Мұқағали Мақатаев
Достық
«Қадірлі дос!...». Шәмілге жазған хаттардан. «Дос болам десең,...». «Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!...». Шәмілдің пәлсапасы. «Ненді сенің аңсаймын, бала шағым?...». Досыма. Досыма хат. Сабырханға. Сабыр ет, досым, азырақ! Достарға. «Досым менің, барады мезгіл өтіп,...». Менің бір досым. «Азамат едің тәп-тәуір,...».
Қадірлі дос!
Кайтесің, ренжіме,
Айтпай-ақ қой,
Халінді білем, білем!..
Таппай жүрсің сырласар сыңарынды,
Жібі түзу жан іздеп жылы өңдіден.
Айтпасан да халінді білем, білем...
Жаннын бәрін жаныңа дос санадың,
Дөс санадың...
Қалмады басқа амалың.
Ал, жүрегің?..
Жүрегің тулап жатыр,
Қирата алмай кеуденнің тас қамалын.
Бәрі де алдыма бас иер менің,
Бір құдірет қолыма тиер ме еді,
Қызылшақа сәбидей жүрегінді,
Босатып ап түрмеңнен, сүйер ме едім.
* * * * * * * * * *
ШӘМІЛГЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?
Бір дертке ұшырадым бұл күнде мен,
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар,
Бір пәле жатыр білем бүлкілдеген.
Ынтығып ыңкылменен, күңкілменен,
Жеткізіп айту қиын құр тілменен.
Бүгін маған жиырма керек боп жүр
Алдында хор қызының іркілмеген.
Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз, аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.
Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын...
...Шәміл-ау!
Қалың достан калған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!
Ғашықпын!
Ғашыкпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім — бүлдіргенім).
Жарқ етіп жайдың оты шашылғанда,
Жалт беріп, қарауға да үлгірмедім...
2
«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.
Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.
Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім,
Білмеймін білгенін де білмегенін.
...Мен деген — саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!
О, шіркін!
Қайран күндер!
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер!
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер?!
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегінді өртеп дерт, жаншымай ма?
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын, Шәміл-ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәнгі өлмес Махаббатым айта жүрер
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!
3
Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады. ~
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!
Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме
Тағдырым көленкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін!
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...
4
Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.
Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің — кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.
Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін, ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен шіркін.
Көшелердің көзінен қан атылып,
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кірпік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.
5
Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтүғын түрім бар жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.
Ойға өріс таппаған, тілге - дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ак тиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.
Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл бөлғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!
Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныппын сағымға әр жақтағы.
...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан көрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...
6
Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің - науқастың сандырағы,
Күным менің — тазынын қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!,
Шәміл-ау!
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!
Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаныраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.
Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір — жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!
* * * * * * * * * *
Дос болам десең,
Досымды сыйла, қымбаттым!
Досыңа сонда,
Досыммен ғана қымбатпын.
Дос болам десен,
Мендегі доспен достасқын,
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын.
Достарың көп пе?
Апырау неткен жақсы едің?
Досым аз менің...
Досым-ау менің, тапшы емін?
Достарыңменен достастыр мені, асылым,
Достастыр мені?
Болайын құлың нақ сенің!
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін,
Өзіме-өзім мін артып...
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан,
Достардың барып, ауласында өлген мың артық.
* * * * * * * * * *
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген — адамның көрігі екен,
Достық деген адалдың серігі екен.
Қыран күлкі-тамаша — бәрі осында,
Отырмын думан-тойдың арасында.
Береке бойдан асып жатқанымен,
Олқы тұр көңілім менің, нанасың ба?
Ұйытқып жатыр көңілде кұйын-дауыл,
Неге сен келе алмадың жиынға бұл?!
Жыраққа жалғыз мені жібермеші
Жаныңа жаманшылық бұйырмағыр!
Әне, жұрт өзді-өзімен, сөйлеседі,
Өзімсіп: — Ей! — деседі, — өй! — деседі.
Шіркіндер-ай, даурығып тындар емес!
Есіме ап, тост көтерсем, кейде сені.
Сенсіз көңіл қашан да хош тұрған ба?
Сенсіз думан — қызылсыз бос қырман да.
Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп,
Сенін орның құлазып, бос тұрғанда.
* * * * * * * * * *
ШӘМІЛДІҢ ПӘЛСАПАСЫ
Жігіттер, осы Шамкаңның
Айтқанының жаны бар.
Тесігі болса қалтаңның,
Ақшанды колға алып ал.
Жыртыла қалса шұлығың,
Әйеліңе алғын тіктіріп.
Шақыра қалса ұлығың,
Алдынан табыл, тік тұрып.
Шәркейің тозып баратса,
Армянға бар да, шегелет.
Мәрттігің ұстап қазақша,
Артық күмісті бере кет.
Қарының ашса, ет жегін,
Шөліркеп кетсең, су ішкін.
Сыра іздеп алыс кетпегін,
Ақырын күтпей жұмыстың.
Шаршасан, жатып дамылда
Кереуетіңнің үстіне.
Ауырсан-дағы ауырма,
Ойлайды, ойбай, ішті деп.
Галстук байлап жейдеңе,
Жақсылап тұрып қырын да,
Жұмысқа барғын, сөйлеме,
Сөйлеген жанға бұрылма!
...Айта берсең, табылар
Тағысын, тағы, тағылар.
Жігіттер, осы Шәмілдің
Пәлсапасының жаны бар...
* * * * * * * * * *
Ненді сенің аңсаймын, бала шағым?
Бұлдыраған айналаң ала сағым.
Ала сағым ішінде — болашағың,
Болашағың - болашақ алашағың.
Сенің қандай аңсаймын «тамашанды?»
Соғыс келді:
Жүрекке жара салды,
Шапан еттім төсенген алашамды,
Қамқор тұтып, қауқарсыз қара шалды.
Сағынам ба суың мен талқанынды?!
Суығынды, сұрқия қаңтарынды.
Әжем байғұс мезгілсіз ораза ұстап,
Бізге беріп талқанын қаңтарылды.
Сағынам ба түстерің, кештерінді?!
Жалаң аяқ таңғы шық кешкенімді.
Өшкенімді білдірмей, өскенімді,
Жүре бердім жамылып бөстегімді.
Сағынбаймын,
Сағынсам мұңайтады...
Мұңайсам, көңіл тағы лайтады.
Әнуарды, Шәмшіні, Шәмілдерді
Күн өткізген солай деп кім айтады?..
* * * * * * * * * *
САБЫРХАНҒА
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,
Іздеген жан біздерді табар ма екен?
Адасармыз адассақ, қарамай-ақ,
Кел, екеуміз кезейік жалаң аяқ.
Қасиеттеп қадірлі жерімізді,
Қалдырайық, басайық мөрімізді.
Әуестемей әлдекім салған ізді,
Өзімізше сызайық таңбамызды.
Адасармыз мықтаса құм шағылда,
Тынығармыз Қызылқұм кұрсағында.
Тек ізіміз...
Ізіміз өшпесе екен,
Құйын тұрып,
құм басып, кешпесе екен.
Өшсе, өшер,
өшкенге қарамай-ақ,
Қызылкұмды кезейік жалаң аяқ.
Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,
Іздеген жан біздерді табар ма екен?..
* * * * * * * * * *
ДОСЫМА!
Қамығып көңіл сарғайды,
Аласұра бір жүрек.
Өмір әлде алдайды,
Көз жетпейді, кім білед!..
Сонау бір бала шағымда,
Қол ұстасып өскен ем.
Өмірдің рахат таңын да,
Сенімен бірге кешкен ем.
Сұрапыл соғыс бірақта,
Амалсыздан айырды.
Ауыр жағдай шыдатпай,
Дос жүрегін қайырды.
Соғыс бітті. Жаңарды өмір,
Жүректің кірі жуылды.
Алып-ұшып достық көңіл,
Табысар күн туылды.
