Ұлы билер
Төле би
Төле Әлібекұлы (1663-1756) қазіргі Жамбыл облысы, Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, одан Жарылқамыс, Жарылқамыстан Жанту би, одан Жайылмыс би, одан Құдайберді би («Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады).
Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады. Төле жастайынан ескіше оқып сауатын ашады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз хисса-тарихтарын ел арасынан тыңдап, өзінен бұрынғы өткен шешен билер мен хандар, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі, нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі.
Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмәр шешен, би болған кісі. Жас Төле әкесіне еріп жүріп ел кереді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Төле би өсе іселе Ұлы жүздің төбе биі атанады. Ол Жоңғар шапқыншылығына қарсы барлық жорық, соғысты ұйымдастырып, жеңіске бастаушы, қазақ халқының біртұтастығын сақтап қалған ірі тұлға. Абылай бастаған батырлар, хандар тобын тәрбиелеп өсірген ұстаз. Тәуке хан (1680-1718) тұсында үйымдасқан билер кеңесінен Ұлы жүз атынан мүше болып қатысып, қазақтың әдет-ғұрып заңы «Жеті жарғыны» жасауда шешуші рөл атқарған ақылгөй, кемеңгер, аға би болған.
Қазыбек Би
Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауындағы ауылда туып, жастық шағын Қаратау Ұлытау атырабында өткізсе керек. Қазақ шежіре деректері бойынша Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұлар да оқыған, тоқығаны көп, ақылгөй абыз, шешен би болып өткен.
Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп (оларды ел «төрт бегі» деп те атаған) тарайды. Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен, би болыпты.
Қазыбек елге жеті жасынан шешен болып танылыпты, он жасында қалмақ ханы Қонташыға елшілікке барған. Сонда ол: «Ешкімге тиіспей жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз»,— деп басталатын атақты сөзін айтқан.
Қазыбек қолға түсіп қалған Абылай ханды құтқарып алады. Ол Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет хан тұсында елдің ішкі, сыртқы саясатына белсене араласқан беделді би болған.
Әйтеке би
Әйтеке (шын аты Айтық) Бәйбекұлы (1681— 1737 ж.ж.) — Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен биі. Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын, одан Әлім, Әлімнен Қарасақал, одан Сарыбас, Пұсырман, Шігір, Төртқара шығады. Төртқарадан Қарышы, одан Сейітқұл, Сейітқұлдан сегіз бала болған. Соның бірі кезінде Самарқанды билеген Жалаңтөс батыр еді. Әйтеке сол Жалаңтөстің немересі, Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туған.
Әйтеке бидің қай ауылда, қай жылы туғаны әзірше анық емес, әркім әртүрлі жазып жүр. Қазақ кеңес энциклопедиясының 1-томында: «Айтық, Әйтеке (17 ғ. аяғы, 18 ғ. басы) Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүзді басқарған би. Есім ханның тұсында Самарқанды билеген атақты Жалаңтөс батырдың немересі» деп көрсетілген. Ел аузында айтылып жүрген бір шежіре-аңызда Қаражігіт би (халық Әйтекені осылай деп те атап келген) Ташкент шаһарының қасындағы Келес өзені бойында туған. Ташкентті билеген Төле биден 18-19 жастай кіші еді дейді. Бұл дерекке қарасақ Әйтеке би 1681-82 жылдары туылған.