Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ЖЕТІ ҚАРАҚШЫ МЕН ХАН
Бір жарлы жігіт жат жерде талай жыл жұмыс істеп, тапқан-таянғанын алып үйіне қайтады. Көптен жол торып жүрген жеті қарақшы кезігіп, жігітті тұттай жалаңаш қып тонап алады. Жігіт қалаға тартқан қарақшылардың қарасынан көз жазбай ілесіп отырады. Қалаға бірге кіреді. Тұратын үйлерін анықтап көріп алғаннан кейін мән-жайды ханға барып айтады. Хан жеті қарақшыны шақыртып алып:
— Мына жарлының мүліктерін қайтарып беріндер,—дейді. Қала кедейлерінше жұпыны киініп алған қарақшылар:
—Біз дәнеңесін алған жоқпыз, тақсыр. Өзіміз қалада қалт-құлт етіп, әзер жан бағып жүрміз,— деп, бет бақтырмайды.
Хан зар илеген жарлының сөзіне нанарын немесе мізбақпай тұрған қарақшылардың сөзіне нанарын білмей дал болады...
Содан кейін жарлы жігітті кайтарып жібереді де, жеті карақшыны қонақ үйіне алып барады. Үстілеріне шыт жаңа киім беріп, жақсы тамақтандырып күтіп-бағады. Қарақшылар күн сайын базар аралап келеді де, өздерінің ерліктері мен өткен өмірлері туралы әңгіме айтады. Бір күні сөз саралғысы етіп, хан оларға мынадай бір әңгіме айтады.
— Бір байдың жеті жасар қызы бір бағбанның бағындағы гүлге қызығып, бағбанның баласынан сұраса:
— Бойжеткенде маған тисең — беремін,— дейді қызға бағбанның өзі құралпы ұлы.
— Мақүл,— деп, қыз уәде береді де, гүлді алады.
Арада біраз жыл өтіп, байдың қызы бойжетеді. Ата-анасы қызды біреуге ұзатпақ болып той жасайды. Қыз кішкене күнінде бағбанның баласына берген уәдесін айтып, өзін алмақ болып келген күйеу жігіттен басына бостандық беруін сұрайды.
— Ондай уәдең болса, менің киліккенім орынсыз екен,— деп жігіт қызға рұқсат береді. Қараңғы түнді жамылып, бағбанның баласына келе жатқан қызға жеті қарақшы кездесіп, біреуі алмақшы болады. Қыз оларға да өзінің түн жамылып келе жатқан жағдайын айтады. Сонда жеті қарақшы:
— Ондай уәдеңе бола түн жамылып бара жатсан — рұқсат,— деп, қызды коя береді. Қыз бір бел аса бергенде жортып жүрген бір топ көкжал қасқыр кезігеді. Аш қасқырлар қамап, өзін жейтін болған соң, қыз қасқырларға да неге кетіп бара жатқанын айтады. Қыздың уәдесін орындауға кетіп бара жатқанын естіген соң, қасқырлар да босатып жібереді.
Сөйтіп, қыз бәрінен құтылып, бағбанның баласына барған екен,
ол:
— Уәденде тұрғаныңа рақмет! Мен сені қосағыңнан бөліп не мұратыма жетемін,— деп, қызға рұқсат беріпті. Қыз қайтып келіп, ата-анасы атастырған жігітке қосылыпты. Сонда осылардың қайсысы ер?— деп сұрайды әңгімесін аяқтаған хан қасында отырғандардан.
— Көкжал даланың серісі еді, бағына кезіккен қызды жей алмағаны несі? Кім тергер еді жей салса.
— Жеті қарақшы не қылған ақымақ? Бүлдіршіндей қызды көпекорнеу қоя беріп, мейірімді болғаны құрсын.
— Жігіт не қылған ез...
— Күйеу жігітте бір ынжыкекен!..— десіп, жатып кеп өкінісіпті! Аңғармай ойындағыларын айтып қалған жеті қарақшыны хан байқапты. Сөздерінен рақымсыз жандар екенін біледі. Мұндай тасбауырларды қарақшы емес, деп кім айтады. Сыры ашылады. Хан жендеттерін шақырып алып:
— Дарға асындар!— деп жарлық береді.
— Тақсыр, біз едік жарлы жігітті тонаған, қайтарып берейік, қасықтай канымызды қиыңыз,— деп қол қусырып орындарынан тұрып, ханның аяғына бас қояды.