Қазақтың ұлттық киімдері

Ер адамның киімдері: шапан, тон, шалбар, белдік...   Әйел киімдері: койлек, қосетек көйлек, қамзол...   Бас киім:  жекей тымақ, бөрік, тақия, сәукеле, кимешек...   Қазақша мата атаулары


Қазақтың ұлт киімдерінің түрлері мен атаулары көп: кейде ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп, кейде әлгі жүздер ішіндегі рулардың аттарымен де айырып айтылады. Мысалы, арғын тымақ, найман тымақ,  қызай бөрік, ноғай бөрік т. с. с. Кейде географиялық мекен атына қарай да ерекше мәнер үлгіге бөлінеді.— қоңырат үлгісі, жетісу үлгісі, арқаның үлгісі және т. б. тақия.jpgМұндай бөліп атау киімдердің кеңдігі, ықшамдылығы, бойға қонымдылығы және әшекейлеу мәнерлерінің ерекшеліктеріне қарай да ажыратылады. Мысалға, шапан үлгісін алайық. Ұлы жүздің шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік елі өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарымен көршілес, көпшілік кәсібі бақ өсіріп, егін салу болғандықтан бұлардың киім үлгісімен тігілу мәнеріне осы жағдайлар ықпал еткен. Орта жүздің шапандары көбінесе бір беткей матадан, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болып келеді. Өйткені орта жүз қалаға жақын, орыс, татар халықтарымен аралас-құралас отырады. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді. Осындай ара-тұра айырмашылықтары бола тұра, солардың бәріне бірдей ортақ, ұлттық мәнер мен қазақша атаулары бар. Үш жүздің қайсысында болса да шапанға шабу қояды және оны барлық жерде шабу деп атайды. Жеңтүптері кең келеді де, оны жеңтүп, ойынды, қолтырмаш деп атайды. Үш жүздің қайсысы болса да шалбарға ау қояды, қолтыққа қолтырмаш салады. Қазақ киімдерінің ең ықшамды кішірек түрлері орта жүз бен ұлы жүзде, ал ең мол, үлкен үлгілері кіші жүз жақтан кездеседі.

Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапар шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы көрнектісін киетін.

шапан.jpgХалық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақсы киініп жүрген. Олар бойжеткендер, бозбалалар, салдар, ән-күй, күрес өнерпаздары еді. Сол сияқты келіншектер де тұңғышын тапқанша өте сәнді киініп жүрген. Кестелі, зерлі, жалтырауық киімдерді қадырлы қарттардың да үнемі киіп жүруі ел рәсіміне тән сиымды салт деп саналған.

↑жоғарыға

Еркек киімдерінің ең қымбаттысы — аң терісінен істелген ішіктер. Олар аң түрлерінің атына сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, түлкі ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бірнеше түрге бөлінген. Аң терісінен тігілген ішіктердің сыртын шұға, мауыт, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы торғын, ләмбек сияқты бағалы да ширақы маталармен тыстаған. Кейде осы материалдарды бірнеше түсті жібек жіптермен кестелеп, сумоншақ, маржан тізген жіптер бастырып, етек-жеңіне алтын, күміс зер ұстап, кейде бөлек тігілген кестелермен сыртынан қаптап киген. Ішіктер кейде әдіпті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып келген.

Шапан көбінесе жүн тартылып бидайланып тысталған. Кей жерде шапанды әуелі астар мен бидайын қабып алып, тысты соның үстіне бос жабу арқылы тыстаса, кей жерлерде тура тыстың үстінен қабыған, кейде сыритын болған. Мұндай шапанды «сырмалы шапан» деп атаған. Шапандар көбінесе қайырма жағалы, кейде тік жағалы бешпент түрінде кездеседі. Қайырма жаға шапанның бір түймесі, тік жағалы бешпент шапанның екі түймесі бар.