Қайда менің тату досым,
Көріселік, бермен келші!
Ізгі достық сыры болсын,
Арманыңды айта берші!..
Келші, досым, келші бермен!
Еске түссін балалық!
Асыр салып жүрген жермен,
Адасқан күнді табалық.
Әлденеге жабығамын,
Адасқан достық сырын айтып.
Ойымнан неге жаңыламын,
Өткен өмір келмес қайтып.
Суысқалы достық жүрек,
Талай жылдар болды міне.
Ұшқанша ол қайта түлеп,
Күні шығар жаңа дүние.
* * * * * * * * * *
ДОСЫМА ХАТ
(Жүрек жайы)
Уай, өмір! Көрсеткенің осы ма?
Тыйым салшы көздің мына жасына!
Міпажат қып күн-түн демей зарласам,
Бақыт құсы келер ме екен қасыма?
Тында, досым! Тында жүрек жұмбағын,
Мұңлы досты есіңе ала тындағын.
Мына өмірдің тұйығына тұншығып,
Қайғылану, жабығудан тынбадым.
Есіңе алшы кешегі өткен күндерді,
Жасырыпбақ ойнап жүрген түндерді.
Сол балалық бақытымнан арылтып,
Дуыр арман мені басып үлгерді.
Ауыр арман желі гулеп, азынап,
Ақ кағазға арыз болып жазылад.
Қайғыланып, қапаменен қан жұтқап,
Жас жүректің сырын ұққын азырақ.
Мен бақытсыз, өмірім тұман, қараңғы,
Сәуле орнына қайғы басты санамды.
Өзің көрген қасіреттің қанжары,
Қарс айырып көкірекке қадалды.
Өз-өзімнен жара салдым жаныма,
Білте өткізбей жас жүректің шамына.
Шырмауынан шыға алмай тұрмыстың,
Көндім, міне, табиғаттың заңына.
Ақыл айтар бір адамды таппадым,
Жалынсам да ешбір жанға жақпадым.
Әлі бастан қуғын көріп өмірден,
Көңілімді көр ішінде сақтадым.
Үмітім зор, мақсатыма жетермін,
Мұндай күнді мен де ұмытып кетермін.
Мүмкін, өмір қуғынынан құтылмай,
Мәңгі бақи жылауменен өтермін.
Сен оқисың, бақыттысың сондықтан,
Оку деген - маған болды енді таң.
Баянсыз бір гіршілікке алданып,
Бұл өмірден мешеу қалған мен бір жан.
Бақыттысың, пісер сенің жемісің,
Көгересің еңбек етіп ел үшін.
Сенің сондай оқушылык өмірің,
Өте қымбат, тәтті қиял мен үшін.
Иә, мен де сен сияқты өскен ем,
Тіл түйінін мектепке оқып шешкен ем.
Менде де үміт бар сияқты, бірақта
Дәл қазіргі өмірімнен сескенем.
Оқу десем, ет-жүрегім қан жылап,
Ғазиз басым мең-зең болып қайғырад.
Дел-сал болған жігерімді жетектеп,
Қиял кұсы алып-ұшып қаңғырад.
Сүйем мен де тіршіліктің дәм-тұзын,
Деп тілеймін: “Бар өмірім болса ұзын!”
Арман етед жас жүрегім шырылдап,
Көрсем-ау деп бақытты өмір жұлдызын.
Түсін, досым! Шермендеңнін зар үнін,
Сыртқа шықпай, ішті өртеген жалыным.
Сонау алыс шыңырауда - бір сәуле,
Сол сәуленің күтіп тұрмын жарығын.
Достым, мені неге болса көнді де,
Талай-талай “тамаша” күн көрді де.
Асқақтаған арманына жетпесе,
Мезгілі жоқ жас жүрегі сенді де.
(Жас жігерім, жасымашы болып дал),
Егер ертең алса мені сұм ажал.
Шын дос болсаң, қабіріме сонда кеп:
- Ерте сөнген бауырым! - деп есіңе ал!
