Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ АДАМДАР
Баяғыда байлығы жаннан асқан бай болыпты. Ол бір күні науқастанып, өлім халіне жетеді. Мұратбек деген жалғыз ұлын шақырып алып:
— Қарағым, о дүниеге сапар шеккелі жатырмын. Ақтық демім бітер алдында үш ауыз ақыл айтып кетейін. Бірінші — сезікті жерде сергек бол. Екінші — адам баласын мынау жақсы, мынау жаман деп бөлме. Үшінші — тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла,— дейді де, бай үзіліп кетеді. Жылдар жылжып өтеді. Мұратбек байлыққа ие бола алмай, күйзеліске ұшырайды. Содан шешесін жетелеп, қалаға келеді. Бір асхананың иесіне:
— Жетім-жесір едік. Мен сізге жұмыс істейін, шешем екеуімізге тамақ беріп тұрсаңыз болды,— дейді. Аспаз оны жұмысқа алады. Сөйтіп, аш қалмай тұра береді. Бір күні жарлық шығып:
— Жора деген бай бес мың ділдәға жалшы жалдайды. Жалданушы байға жиырма жыл жұмыс істеуі тиіс,— дейді.
Мұратбек жалданбақ болады. Шешесімен ақылдасқан соң, жалшы алатын байға барады. Жиырма жылға шарттасып, бес мың ділдә алады. Әлгі аспаздын қасынан екі мың ділдәға үй салдырады да, шешесін орналастырады. Үш мың ділдәға шешесіне жиырма жылға жететін азық-түлік, киім-кешек әзірлеп береді. Үйдің сыртына: «Талыққан адам мұнда бар, талықтырмандар» деп жазу жаздырады. Сонан сон шешесімен қоштасады да, байдың керуеніне еріп жолға шығады. Бір күні керуен алтын ер-тоқымды арғымақ мінген, сәнді киінген жігітке ұшырайды. Жігіт керуен басыға:
— Жолжомарт деген менмін,— дейді. Осы жолмен откен адамдарды қонақ етіп жіберетін әдетім. Үйім анау — орманда, сайдың ішінде, жүріңіздер, дәм татыңыздар!
— Менің екі жүздей адамым бар,— дейді оған керуен басы. Мұның бәрі үйіңе сыймас, тамағың да, төсек-орның да жетпес.
— Бәрі бар, барып қонақ болуларыңызды өтінемін,— деп, жігіт қолқалаған соң, керуен басы жігітке ілеседі. Орманды сайдың ішіне әсем үйлер қаз-қатар салынған, бау-бақшасы жайнап тұр. Үш жүз түйе жүк-мүгімен, ат-көлігімен кең қоймаға сыйып кетеді. Адамдарды мың кісілік сарайға орналастырады. Алуан түрлі тағаммен, арақ-шараппен сыйлайды. Керуеншілер ас ішіп, ойын-сауық көріп жырғайды. Жігіт керуен басыға бөлек үйге төсек салдырады.
— Мен өзіңнің үйіңе бір жігітіммен жатамын деңіз,— дейді Мұратбек керуен басына. Жігіт өз үйінің бір бөлмесіне екі кісілік төсек салдырады. Керуен басы мен Мұратбек соған жатады. Мұратбек осы араға келгенде: «Сезікті жерде сергек бол» деген әке сөзін есіне алады да, ұйықтамайды. Басқа бөлмеде әйелімен жатқан жігітті бақылайды. Бір мезетте жігіт әйелін ертіп, сыртқа шығып кетеді де, сәлден кейін бір дорба ұн әкеліп ортаңғы бөлмеге қояды да, жатып қалады. Мұратбек керуен басын оятып, көргенін айтады. Бұлар өздерінің ұндарынан бір дорбасын алып келеді де, әлгі ұнды ауыстырып алады.