Тон көбінесе иленген күздік қой терілерінен тігіледі. Орта денелі адамдарға 11—12 қойдың терісінен тон шығады. Олардың шап терілері мен пұшпақ терілері, таңлықтары, мойын терілері бөлек алынады, яғни олар тон тігісіне пайдаланылмайды. Тондардың жүндері ішіне қарайды, ет жағы қынамен, қабықпен, томар бояумен боялады. Тонды тебен инемен басып тігіп, немесе шалып тігіп кестелейді. Кейде сыртына тыстық жапсырып қаптама тон да тігеді. Қаптама тондардың тыстарын әр түсті жіппен кестелеп, елтірі, сеңсең, аң терілерінен қайырма жаға жасап, етек-жеңіне жұрын ұстайды.

Жарғақ, тайжақы деген өң киімдерді тайдың, құлынның терісінен, жүнін сыртына қаратып істейді. Оларды да малмаға салып илеп, еттерін қырып, қабыққа, қынаға салып өңдерін басып ажарлайды. Шеттерінің әдіптерін кестелеп, жага-жеңдерін әшекейлейді. Кейде етегін, өңірін қаусырмасын қымбатты аң терісінен жұрындап қояды. Әдетте тайжақы мен құлын жарғақты бешпенттің, бешпент күпі сияқты жеңіл киімдердің сыртынан киеді. 

белдік.jpgШалбарды барқыт, пүліш, шұға, тібен, шөшінше, шибарқыт, шегрен, ләмбөк, мәлескен, қырмызы, қамқа, көк мауыты сияқты ширақы маталардан, қой-ешкі терілерінен тігеді. Шалбардың бауы ышқырға өткізіледі, қалтасыз, кең балақ болып келеді. Оның кең тігілуі салт атқа мініп-тұруға, малдас құрып отыруға өте қолайлы болған. Шалбардың балағы кейде етік қонышының ішіне салынып, кейде қоныштың сыртында жүреді. Жеңіл шапан мен бешпенттің етегін де ышқыр астынан жіберіп, шалбарланып алатын. Шалбарланып жүру әсіресе аңшылар мен батырларға, балуандарға тән әдет еді. Шалбардың балағы екі жанынан ойық (жырық) болып істелетін де, ол кестеленіп қойылатын. Сондықтан да шалбар өте сәнді және көрікті киімдердің бірі саналған. Қой терісінің әр түрлерінен (жүндес, қырықпа, тақыр және т. б.), ешкі және құлын терілерінен, былғарыдан тігілген шалбарды көбінесе тыстамайды. Оны бір түске бояп, кестелейді, балағын құндыз, сусар сияқты аң терілерімен жұрындайды. Теріден тігілген шалбарды матамен тыстап та жүрген. Еркектер көбінесе сырт киімдерін түймесіз, тек белбеумен ғана киген. Белбеуді бірнеше метр матадан ораған. Белдікпен кісені қайыстан, былғарыдан қабаттап, күмісті мықтармен, білезіктермен, көзді күміс бұдырлармен сәндейтін. Бұлардан басқа құр, терме, шекпен белбеулер де болған. Оларды да өрнектеп, шашақтап, әдемілеп істеген.

↑жоғарыға

кимешек.jpgӘйел киімдерінің де әр аймақта әр түрлі үлгілер мен әр алуан атаулар бар. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне тән түрлері: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебіс-мәсі, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан ел салты бойынша төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек киімдері, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де әшекейі де әр қилы. Қыз киімдерінің кеуделері тар, қынамалы, омырауы мен жаға-жеңдері кестелі, көйлектері қос етекті, бас киімдері үкілі, моншақты, аяқ киімдері биік өкшелі, жеңіл және қай киімі болса да алтын, күміс, меруерт моншақтармен әшекейленеді. Қыздар көбінесе құндыз бөрік, қатипа тақия киіп, шолпы тағып жүреді. Қыздар төсін жасыру үшін кеудесін көкірекшемен қатты тартып тастап жүрген. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімдерін кие береді. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді. Олардың бас киімдері шаршы, сарала жаң, торғын шәлі, қызға қарағанда әшекей заттары аздау болып келеді. Орта жастағы әйелдер құбатөбел киінеді. Олардың көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартады. Жақтарын оқаламайды, жәй кестелейді. Қарт әйелдердің киімі неғұрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі тана, түйме, тіс шұқуыш, қапсырма, оқалы өңір сияқты заттар болған. Олар шолпы тақпаған, алқа салмаған. Ал оқалы жақ, көксауыр кебіс, кестелі мәсі, білезік, сырға, сақина, күміс түйме, теңге сияқты әшекейлі заттарды қай жастағы әйелдер болсын тағына берген.

өңір.jpgӘйел киімдерінің ең бастысы көйлек, одан кейін сәукеле, бөрік, тақия, кимешек-жаулық, бергек сияқты бас киімдер мен қамзол, кәзекей, желетке. Әйел көйлегінің кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосатын. Кеуденің етекке қосылған жерін көйлектің белі немесе бүрмесі деп атайды. Әйел көйлегінің кеудесі тар, етегі кең болады. Өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектеледі, мұны «қақпа» деп атайды. Ана болған әйел осы қақпа арқылы бала емізеді. Көйлектің жағасы тік шығарылып ол артынан, кейде бір жақ иық үстінен түймеленеді. Ал қыз-келіншектердің көйлегінің жағасы кестеленеді немесе қол инемен көркемдеп қайып тігіледі. Кейде жағаның үстіңгі шетін бүрмелеп желбірлеп қояды. Қыз-келіншек көйлегінің жағасының өңіріне бірнеше түймені тізіп қадайды.

Қыздар мен жас әйелдердің ең бір сәнді киімі қос етек көйлек. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп таза жүннен тоқылады. Мұндай көйлекті қыс киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады. Әйел көйлегін ерекше сәндеп тұратын қосымша заттардың бірі омырауға не тігіп, не түйме, түйреуіш, ілгектермен жапсырып қоятын «өңір» деген зат. Өңір жағаның алдыңғы жаң түбінен бел бүрмесіне дейін, ені екі жақ қолтың тігісіне жетеді. Өңірді асыл матадан бөлек тігеді. Шет-шетін кестелеп, зерлер салып шашақтап, бетіне неше түрлі асыл тас, меруерт-моншақ, алтын не күмістен алқа, теңге, бастырма, жылтыраған үзбелі салпыншақтар қадайды. Өңірді кеудеше, көкірекше, төстік, алқа деп те атай береді.

↑жоғарыға

Бас киім. Қазақ қауымының әдетінде ер мен әйелдің бас киімі де әр баса. Ерге тән бас киімдер: тақия, бөрік, тымақ, құлақты бөрік (құлақшын), қалпақ, шалма, шыткүлапара (башлық), жалбағай. Оларды теріден, ан терілерінен, тыстық маталар сырып тігеді. Әйел бас киімдері: кимешек, жаулық, күндік, шаршы, сәукеле, желек, шәлі бүркеніш, бергек т. б. Бұлар көбінесе іштік жеңіл матадан, ал қатипа тақия, құндыз бөрік, шошақ бөріктер ең қымбатты аң терілерінен тігіледі.

Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Қазақтың «дос аяғыңа қарайды, дұшпан басыңа қарайды» дейтін мақалы осы жайдан қалыптасқан. Сол сияқты сыпайылық көрсеткенде, біреуден біреу кешірім өтінгенде, аяққа жығылғанда бас киімді шешіп немесе бөрігін аяқ астына тастап аһ ұру да осы бас киімді қастерлеуден туған. Қысқы, жазғы бас киімдер бір бөлек, той жиындарда, жорықтарда киетін бас киім бір белек болып түрліше тігілетін. Тымақ пен бөрікті көбінесе мәриден, елтіріден, сеңсеңнен, лақ терісінен, пұшпақтан т. б. мал терілерінен жасап тыстайды, арасына жүн салып сыриды. Қыстыгүні киетін түлкі терісінен жасаған тымақты барқыт, пүліш, атлас, шұға сияқты жылы, әрі қымбат маталармен тыстаған.