* * * * * * * * * *
САБЫР ЕТ, ДОСЫМ, АЗЫРАҚ!
Налыма, досым, налыма!
Неге жүзің солғын тартты?
Тікенек кіріп жанына,
Жас жүрек-досым жылап жатты.
Шырылдап шығып шыңыраудан,
Тартымсыз, әлсіз, нәзік үн.
Тапсырардай ажалға жап,
Ыңырсып тұрды күні-түн.
Кейде өктем, кейде солғын,
Кейде судай тасыған.
Қайран досым, өлер болдың,
Әлденеден шошыған.
Сия етіп қанын жас жүректің,
Қағазға халім жазылад.
Кепкепі солар көкіректің,
Сабыр ет, досым, азырақ!
* * * * * * * * * *
ДОСТАРҒА
Достарым, риза емен мен сендерге,
Аспаннан айды алып берсеңдер де.
Қайтейін қалған көңіл қабыл алмас,
Айламен неше түрлі келсеңдер де.
Дос болмай садаға кет сенің бәрің,
Сыр ұрлаған сұмпайы өңшең зәлім,
Сыртыңнан өліп-өшіп тұрғаныңмен,
Білемін, бықсып жатыр, ішің-мәлім.
Әуелден сырларыңды ала алмағам,
Сол үшін торларыңа арандағам.
Айламен алуға бар, беруге жоқ,
Жанкеспе қасқырсындар жалаңдаған.
Бұйымға жарамайтын жапырақтар,
Сендермісің дос деген атын ақтар?
Шаң басқан топтарыңнан еңді аулақпын,
Өздеріңмен өзің бол, ақымақтар.
* * * * * * * * * *
МЕНІҢ БІР ДОСЫМ
Ана бір жыл Алматыға келгенде,
Өз аузынан досым былай деп еді.
- Дүниенің барлығын да өлеңге
Сыйғызатын ақын болғым келеді.
Былтырғы жыл Алматыға келгенде,
Былай деген сөзін ұқтым батырдың:
- Шалқар ойым сыймайды екен өлеңге,
Алты актілі пьеса жазып жатырмын.
Биыл тағы Алматыға келіп ем,
Досым менің барлығын да тастапты.
Ақысы мол, өзі қалың, жолы кең,
Екі томдық романын бастапты.
* * * * * * * * * *
Досым менің, барады мезгіл өтіп,
Мезгіл өтіп барады, тоқтамайды.
Ұры өмірді уақыт - жел күзетіп,
Ұстамақ боп бір сәтке ноқталайды.
Жылдар ағып барады, жылдар ағып,
Аударылып теңіздің арнасында.
Жылап-сықтап әнеки тұр балалық,
Біз теңізге секірген жар басында.
Шыдармын ба бақытты таба алғанша,
Барады өтіп несібем кенде менің,
Амал қанша, досым-ау, амал қанша,
Жақсы еді ғой өмірге келмегенім.
* * * * * * * * * *
Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр,
Жалт беріп, сырғып кеткенің
Жаныма менің батты ауыр.
Айрылып достан жапы ізгі,
Ауырлық басты, сеземіп.
Адасқан құлын тәрізді,
Апыр-ау, қайтіп төземін?
Көңілге салдық босқа кір,
Кіре алмай достық тыста жүр.
Қуатсыз қалған дос та бір,
Қанатсыз қалған құс та бір.
Бауырын бауыр қыя ма?
Табысайықшы қайтадап.
Қос апа бір-ақ ұяда,
Балапан едік шайқаған.
Азамат едің тәп-тәуір,
Барасың болып жат бауыр.
Толғанып кел де, тап бауыр,
Томсарып жүрер шақ па бұл!..
* * * * * * * * * *
Басты бет Дәстүр Тағам Ұлттық Ойындар ЖігіттіңҮшЖұрты Қолөнер Әндер Ырым-Тыйым Бата Жұмбақ М.Мақатаев ШешендікСөздер Ертегі ТөртТүлік Қазақтар Абай Кочевник