Таңертең керуен басы жігітпен қоштасып, жүрмек болады. Жолжомарт:
— Қоштасу тағамын беремін,— дейді. Түндегі ауыстырылған ұннан алуан-алуан тамақ әзірленеді. Сонда Мұратбек:
— Бұған сіз де тамақ беремін,— деңіз. Мен тез әзірлеп жіберейін,— дейді. Сөйтіп, керуеншілер Жолжомарттың сый тамағын ішіп болған сон, оның туыстарына керуен басы сый тамақ бермек болады. Бұл тамаққа түндегі ауыстырып алған ұн пайдаланылады. Мұратбек керуеншілерге ескертеді.
— Қонақтар ауыз тимейінше бұл тамақтан татушы болмандар!..
Жолжомарт жағы бұл асты аузына салған заматта қашырға айналып шыға келеді. Керуен басы Мұратбектің сезгірлігіне сүйсінеді. Сөйтіп керуеншілер сайдағы мүліктердің бәрін артып алып, жолға шығады. Керуен басы өзінің сыбайластарымен ақылдасады.
— Мұратбек айлалы жігіт екен. Бұл жолы бізді құтқарды. Енді өзімізге қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан жолдағы бір құдыққа барған соң, көзін жояйық,— деп келіседі.
Керуен күні-түні жүріп, ауызына қақпақ салынған бір құдықтың басына жетіп тоқтайды. Құдықтың айналасы қалың мола екен. Жүк түсіріліп, жайғасқан соң, керуен басы Мұратбекке:
— Сен мына құдыққа түсіп, бізге су әпересің. Басың құдық түбінде қалады. Денең шығады. Оны мына молаға көмеміз,—дейді. Сонда Мұратбектің есіне: «Тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла» деген әке сөзі түседі.
— Тәуекел, билік сізде, түсейін,— дейді.
Сонымен Мұратбектің беліне арқан байлап, құдыққа түсіреді. Құдықтың түбі кең жазира, сарқыраған өзен, жайқалған бау-бақша екен. Өзен жағасында бір сұлу қыз бен өлмелі шал отыр. Қыздың бір бетінен ірің ағып тұр.
— Суды беріп, сырттағылардың шөлін қандыр, сонан кейін сенен сұрайтыным бар,— дейді қыз тәкаппар пішінмен. Мұратбек суды беріп болған соң, қызға қарайды. Қыз қолына қылыш алып, төніп келеді,— Мына шал екеуіміздің қайсымыз жақсымыз. Дәл жауап бермесең, басың кесіледі.
Мұратбек саспайды, байсалды қалыппен жауап қайырады:
— Адамның жақсы-жаманы болмайды. Сен жассың, анау — кәрі, айырмашылық сол ғана.
— Ар жағыңа қара,— дейді қыз қылышын тастай салып. Мұратбек жалт қараса — екі сұлу қыз тұр екен. Қайта бұрылса — шал мен қыз жоқ. Екі қыздың біреуі қылышын жаландатып:
— Қайсысымыз сұлумыз, дұрыс айтпасаң — басың кесіледі,— дейді. Мұратбек қаймықпайды:
— Екеуің бірдейсің!
— Артыңа қара,— дейді қыздар. Жалт қараса — темір есік тұр екен. Қайта бұрылса — екі қыз жоқ. Мұратбек есікті ашса — үйдің іші толған алтын мен күміс. Аман қалғанын, көп алтын мен күміске тап болғанын, айтып жазып, арқанға байлап, сыртқа жібереді. Сырттағылар қазынаны қауғаға салып отыр, ең соңынан шығарып аламыз деп хат жазады. Мұратбек қазынаны қауғаға салып беріп тауысады. Сырттағылар ақылдасады. Керуен басы:
— Мұратбек шықса — мына қазынаға ие болады. Сондықтан құдыққа тастап кетеік.
