа ет өліп,  
Күйігім мен қуанышым қолдасып,
Келе жатыр мені иыкка көтеріп.
 
Екі дүние, екі мінез әр алуан,
Екеуі де орын тапқан санамнан.
Бақыт деген осы ма әлде, кім білсін,  
Қайғы менен қуаныштан жаралған?!
 
(Мен еріксіз екеуінен қаймығам)  
Қуанамын, қуанам да кайғырам.  
Күйініш те маған керек сияқты,  
Күйінішсіз шаттығымнан айырылам.
 
Жоқ күндерім бар күндермен байыпты,  
Бар күндерім жоқ күндерге айыпты.
Мәңгі-бақи шаттықта өту мүмкін бе?  
Адаммын ғой, қайғыру да лайықты.
 
Аң емеспін, адаммын ғой, санам бар,  
Шаттығымды бөлісіңдер, жарандар!  
Көкте күнім тұрған сәтте нұр шашып,  
Жай орнатқан бұлтыма да қарандар.
 
* * * * * * * * * *

 

Заулап өткен заман-ай құр аттайын.  
Сырғанаған күндер-ай сынаптайын.  
Өксі, көңіл, өткізген сәттеріңе,
Өксі, көңіл, мен сені жұбатпайын.
 
Белгісіз, қыр аса ма, сай бара ма,  
Асығады осы өмір қайда ғана?!
Көшін тартып барады шіркін жастық,  
Оянғасын қарасам айналама.
 
Қалмасам деп сол көштен далбасалап,  
Жалын тартып асаудың жармасам-ақ,  
Адуын ат ауыздық салдыртпайды,  
Қараң қалған мені бір жанға санап.
 
Әттең-ай, кұлағыңнан басып тұрып,  
Басып тұрып арқаңды қасып тұрып;  
Жастық көшін жалтартпай қуар едім,  
Шалқыта көбігінді шашып тұрып...
 
Өксі, көңіл, мен сені жұбатпайын,  
Өкси берші жалғыз тал бұлақтайын.  
Күзден қалған күрең бір жапырақтай,  
Жармасып ап жағанда шуақтайын.
 
* * * * * * * * * *

 

Жарык дүние-ай!
              Жарығың неткен жақсы еді!? 

 

 

 

Жаңылыспаспын,
              жарым деп айтсам нақ сені!?
Құшаққа сыйсан,
               құшырым қанып,
                                          өбер ем,
Құшақтап тұрып, өлер ем.
Жарық дүние,
                жанарым менің жайнаған!  
Жап-жарық неткен айналаң!?
Нұрына сенің
                 миллион бояу ойнаған,
Құмартып кетер
                 қомағай көзім тоймаған...

 

 

 

 

 

* * * * * * * * * *
Жасасаң қайыр,
                  қарыз деп айтпа,
                                          жарқыным!
Қарыз ғып берсен,
қажет те емес алтының.
Өгіз боп саған,
                  өткерер менің жайым жоқ.  

 

 

 

Өмірдің қалған тамтығын.
Ақ уыз берді,
                   қарыз деп Анам айтпады, 

 

 

 

Мойнымда әлі,
                   Әкенің қарызы қайтпады.  
Қарыз демей-ақ,
                    қамқоршым болған дос қанша,  

 

 

Қайтарар едім,
                    қайтейін, мені байытпады...  
Еліме мәңгі
                    қарыздар едім қашаннан,  
Өтермін қашан?
                    Кетермін қайда?
Қарыз деп айтпас,
                    қайырымды мынау өмірге,  
Қарыздар болып жасалғам.
Қарыз деп айтпа,
                      жасасан маған қайырым,  
Қайтара алмаспын,
                      белгісіз менің байырым...
Мен деген,
                      жолдас, жарлының жалғыз тайымын,  

 

 

 

Ағытып болмас айылын!..

 

 

 

 

* * * * * * * * * *
Жүрегіме жүк артып,
жүрегіме жүк артып,
Жүдедім бе?
Білмеймін,
Жүдедім бе мұнартып?!
Жігеріме, білмеймін,
Жібердім бе мұң артып?! 

 

 

 

Жүремін де, әйтеуір,
жүремін де құмартып,
Жүрегіме жүк артып.
Мен іздеген нұр-бақыт,
ұстатпаса, зуласын.
Тек жүрегім бір уақыт,
Жүксіз қарап тұрмасын.
Жүрек болып туғасын.
 
* * * * * * * * * *
ӨМІР ДЕЙТІН

 

 

 

 

Өмір дейтін тайғанақ мұз-айдында,  
Жырлап кетем, алдымен жылаймын да,  
Сөредегі кермені кесіп өтсем,
Маған әлі жетпейді құдайдың да.
 