тымақ.jpgЖекей тымақ — жаз бен күзде киетін әрі сәнді, әрі жеңіл елтірі тымақты айтады. Жекей — сәнді деген сөз. Жекей тымақты дүрия, шағи сияқты жібек маталармен тыстап, кейде оның артқы етегін көтере түріп, кейде алдыңғы бір жақ құлағын алға келтіре әнтек шекеге салып киетін. Бөрікті де әр түрлі үлгіде қозы, қой, түрлі аң терілерінен тігеді. Бөріктің түрмесі кейде жалпақ, кейде жұмыр етіліп жасалады. Ал оңтүстік аймақтарда қой терісінен тігілген түрмесі үлкен бөрік киеді. Бөріктің неғұрлым жүнді де жылы түрлері Орал, Гурьев жағында жиі кездеседі. Жетісу, Семей, Өскемен жағында жаллпақ және биік түрмелі үлгілері кеп. Бұрын ақын, әнші, сауыққой салдар мен өнерпаз жастар өте сәнді тігілген шошақ төбелі құндыз бөрікке үкі тағып киетін. Тақияның да үлгілері мен атаулары көп. Етегі аласа, төбесі төрт сай болып келетін кестелі шошақ тақиялар оңтүстікте көбірек кездессе, аласа етекті, төбесі киіз үй сияқты тегеріш тақиялар орта жүзде көбірек кездеседі. Ал жалпақ төбелі, етегі биік тақия мен тостаған сияқты қаптама тақиялар кіші жүзге тән. Ерлер киетін тақияда теңге, моншақ, тана болмайды. Оның есесіне олар «мүйіз», «атерін», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді, қолмен «таңдай», ирек», «қабырға» тігістерімен әдеміленіп сырылады. Кейде ақиллардың дәл төбесінде сол матаның езінен істеген түіртпек шошағы болады. Оған бозбалалар, салдар, күйеулер ашақ, үкі, күлте, шоқ тағып сәндеп киеді.

Әйелдердің бас киімдері де бірнеше түрге белінеді. Олар: тақия, бөрік, орамал, жаулық, кимешек, күндік, сәукеле, желек, шәлі, бергек, қарқара және т. б. Қазақ ғұрпында ердің де, әйелдің де бас киімсіз жалаңбас жүруі ерсі саналған. Әсіресе әйелдер жалаңбас жүрмейтін.      

сәукеле.jpgСәукеле әйелдің бас киімдерінің ішіндегі ең әшекейлісіде күрделісі. Сәукелені ұзатылатын қыздар және сол қызға еріп жүріп сыңсу айтатын нөкерлер киген. Қалыңдық күйеудің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп отырып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергекті желек киетін. Сәукеленің негізі оның төбесі. Төбе не талдырма етіп қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып сырығын асыл матадан істеледі. Содан кейін төбені кестелеген, шет-шетіне құндыз жұрын ұстаған немесе алтын, күміс оқамен зерлеген тыспен тыстайды. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленің бетмоншағы деп атайды. Сәукеленің төбесінде алтынмен, күміспен әшекейленген қатырғы болады. Тізілген моншақты, асыл матадан, ақ жібектен жүргізген желекті осы қатырғыға бекітеді. Мұны бергек деп атайды. Кейде бергекке тоты құстың бірер тал қауырсынын тігінен қыстырып бекітіп қояды, оны қарқара дейді. Сәукеленің арт құлағы шашқап тәрізді белге дейін жетеді. Сәукеленің ең сыртынан жауып қойған шашақты әшекейлі жібек мата бар, ол көйлектің етегі құсап, жерге сүйретіліп жүреді. Кейде батырлар да осындай, сәукеле тәрізді мол әшекейлі дулыға киетін. Оның темірмен, шынжыр тормен қапталған, әсем түрлері көп. Бұларды «жыға» деп атаған.


Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі.Әдетте кимешек ақ матадаң немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан-алуан. Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.

         kimeshek.jpg  

Суреттерде: Кимешек күндігімен - 1,2 ; Кимешектің әртүрлі үлгілері - 3-14; Дина Нұрпейісованың кімешегі - 15; өз әжем Нұғиның кимешегі (админнің ескертүі) - 16

Орама кимешек — кимешектің кең тараған түрі ғана емес, ең көне тұрнаты да. Тұтас матаның төменгі бұрышы дөңгеленіп кесіледі де, жоғарғы бұрышы әйелдің бет-пішініне орай ойылып тасталады. Төбе жағына кейде тігіс түсуі де мүмкін. Казақстанның көп жерінде бұл кимешек трапециялық, не төбесі шолақ үшбұрыш түрінде пішіліп, жоғарғы жағы бетке киілетіндей етіп ойылады. Кимешектің артқы ұшы ұзын келеді, кейде өкшеге жетеді. Қазақстанның шығыс өңірінде кимешек қысқа болып, алдыңғы бұрышы қиылған төрт гүл келеді. Бұл кимешектер құрама матадан жасалып, құлақ жағына шаршы қиықтар тігіледі.

Сырдарияның сағасын мекендеген қазак әйелдерінің арасында бүрмелі кимешек кең тараған. Бүрмелі кимешектің бет жағы шаршы келіп, төменгі ұзын ұшы омырауға түсіп, төбесі жинақтала келе түйіліп, кейде-кейде оның үстіне бөрікше киіледі. Оңтүстік өңірдің әйелдері матаны ұзыннан екіге бүктеп жартылай кесіп, оны қайта жалғай тігіп, тігісін арқасының суағар тұсына келтіреді. Жетісу келіншектерінің кимешектерінің үлгілері де аса мол, байлау үлгілері де ерекше көз тартады.

Кимешек әшекейсіз болмайды. Әшекей орнына алтын, күміс, ағыл, ақық, шырымтал, меруерт секілді металл және қымбат бағалы тастар қолданылған. Әрине, олар да әйелдің жас мөлшеріне, алеуметтік орнына орай тағылған. Кимешек пен оның алдыңғы өңірі ою-орнексіз болмаған.

Кимешектің егде және қартаң тартқан әйелдер киетін қарапайым түрлерін шылауыш, күндік деп атайды. Аса қарт бәйбішелер шалма да киетін.

Әйелдердің ақ матадан жасаған бас киімінің жалпы атауы — ақ жаулық. Ақ жаулық апаларымыздың ақ ниетінің, иманжұзділігінің, кіршіксіз, адам табынарлық мөлдір мінезінің де белгісі еді.

Қазақша мата атаулары. Мата атауларының ішінде бұрыннан көпшілікке белгілерімен қатар сирек қолданылатын және беймәлімдеу ақду, мыңсым, тұқаба, тапта, т.б. атаулар да бар. Осы мәліметпен танысып шыққан оқырмандарымыз ел аузындағы мата атауларын жинастырып, түсінік-сипаттамаларымен қоса бізге жіберер деген үміттеміз. ( rakhat7805@mail.ru )

Қыжым              Берен                   Батсайы               Зеріп                   Мағанқара
Қымқап Жібек Тапта Атлас Мыңсым
Қырмызы Жібекатқан Сылаң Ақзу Мауыты
Қамқа Дүрия Сұрып Шыт Шағи
Кенеп Деке Сыңсыма Шибарқыт Пай
Бөз Тік Сәндіп Шыдаған Пүліш
Бейхасап Тұқаба Сиса Шәйі Ләйлі
Бояқ Торқа Стамбұл Шұға Парша
Бәтес Торғын Сәлдебоз Мақпал Күнтүн
Барқыт Барша Сәтен Манат  

↑жоғарыға

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник