М. Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер
Саржайлау. І Күрең күз І Сөнбейді, әже, шырағың. І Дариға, домбырамды берші маған. І Қарялар азайып бара жатыр. І Тоқта, балам, атаң келеді артында. І Есіңе мені алғайсың. І Арулар. І Аңса жаным. І Фаризаға. І Жүрек дерті. І Отыздан асып барамын. І Сәби болғым келеді. І Өмір сүрейік алмасып. І Мен деп ойла. І Туған өлке. І Ұнатамын мен сені. І Шеше сен бақыттысың. І Жарығым-ай! І Бақытынды жырлайды. І Сенің көзің. І Жамылып сағыныштың сал шекпенін. І Сиыр айдап өріске ертеңменен. І Сен. І Аққулар, қош болындар. І Өкпе-наз.
САРЖАЙЛАУ
Әнін жазған Н. Тілендиев
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
Қ а й ы р м а с ы:
Саумал бұлақ — балдай дәрім,
Салқын самал — баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған Саржайлауым.
Армысың, ата-қоныс, жасыл мекен!
Ұлыңмын, мен сенің касыңда өтем.
Басқаның жерұйығын неғылайын,
Жерұйығы өзімнің касымда екен!
Қ а й ы р м а с ы.
Жадырап, жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бөріңе арнап мен бүгін ән саламын.
Қайырмасы.
Жанымды жырға бөлеп таң атырған,
Әнім едің ақ танда жаратылған.
Төліңнен айналайын жаңа туған!
Айналайын еліңнен дара тұрған!
Қайырмасы
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
КҮРЕҢ КҮЗ
Әнің жазған Г. Дәукенова
Күп-күрең менің реңім,
Қош енді, қош бол, күрен күн!
Жаз келер және жап-жасыл,
Жақсылық тағы тілермін.
Жадырап өмір сүрермін,
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрең күз
Күрен мұн саған жібердім.
Күлермін деп ем түнердің.
Білермін қалай, білермін.
Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер - тозған кілемдер.
Күрең тау анау, күрең бел,.
Күрең бел - жиған кілемдер.
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрен күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ак қыстай әппақ бір елміз,
Ширығып біраз жүрерміз.
Қош енді, қош бол, күрен күз,
Шынығып өмір сүрерміз.
Қайырмасы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
СӨНБЕЙДІ, ӘЖЕ, ШЫРАҒЫҢ
Әнін жазған Н. Тілендиев
Жарқырап екі көзің шамдай жанған,
Күтуші ең жалғызыңды қан майданнан.
Жалғанда күту деғен қандай жаман,
Ақыры қаза болдың сарғайғаннан.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, ошағың,
Өзіңді әнғе қосамын.
Жеті қат жердің астына,
Жетпейді-ау бірақ осы әнім.
Қоштасып жалғқзыңның хаттарымен,
Сапарға оралмайтын аттанып ең.
Жадырап жеңіс қанат қаққанында.
Жалғызың кеп қалар деп шаттанып ең.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, ошағың,
Өзіңді әнғе қосамын.
Жалғызың кеп қалар деп,
Өзіндей мен де тосамын.
Жалғызың оралмады, оралмады,
Қиын ғой тірі жанның жоғалғаны.
Бір жерде тірі болса жүрген шығар,
Болса өлі, өзіңменен болар мәңгі.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнген жоқ, әже, шырағың,
Арналды саған бұл әнім.
Сарқылмас сенің бұлағың,
Сынған жоқ әлі шынарың.
Отыз жыл содан бері таң атуда,
Әлемге шұғыласын таратуда.
Сағынып жалғызыңның салған әні,
Аққудың аспанда ұшқан қанатында.
Қ а й ы р м а с ы:
Сөнбейді, әже, шырағың,
Арналды саған бұл әнім.
Бойында сенің тұмарың,
Ұшырып жалғыз қыранын,
Сөнбейді, әже, шырағың.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ДАРИҒА ДОМБЫРАМДЫ БЕРШІ МАҒАН
Әнін жазған Т.Рақымов
Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреніп енші, далам.
Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан калған мұра сен болмасаң,
Өнердің не екенін білмес едім.
Өсірген өнерімді қызыр-бабам,
Үніңнен айналайын бұзылмаған!
Киелі пернеңе бір қол соқпасам,
Ішектің жетімсіреп ызыңдаған.
Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабытганған, қиялдаған,
Шанағың бар шаттығын құяр маған.
Ерке назым менің де, сазым менің ,
Шыбынсыз, шуақ шашқан жазым ба едің?
Дариға, домбырамды берші маған,
Айналып ұшсын акқу-қазым менің.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ҚАРЯЛАР АЗАЙЫП БАРА ЖАТЫР
Әнін жазған Құрманәлиев
Ақиқатты айқындап жариялар
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бұлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Қ а й ы р м а с ы:
Неменеге жетістің, бала батыр?
Қариялар азайып бара жатыр.
Бірі мініп келместің кемесіне,
Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр.
Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,
Сонда орнайды жетімдік басымызға.
Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,
Бір күлшесін бөліскен ашымызға.
Қайырмасы:
Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді,
Бір кария болмаса бір ауылда.
Қ а й ы р м а с ы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ТОҚТА, БАЛАМ, АТАҢ КЕЛЕДІ АРТЫНДА
Әнін жазған С.Оразбаев
Тоқта, ботам! Атаң келеді артында!
Бұр мойнынды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын,
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артында!
Жүзе жүріп, жүз құбылған сағымда,
Жастық дейтін көктеменің шағында.
Өскен едік сенің анаң екеуміз,
Осы қарттың мәпелеген бағында.
Қарттың бағын жайлайтынбыз иен тегін,
Тыңдайтынбыз алуан-алуан ертегін.
Жинап алып жүрер еді жарықтық,
Күллі ауылдың елтеңі мен селтеңін.
Ей, болашақ!
Қарт келеді зиялы,
Кейімесін ата-қыран ұялы.
Сен сыйласаң сәби шақтың бір сәтін,
Атаң саған ұзақ өмірін қияды.
Ақылыңа айырбаста күлкіңді,
Қайтесің сол күлкі дейтін шіркінді?!
Бейқам күліп өспеген соң өз басым,
Бос кұлкіні ұнатпаймын бір түрлі...
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артында!
Тоқта, ботам!
Атаң келеді артыңда!
Дария шалқар даналығын, ал, тында!
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын,
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Токта, батам!
Атаң келеді артында!
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ
Әнін жазған Л.Әбдіхалыкова
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Қазбауыр бұлттар маңғанда,
Орманға жазда барғанда,
Арманда мені, арманда!
Мен бар деп мына жалғанда,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Қараша келген шақтарда,
Құлазып тұрған бақтарда,
Жапырақ жайрап жатқанда,
Қурайлар сыңси кақканда,
Есіңе мені алғайсың. 2 рет
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып атқан ақ танда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мені алғайсың 2 рет
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
АРУЛАР
Әні Т. Төлендиевтікі
Жимайды бір шашылған шуақтарын,
Келеді аясында шуақтағың.
Қиярсың жамандыққа қалай ғана,
Жайнаған бір-бір үйдің шырақтарын.
Асыл жандар,
Асыл жарлар,
Арулар —шуақ болып шашылғандар.
Арулар — асыл жандар, сағыныштар,
Құшақтар, өтініш пен жалыныштар.
Жек көрсе ол жүрегін мұз жасайды,
Балқытып жақсы көрсе жаныңа ұстар.
Қа й ы р м а с ы.
Арулар — аяулылар, ардақтылар,
Өмірге жылу болып қалмақ бұлар.
Арулар — тіршілікке күре тамыр.
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар.
Қ а й ы р м а с ы.
Арулар әрбір үйдің шаңырағы
От болып, әрбір үйден жағылады.
Таң болып әрбір үйден атса тағы,
Сәуле боп әрбір үйден жамырады.
Қ а й ы р м а с ы.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
АҢСА ЖАНЫМ
Әні Т. Төлендиевтікі
Мен тілейін жарқыным сен де тіле,
Орнасын де жақсылық жер бетінде.
Аққу тіле айдынның келбетіне,
Айдын тіле аққуды тербетуге. 2 рет
Мен аңсаймын, сен-дағы аңса жаным,
Жайлап өскен жақсыдан жан самалын.
Аңса жаным, зарығып шарша жайым,
Қанша ғұмыр қалса да қанша амалың. 2 рет
Мен сағынсам, сен-дағы сағын жаным.
Тек жақсылық адамнан табылғанын.
Алакөзсіз, ашусыз бауырлардың,
Алқам-салқам аңсаймын қауымдарын. 2 рет
Болса-дағы көңілім қанша жарым,
Білінбейді солармен шаршағаным.
Жәйлап ескен жақсыдан жан самалын,
Аңса жаным, жабықпай, аңса жаным. 2 рет
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ФАРИЗАҒА
Әні Ә. Тінәлиевтікі
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.
Біріміз бірімізден арылармыз,
Ақыры шыдай-шыдай жалығармыз.
Қ а й ы р м а с ы:
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жан екем жаралмаған күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де қоясың, жүресің де.
Қ а й ы р м а с ы:
Бірі итеріп кеудемнен бірі шалып,
Тастағысы келеді күресінге.
Фаризажан, сен соны білесің бе?
Жанарымды түманмен түмшаладым,
Серіппесі үзіліп тұр садағым.
Жігітінен қазақтың дос таба алмай,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Қ а й ы р м а с ы:
Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім,
Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Біріміз-бірімізден арылармыз.
Дүкендерде том-том боп тұрмасақ та,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
Қ а й ы р м а с ы:
Біздерді жоқтайтын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ЖҮРЕК ДЕРТІ
Әні Ә. Оспановтікі
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін, кірлендің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Неге аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін, несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын.
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
...Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран Адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ
Әні Т. Рахимовтікі
Құс та болғым келмейді қанатым бар,
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.
Тар бесігі — кең жаһан, тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.
Сәби болғым қеледі, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.
От та болғым келмейді жылуым бар,
Жылуым бар, керек пе, жылыныңдар.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Күн сәулесі ойнаған тұлымымда.
Қанат қағып өмірге ұшарымда,
Кесілмесе бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ ананың құшағында.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ОТЫЗДАН АСЫП БАРАМЫН
Терме
Сұқтанып тұрып жанарың.
Сұрыма неге қарадың?
Солай да, солай қарағдың,
Отыздан асып барамын.
Шашымның санап әр ағынғын,
Таңырқай берме, қарағым.
Санаулы басқан әр адым,
Отыздан асып барамын.
Белгісі тұр ма ағаның,
Бетіме неге қарадың?
Бақытын тілеп баланың,
Отыздан асып барамын.
Қуанып кейде қаламың,
Қуарып кейде қаламын.
Аттанған ата-ананың,
Артынан кетіп барамын.
Әзілің қайда, қарағым,
Әжімге несін қарадың?
Артымда қалып аларым,
Отыздан асып барамын.
Солай да, солай қарағым,
Көңілдің таппай қалауын.
Жастықтың жықпай жалауын,
Отыздан асып барамын.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ӨМІР СҮРЕЙІК АЛМАСЫП
Терме
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас кайың?
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі),
Өмірінді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім маған өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жок, жанды қайың сен,
Айырмашылығым - Адаммын
Мендегі бары бір жүрек,
Беріпті жүрек саған мың.
Сондықтан ұзақ жасайсың —
Құрдасы келер заманның.
Бар-жоғы менде бір жүрек,
Ол өлсе — мәңгі кеткенім.
Сендегі семсе мың жүрек,
Келгенде жасыл көктемің,
Тіршер қайта дүркіреп.
Жапырақ жүрек жас қайың!
Жанымызды айырбастайық.
Адам боп жүрсең касқайып,
Тәуекел, айырбастайық!
Өмірге өмір жалғасып,
Анамыз жерге жармасып.
Бірде адам, бірде кайың боп,
Сүрейік өмір алмасып...
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
МЕН ДЕП ОЙЛА
Әні Төлегөн Мұхамеджановтікі
Сағындым ғой дедің-ау, жаным, маған,
От көрдің бе таулардан мамырлаган?
Сол менің ақ жанымның ақжалыны,
Аулақта ауылымнан дамылдаған.
Қайырмасы:
Мен деп ойла самал боп есіп өткен,
Мен деп ойла нөсерді есі кеткен.
Мен деп ойла өзіңді әр күн сайын,
Мен деп ойла, өзіңді мен деп ойла.
Естідің бе аспанның күрсінгенін,
Сол менің саған деген тылсым демім.
Ұйықтап жатса, оянсын,
Ояу болса, күңіренген жанымды білсін дедім.
Қайырмасы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ТУҒАН ӨЛКЕ
Әні Тұрсынжан Шапайдікі
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң,
Анау жерде құрбылармен алысқам.
Анау жерде құрбыжанмен табысқам,
Жолдар анау шұбатылып, шаңы ұшқан.
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Қайырмасы:
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен.
Айналайын, атамекен, ақ мекен,
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен.
Шабындықтар, егістіктер, тоғайлар,
Төбелердің төбесінде көк айдар.
Ақша бұлтпен араласып аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Қайырмасы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ҰНАТАМЫН МЕН СЕНІ
Әні Т.Досымовтікі
Ұнатанын мен сені дегенменен,
Көрмегенді өзгеден сенен көрем.
Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егерде мен.
Қайырмасы:
Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі.
Өмірімнің өлшемі,
Ұнатамын.
Ұнатамын мен сені,
Арманымдай еңселі,
Бақытымның бөлшегі.
Ұнатамын, ұнатамын мен сені.
Ұнатамын мен сені, бірақ-бірақ,
Сезіміңді қайтемін жылап сұрап.
Ұнатамын дегенім – жасандылық,
Саған деген жүрегім құрақ-құрақ.
Қайырмасы:
Дегеніңнің бәрін де жасап жүріп,
Көрсетпеймін зәредей асау қылық.
Сенің ғана ырқыңа бас алдырып,
Бұға берем, не деген жасандылық?!
Қайырмасы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ШЕШЕ СЕН БАҚЫТТЫСЫҢ
Әні М.Жәтіковтікі
Шеше, сен бақыттысың, жыламағын,
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңмен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам, саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым сөз басына.
Қайырмасы:
Аспанға жазам сенің есіміңді,
Сен бақыттысың, мен бақыттымын.
Шеше, тербетебер бесігімді.
Бармын ғой, тірімін ғой, қасыңдамын,
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмаған,
Байырғы мерекеңді қашырмаған.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам, саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым сөз басына.
Қайырмасы:
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ЖАРЫҒЫМ-АЙ!
Тұман торлап жүзіңді қалды ма-ай!
Деуші еді ғой: «жалғыздың жары Құдай»,
Неге таси береді қаным ұдай?!
Жалт етеді бір үміт, тайып беріп,
Жалынамын жанымды жайып көріп.
Қаным сыймай барады арнасына,
Қосылғандай Ілеге Жайық келіп.
Селдеткенде, екі өзен тасығанда,
Тал қармаймын, жағаға асылам да.
Шыңыраудан шыға алмай шыдам кетіп, .
Тағдырыма шынымен бас ұрам ба?!
Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,
Толқын кетіп барады, толқынды атып.
Бәрі келіп, тоғысып,
Жүрегімнің
Жағалауын төбеді солқылдатып.
Соққанда кеп миымнын жар қабағын,
Бір минуттық тынымға зар боламын.
Менін жарық дүнием, шуағынды
Ала кетсем деймін де, қарманамын...
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
БАҚЫТЫНДЫ ЖЫРЛАЙДЫ
Жыламашы, шырағым,
Күніренген қобыздың
Бұрамашы құлағын.
Ұмыт болып мына күн, сейіледі мұнарың.
Жыламашы, шырағым,
Шашыратып шуағын,
Мен білемін мына күн шұғыламен тынарын.
Аттанады мына күн, ашылады аспаның,
Шашылады аспанға сенің жаһұт тастарың.
Сонау алыс асқарға асылады шашбауын,
Шашырайды басқа нұр, қосылады бастарың...
Шаттық пенен қуаныш,
Өкініш пен мұң-қайғы
Өмір бақи тұрмайды, алма-кезек зулайды.
Жыла, жаным, жылай бер...
Мен де мәңгі тұрмаймын.
Зарынды кім тындайды?
Ертең келіп басқа ақын, бақытынды жырлайды.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
СЕНІҢ КӨЗІҢ...
Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзін көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің — жан баспаған жапандағы қара орман.
Қас-кірпігін қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем басың әп-әдемі, мүсініне шақ қана,
Шиедейін еріндерін қызарып тұр шоқтана.
Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкін сенің шашылған нұр, сөзін кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан сірә, біреу бар ма екен!?
Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сенбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.
Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсінінді сөзбен қалай тауысамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен?
Аңсадым-ау, аңсадым...
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ЖАМЫЛЫП САҒЫНЫШТЫҢ САЛ ШЕКПЕНІН
Жамылып сағыныштың сал шекпенін,
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін.
Зарықтыр, о, тәнірім, жалықтырма?
Мәңгілік ғашыкпын мен, ант еткемін!
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен,
Күнім боп тұра бергін көгімде сен.
Өлді деп ойлай бергін сонда мені,
Бұлт болып шуағынды тұтып алып,
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем.
Көкке емес, жерге сонда құлайды арман,
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған.
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой,
Сол — менмін көктін жүзін шыр айналған.
Білем саған жете алман, ғарыштасың,
Белгілі мәңгілікке табыспасым.
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің,
Сен маған сағыныш боп жабысқасың.
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?!
Сен маған шексіз дала сағымысың.
Мен өтермін, өтермін, өтермін мен,
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!!
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
СИЫР АЙДАП ӨРІСКЕ ЕРТЕҢМЕНЕН
Сиыр айдап өріске ертеңменен,
Баратын ек тоғайға еркемменен
Тал басына шық тұрып, күннің нұры
Мың бояумен тоғайды көркемдеген.
Қарасаздың шыбығын жел тербеген,
Жел тербеген шыбықты мен тербегем.
Ойласамшы, сол шыбық терек болып,
Өзегімді бір кезде өртер деген...
Қарасаздың шыбығын жел тербеген
Жел тербеген шыбықты сен тербеп ең.
Сонда менің ойымда мұң бар еді,
Өзі келіп, бір күні серпер дегем.
Жақын өсіп жас шыбық бала талға,
Оянатын екеуі ала танда.
Тағдырымды сонда мен табыстаппын,
Сезімі бар, сенім жоқ алақанға...
Қарасаздың шыбығын сен тербеп ең,
Сен тербеген шыбықты мен тербегем.
Ойласамшы сол шыбық бір кездерде,
Өзегімді өзің боп өртер деген.
Сол тоғайға барып ем ертеңменен,
Қарсы алдымда терек тұр жел тербеген.
Бір тоғайда бірге өскен егіз едік,
Неге ғана шошыдың, еркем, менен?!
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
СЕН
Сен көрікті едің...
Көріктісің!
Баяғы бойындағы желік-күшің.
Не істеймін десең-дағы еріктісің,
Себебі көріктісің, көріктісің!
Сен ақылды едін...
Ақылдысын!
Тал бойында талмаған ақыл-күшің.
Ерке мінез, есен-сау жатырмысың,
Жатырмысың, жаныма жақын құсым?!
Жаратқан қолдан соққан асыл мүсін.
...Алдыңа келу қандай қиын маған!
О, менің ак бақытым, бұйырмаған.
Саусағыңның ізіне көзің салшы,
Шым-шытырак шимаймен шиырлаған,
0, менін ақ бақытым, бұйырмаған.
Сен сүйікті едің...
Сүйіктісің!
Сені көріп тағы да күйікті ішім.
Мен шыға алмас шың едің, шын бақытым,
Әлі де биікпісің?
Биікпісің?!
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
АҚҚУЛАР, ҚОШ БОЛЫНДАР
Аттанып бара жатыр аққу-қаздар,
Қош енді, қош болындар, гәкку-наздар!
Кеудемде күніренген дастан қалды,
Киелі қанатымен аққу жазған.
Аққулар, кешіріндер, жазықтымын!
Қараймын керуеніне қажып бүгін.
Адасып кетті-ау бірге сендерменен,
Алапат күшім менен нәзіктігім!
Сыңқылдап соғылғанда қанаттарың,
Таба алмай қалды менін тағат жаным.
Үзілген жолдарыңа, қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым.
Ақ көлдің айдын төсін шимайлаған,
Сұлулар, жатыр сені қимай далам.
Аққу боп неге ғана жаралмадым,
Адам боп өзіме-өзім сыймай барам.
Аққулар, алданыш па ең, арман ба едің?
Қош енді, қанатым жоқ самғар менің!
Нуларым сыңси жылап қалды-ау менің,
Суларым жетімсіреп қалды-ау менің!..
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
ӨКПЕ-НАЗ
Мына алла шыныменен қарғады ма?
Рахымсыз тұрмысым алдады ма?
Өмірлік досым деген мына адамға,
Беделім бес тиындық қалмады ма? Яу!
Көңіл қымбат алтыннан,
Білмес оны қандай жан.
Мен - бақытсыз бала құс,
Қанаты отқа шарпылған!
Ойым - қыс, жүрегім - жаз, көңілім - көктем,
Басым - бұлт қар жаудырып, нөсерлеткен.
Қамқоршым - қағаз, қалам, жүйрік қиял,
Жабырқау жас жүректі еңіреткен. Яу!..
Сайра, сайра, қызыл тіл!
Ерік сенде, өзің біл!
Деуші едің ғой, қалқажан:
“Өмір - күрес, көңіл - гүл!”.
* * * * * * * * * * ↑жоғарыға
Басты бет Дәстүр Тағам Ұлттық Ойындар ЖігіттіңҮшЖұрты Қолөнер Әндер Ырым-Тыйым Бата Жұмбақ М.Мақатаев ШешендікСөздер Ертегі ТөртТүлік Қазақтар Абай Кочевник