Мұң мен зарға ондайда шаң қаптырам,
Қайғы дейтін қаншықты қан жаптырам.  
Ұры-уайым тиер деп қай жағымнан,  
Секем алған киіктей аңдап тұрам.
 
Аттай жүріп өмірдің баспалдағын,
Бірі менмін қайғыдан қашқан жанның.  
Көзім жасын көл етсем сөнер ме екен,  

 

 

 

Көмейімнен лапылдап, шашқан жалын?!
 
Жөқ сөндірмен, сөндірмен, жыламан да,  

 

 

 

Қуаныштан мұң жуық тірі адамға.  
Дариясы өмірдің шайқалмайды,
Дәрмені жоқ бір пенде жылағанға.
 
Жүргемін жоқ қайғынын жүгін артып,  
Ер сүрінсе еңкеймес, жығылар тік.
Бөліп, жарған қайсыбір қуаныштан,  
Ойландырған оңаша мұңым артық...
 
* * * * * * * * * *
АЙЫҒЫП КЕЛЕМ

 

 

 

 

Айығып келем.
Айығып келем бәрінен.
Емделіп жүрмін,
Жақсылар берген дәрімен.
Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,  

 

Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен.

 
Сауығып келем,
Жинап та келем есімді.
Сағынып қалдым,
Саламат өмір кешуді.
Тағат таппастан,
Тартамын алға көшімді,
Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді.
 
Қиын ғой Қиын...
Көшінді жолға доғарған,
Жана алмай бықсып, ошақта отың жоғалған,  
Жаға алмай сөнсең жалын мен отты -  
Сол арман,
Жалындап тұрып,
Өртеніп кетсең, жоқ арман!
 
* * * * * * * * * *
Асығып алыс күндерге,
Бір белден асып, бір белге,  
Адасып қалмай бір жерде,  
Айсыз қара түндерде,  
Отанында - іргенде  
Не жетсін өмір сүргенге!
 
Алысар жерде алысып,  
Табысар жерде табысып,  
Жүгенсіз асау өмірдің  
Жалына мықтап жабысып,  
Жарысар жерде жарысып,  
Жұртыңның көрғап намысын,  

 

Халкыңмен бірге қауышып,  

Не жетсін өмір сүргенге!
 
Отынды бірге жағысып.
Тыраштап бөсқа күн көрме
Тірлікте мына жүргенге!  
Тыншығып қалма бір демде,  
Тыншығып калма тіл, кеуде!  
Жарыққа мына не жетсін,
Не жетсін өмір сүргенге!
 
* * * * * * * * * *
Жарқырап шығып,
Қалтырап барып батар күн.
Қысқарып қалар тәулігі ұзақ сапардың.
Күн батқан жерге,
Қосымды мен де апардым,
Күнменен бірге дамылдап мен де жатармын.
 
Өмірім менің!
Күнменен бірге жылжыған,
Өте бер жәйлап,
Несіне саған қынжылам.
Ашылып күнмен,
Күнменен бірге тұнжырап,
Күнменен күліп,
Жыласа, бірге тұр жылап.
 
Күн шыққан жерде,
Күн батқан жерде тұрағым!
Кірлесе көңіл, нұрына соның жуамын.  
Ақтарыл, менің шуағым!
Сөнбесең екен,
Сөнбесен екен, шырағым!!!
 
* * * * * * * * * *
Кереметі-ай,
Мына жарық сәуленің!
Езу тартып барады, әне, әлдекім,  
Алатау да жатыр, әне, сәнденіп,
Ал мен болсам,
Бір жаныммен әуремін.
 
Кереметі-ай,
Мына жарық сәуленің!
Қайта маған оралар ма әл-демім.   
Қайда кеттің,
Қайда кеттің, дәрменім?
Қайда кеттің, сауық-сайран дәуренім?
 
* * * * * * * * * *
КҮН АУЫСЫП БАРАДЫ
 
Күн ауысып барады түнге қарай,
Шығыста — кеш, Батысқа — кірген арай. 

 

 

 

Күн шыққан жерден әр кез түн келеді,  

 

 

 

Маған солай, білмеймін, кімге қалай.
 
Сонғы шоғын сөндіріп арайлаған,
Күн кетті, тіршілікке қарайлаған.
Ай туды, нұрсыз да емес, нұрлы да емес,  

 

 

 

Шашырап өлі сәуле шар айнадан.
 
Аспан да абыр-сабыр шамын жағып,
Құс жолы да төселді сағымданып.
Бар дүние тұрғандай дамыл бағып,
Тауым калғып, ойымда бағым калғып.
 
Түн мені күйзелтеді жынды қылып,
Бақты басып жатқандай, гүлді жұлып.  