Сөйтіп сырттағылар арқанды қияды да, көшіп жүре береді. Мұратбек құдық түбінде азап шегіп, қайғы жұтады. Тағы да тәуекел етіп, төңірегін тінткілей береді. Сол кезде тағы бір есіктен дыбыс естіледі. Жүгіріп келіп, есікті қағады. Ашылған соң кіріп барса, жиһазы жайнаған үй екен. Құс төсекте шалқасынан түсіп, кеудесіне домбырасын көлденең қойып, ақсақалды шал жатыр. Ол: «жетпеген арман, бітпеген арман» деп күй шертеді. Бір мезетте шал басын көтеріп, отыр дегендей ишарат білдіреді. Көзін жұмып, ойға шомады да, әлден уақытта былай дейді:
— Е, балам, бір талабың сегіз, бір талабың — тоғыз болсын. Сенің қайратыңа қайран қалам. Бұл жерде қандай әрекет қылғанынды мен біліп жатырмын. Разы болған соң, дыбыс шығардым. Енді саған қауіп-қатер жоқ. Бұл жердің тажалы саған алғаш кездескен қыздар еді. Алғаш кезіккен қыздың қасындағы шал емес, сұлу жігіт, саған құбылып көрінген. Жауабын дәл бердің. Біреуін мақтасаң — басың кесілер еді. Екінші сен, тайсалмадың, ондай адамға тимейді. Ол алғаш маған да солай істеген. Қазір менің қызметкерлерім. Мен ән мен күйдің ғалымы едім. Жердің үстінен асты қызық. Мынау өзен, су, бау-бақша, үй-жай, алтын-күміс — бәрі менің ықтиярымда. Жердің астындағылар менің нөкерім. Не айтсам соны орындайды. Шарт бойынша жер бетінен келгендерді өлтіру-өлтірмеуді солар шешеді. Өлмей қалған адам маған келеді. Енді сенің тағдырың менің қолымда...
— Ата, қайырымдылық жасай көріңіз, шешем жалғыз қалып еді, қарасар кісі жоқ.
Қарт ойланып барып, жанындағы бір түймені басады. Сол сәтте-ақ алуан-алуан тағам әзір болады. Қарт пен Мұратбек тойғанынша жейді. Содан кейін қарт былай дейді:
— Сені келген ізіңмен жер бетіне шығарайын. Тағы да келем десең — өзің біл. Менің құдықтың аузына келген адамды көретін аспабым бар. Сен қашан келсең де, өзім түсіріп аламын.
— Ақ ниетіңізге рақмет, ата!
Қарт Мұратбекке тесіле қарап отырып, мыналарды айтты:
— Сен сыртқа шыққанда үстінде көнетоз ер-тоқымы бар есек тұрады. Ол баяғы өз ұнымен өзі есек пен-қашырға айналған Жолжомарттың келіншегі. Өзі өлген. Бұл келіншекте жазық жоқ. Сен сол есекке мін де, оң жақ құлағын бұра. Құйындай ұша жөнеледі. Сайрандап жатқан керуеншілердің үстінен түсесің. Сол заматта мына қылышты қынабынан суыр. Бәрі саған бас иеді. Керуен басының басын қағып таста. Басқалары жалшылар, оларға тиме. Содан кейін мына орамалды желпі. Сонда есек пен қашыр боп жүрген Жолжомарттың жалшылары адам қалпына келеді. Олар сенімен достасады. Сөйтіп, барлық жалшының басын қос та, көрген бейнетінді баянда. Қазынаны тен бөліп бер де, әрқайсысын өз еліне қайтар. Жолжомарттың келіншегі саған ғашық. Некелеп ал. Орамал мен қылышты өз бойыңнан тастама.
Шал осыларды айтты да, Мұратбекті құдықтан шығарып жіберді. Содан кейін Мұратбек шалдың айтқандарын бұлжытпай орындады да, сұлу келіншекті ертіп еліне қайтты. Шешесін тауып, ендігі тіршілігіне өзі қожа болды.