Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ЖҰМБАҚШЫЛ ПАТША ҚЫЗ БЕН ҚАРАҚҰЛ
Мерәлі екен. Күндердің бірінде патша аң аулау үшін саятқа шығады. Жүріп келе жатып, патша қыздың шарбағына кезігеді. Шарбақты жағалай жүріп, қызды көреді. Әйелдікке алуға қызығып, патша қызға елші жібереді.
— Маған қыз патша тисін,— дейді. Оған патша қыз айтады:
— Егер патшаңыз мені жұбайлыққа алам десе, менің ол патшадан сұрайтын сауалым бар. Сол сауалыма толық жауап берсе, қалауы орындалады. Жауабы дұрыс болмаса, маңыма жолатпаймын. Менің сауалым мынау:
«Бір бағланым бар, сол бағланымның майы көп пе, еті көп пе? Соны айырып берсін».
Сонда патша бұл сауалдың жауабын өзі таба алмайтын болған соң, қыздан:
— Рұқсат етсін, бұл сауалға жауап қайтара алатын адамды іздеп табайын,— деп, қызға тағы елші жібереді. Қыз жауап қайыратын адам іздеу үшін патшаға рұқсат етеді.
Патша еліндегі барлық ақылман адамдарды жинап, қыздың сауалын айтады. Сонда жақсылардың ешқайсысы жауап бере алмайды. Енді патша жасауылдарына бұйырады.
— Адамның, шөптің, құстың жаманын тауып келіндер. Соны айырған кісіден сұраймын.
Жасауылдар өздерінің білгенінше шөптің жаманы деп, Құсқонбас деген шөпті, құстың жаманы деп, Байғызды алады. Адамның жаманын іздеп ас болып жатқан, көп адам жиналған жерге келеді. Мал көп сойылған екен. Жиналғандардың бәрі тойған кезде, тамақ асқан жерошақтың басында жүрген бір қара құлды көреді. Бастан құлақ, сирақтан тұяқ тимей жүрген Қарақұлды тауып, жасауылдар өз ойларынша «адамның жаманы осы болар» деп ойлап, Қарақұлды патшаға алып кетеді. Жолда келе жатқанда Қарақұл жасауылдардан сұрайды:
— Мені қайда апарасындар?— деп. Сонда патшаның жасауылдары айтады:
— Сені патшаға апарамыз. Патша бізге шөптің, құстың, адамның жаманын тауып әкеліндер деп бұйырған. Шөптің жаманы — Құсқонбас, құстың жаманы — Байғыз екен. Ал адамның жаманы — сенсің.
— Жоқ, олай емес,— дейді Қарақұл сонда,— шөптің жаманы — ебелек. Себебі ол жанса жалыны жоқ, сөнсе шоғы жоқ. Құстын жаманы Байғыз емес, сауысқан. Адамның жаманы мен емес, күшік күйеу. Бірақ бұлардың ешқайсысы патша қыздың сауалына жауап қайтара алмайды. Ал мен жауабын табамын. Мен бір байдың құлымын. Құным мың ділдә. Сол құнымды қожайынға беріп, мені құтқарса, мен жауабын тауып беремін.
Жасауылдар бұл сөзді патшаға жеткізеді. Патша ести сала жылдам Қарақұлды сатып алған кісіге мың ділдә беріп, сатып алып келуге бұйырады.
Патшаның өмірін жылдам орындауға тырысып, Қарақұлды қожасынан мың ділдаға алады да, патшаға жеткізеді. Келген соң патша Қарақұлдан сұрайды:
— Бір бағланым бар, еті коп пе, майы көп пе?— деп. Қарақұл:
— Қыздың барлық сұраған сауалына қарсы алдында жауап беремін,— дейді. Содан кейін патша уәзірін қасына ертіп, Қарақұлды қыздың алдына жеткізеді. Қыз патша әуелі патшадан сұрайды:
— Бір бағланым бар, еті көп пе, майы көп пе?
— Қозының еті көп,— деп жауап қайырады патша.
Бұдан кейін патша басқа бөлмеге шығарылады да, уәзірінен сұрайды. Ол да еті көп деп жауап береді. Содан соң уәзірді де басқа бөлмеге шығарады да, Қарақұлдан сұрайды. Сонда Қарақұл:
— Майы көп,— деп жауап береді. Қыз патша сұрайды:
— Майы көптігінің себебін айт.
— Семіз бағлан дегеніңіз, тақсыр, өзіңізсіз,— дейді Қарақұл — Майы сіздің бұқара халқыңызға істеген адалдығыңыз бен жақсылығыңыз деп ойлаймын. Жақсы дағдылы патшаның, халқына жақсылығы көп болады деп, өзіңізді бағланға балағанда, бұқараға жасаған жақсылығыңызды майға ұқсаттым.
Содан кейін патша қыз Қарақұлды бір үйге кіргізіп, алдына жайпақ табақ қойып, оның үстіне бір қарбыз бен пышақ қояды. Қарақұл пышақты қарбызға шаншады да, үйден шығып кетеді. Сыртқа шыққан соң патша мен уәзір сұрайды:
— Қыз патшаның сауалына не деп жауап таптың?— деп. Қарақұл айтады:
— Мен ешнәрсе білмеймін, менен ештеңе сұраған жоқ.
Өзінің тапқанын жасырған соң, патша ашуланып, Қарақұлды дарға асуға әмір береді. Сонда да Қарақұл ештеңе айтпайды. Қарақұлды асу үшін дар ағашының түбіне алып келгенде, Қарақұлдың дарға асылғалы жатқан хабары патша қызға жетеді. Қыз патша әлгі қарбызбен пышақты көтеріп келіп, дар ағашының түбіне пышақпен қарбызды қақ бөледі де, үн-түнсіз жүре береді. Сонда барып Қарақұл айтады:
— Мені босатып, енді патшаға алып барыңдар,— барлық шын сөзімді айтамын.
Жасауылдар Қарақұлды патшаның алдына алып барады. Сонда Қарақұл:
— Мен қыз патшаның сауалына былай жауап бердім,— дейді — Бағлан қозы — өзіңіз, май дегеніңіз бұқара халқыңызға жасаған жақсылығыңыз дедім. Әрине, патшаның бұқара халыққа жасаған жақсылығы көп болар деп ойлаймын дедім. Сонан соң қыз патша маған бір қарбыз бен пышақ әкеліп берді. Оның мәнісі — осы қарбыз жарылмай шыныңды айтпа дегені. Мен бұған түсініп, пышақты қарбызға шаншып кеттім. Өйткені — осы пышақпен бауыздаса
да айтпаймын дегенім. Сондықтан бұл сөзді айтпаған едім. Өлсем де айтпас едім. Қыз патша бүгін қарбызды дар ағашының түбіне әкеліп жарып кетті. Қыз паптшаның сауалына жауап тапқанымның бір мәнісі тағы былай: егерде маған жақсылық қылмай қарбызды жармаса, мен өлер едім. Міне, менің ойымша, майы көп деп айтқандағымның дұрыстығы осы.
Содан кейін қыз патша сауалына жауап тауып берген Қарақұлға тиіп, барша мұратына жеткен екен.