 

 

 

Күміс қанат бір құсқа мініп алып,
Кетсем бе екен артынан күнді қуып.
 
Неге мен үрейленем түнге қарай,
Маған солай, білмеймін, кімге қалай.  
Күнде - өмір, түнде - дамыл, түсінбеймін,  

 

 

 

Мойнымды бұрсам екен кімге қарай?!
 
* * * * * * * * * *
Қай күні менің
Тәмамдалады дастаным?
Бітпесе екен,
Жанадан ғана бастадым.
Биіктей берсін, биіктей берсін,
Өкінбен,
Мұнартып тұрған шындарым менен асқарым.
 
Сапарға сапар  
Жалғана берсе екен деп,
Жадынам күнде,
Жазмышқа тағзым етем көп.
Адасу болар,
Таласу болар өмірде,
Жүрсем болғаны  
Ата жерімді мекендеп.
 
Атақ-даңқтың   
Керегі маған шамалы.
Қалады досым,
Қалады, бәрі қалады...
Қай күні менің тәмамдалады дастаным?  
Уақыт өтіп,
Уақыт өтіп барады.
 
* * * * * * * * * *
 
ӨТЕЛЕР МЕ?
 
Аңсамаймын,
Алмаймын көп өмірді!
Білемін, көп өмірден көрерімді.  

 

Аларымды алған соң, ақысына  

 

Беріп кетсем болғаны берерімді.

Мынау аспан,
Мынау жер мекеніме,
Есеп берер күн туар кетерімде.
Тоқсан жасап, жүз жасап неғыламын,  

 

Не беремін жүз жылдың өтеуіне.

Өтелер ме жылуы жарық күннің?  

 

Төленер ме қызығы мамық түннің?  

 

Жүз жыл емес, бір жылдың өтеуі жоқ,  

 

Ылаж құрып, мінеки налып тұрмын  

 

Нағып тудың, Анам-ай, нағып тудың?  

 

Күндерімді күйбеңмен жалықтырдым.

 

 

 

 

Ансамаймын,
Алмаймын көп өмірді!
Көріп жүрмін онсыз да көрерімді...  

 

Күндер батып, тандарым атқан сайын,  

 

Күдіктенем, біле алмай не дерімді.

 
* * * * * * * * * *
ЖҮРЕК НЕГЕ ЗАТ БОЛЫП ЖАРАЛМАҒАН?
 
Қарғам менің!
Қарғам менің!
Аласарып барады арман-көгім.
Жалған десе, дүние жалған ба едің?!  

 

Жараланған көңілім дал-дал менің.

Қауырсын ең үзілген қанатымнан,  

 

Жанарымнан шуақ ең таратылған.

Қара басқа орнатып қара тұман,
Қайғым болдың ойымда дара тұрған.
 
Күйзел жан, күнірен жан, күнә басып,  
Айығар сәтін сенін, сірә, қашық.  
Жабығып жарығында бұл жалғаннын,
Бір түйір қаным менің жүр адасып...
 
Мен жүрмін бақыт қуып, даңқ қуып,  

 

 

Сайрандаған боламын сауық құрып.  
Кінәсі жоқ қарғамды жабықтырып,  
Жолай алмай құрыдым танып тұрып...
 
Карғам, сені жайым жоқ кем көретін,  
Бимағұлым тағдырың сен көретін.
Зат боп неғе жүрегім жаралмаған?!  
Қарғаларым, сендерғе тең бөлетін...
 
* * * * * * * * * *
ҚЫЗЫҚ ӨМІР
 
Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат
Қызык өмір, ақырын тұрсаң қарап.  

 

 

Біреулердің еңбегі еш, тұзы сор боп  

 

 

Біреулердің бақыты жүр сорғалап.
 
Қызық өмір, кім білсін, сонысымен,  
Аласы мен құласы, торысымен.  
Тағдыр түрлі болғанмен өмір біреу  

 

 

Ұнатамын өмірді сол үшін мен.
 
Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен,
Құр калмайды ешкім де үлесінен.
Өліп-талып жеткенде бақытына,
Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген.
 
Өміріме өзімнін танданамын,
Қалмайын деп қатардан қарманамын.  
Бүгінімді өткізсем қиындықпен,  
Ертеніме үмітпен алданамын.
 
Ұнатамын өмірдің ой-қырларын,
Сауық құрып, сайрандап, той қылғанын.  
Өмір керек көлеңке, шуағымен,
Өмір керек!
Басканың койдым бәрін...
 
* * * * * * * * * *
Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен,
             осылай мәнғілік тұрармын,
Осы мен,
Сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем —
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,
               әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы, мен,
                өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.

* * * * * * * * * *

 

 ↑жоғарыға

 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник