Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ЗЕРДЕЛІ


 

Зерделі дейтін шешен, білгір адам болыпты. Бір күні Зерделі бір топ жолдасымен жиһан кезіп келе жатады да, бір карияға кездеседі. Сәлемдесіп, жөн сұрасқаннан кейін қария Зерделіден:

— Әкең Қазақбайды білуші едім. Үш түрлі бала туады: біреуі әкесінен өте туады, біреуі жете туады, енді біреуі кері кете туады. Сен қайсысы болдың?— деп сұрайды.

—        Ата,— дейді Зерделі,— өте туған бала боларымды алдағы өнерім көрсетер, кері кете тудым десем, сізге де, сіздің алдыңызда мына жолдастарыма да өкінішті реніш болар. Әзірше, өз ойым, жете тудым ғой деп ойлаймын.

Сонда қария тағы бір сұрақ береді:

—        Балам, өтірік пен шындықтың арасын өлшедің бе?

—        Өлшедім, өтірік пен шындықтың арасы төрт-ақ елі екен,— деп, Зерделі оқ колының төрт саусағымен көз бен құлақтың арасын басады.

—        Балам, ақыл кімнен, асыл неден шығады? Қанат неден, жанат неден, санат неден, ағат неден шығады? Оны білдің бе?

—        Білдім ата. Ақыл жастан, асыл тастан шығады. Тату болса ағайын бірі — құйрық, бірі — жал, қанат содан шығады. Қой терісін қорлама, жанат содан шығады. Халқы үшін қарттар қам жесе, са- нат содан шығады. Өнерсіз болса бозбала — ағат содан шығады,— дейді Зерделі. Қария оған разы болып, аттан түсіп, дәм татуға шақырады. Қымыз ішіп отырып Зерделі:

—        Ата, екеуіңіз қалай?— деп сұрайды. Шал айтады:

—        Екеуім үшеу болды.

—        Алысыңызбен қалайсыз? Жақыныңызбен қалайсыз?

—        Жақыныммен жауша жағаласып, жамандарша найзаласамын. Алысым араздасты.

—        Тәттіңізбен қалайсыз?

—        Балам-ай, тәттінің де дәмі азая бастады ғой, - дейді карт.

—        Несиеңіз тие ме, ата?— деп сүрайды Зерделі. Сонда қария:

—        Жасымда берген несием, қартайғандағы несібем екен. Үй тігіп, қымыз сапырып отырғаным соның арқасы,— дейді.

Қариямен қош айтысып, атқа қонған соң, былай шыға Зерделінің жолдастары:

—        Қариямен екеуіңнің соңғы сөздеріңді біз ұқпадық, соны түсіндірші,— деп өтінеді. Зерделі сөздің шешуін айтады:

—        Екеуіңіз қалай дегенім — екі аяғыңыз қалай, өздігіңізден жүре аласыз ба дегенім еді. Қария екі аяққа бір таяқ қосылып, үшеу болды деді. Алысыңызбен қалайсыз дегенім — алыстағыны көре аласыз ба дегенім еді. Қария алысты көрмейтін болдым деді. Жақыныңызбен қалайсыз дегенім — тамақ ішіп-жеуіңіз қалай дегенім еді. Қария әр жерде бірден ғана тісім қалды, сонымен арпалысып күн көрем деді. Тәттіңізбен қалайсыз дегенім — ұйқыңыз қалай дегенім еді. Қария ұйқым азайды деп жауап берді. Несиеңіз тие ме дегенім — балаларыңыз күте ме, оларды сіз бағып-қағып өсіріп едіңіз, енді олар сол еңбегіңізді өтей ме дегенім еді. Қария дұрыс тәрбиелеп, жақсы өсірген бала адамға қартайғанда бақыт екен. Балаларымның қызығын көріп отырмын деді.

Зерделінің жолдастары бұған өте разы болады да:

—        Сен бізбен құрдассың, екі жастың біріне келмей жатып, қариядан асыра білімділік көрсеткеніңе таң қаламыз,— деседі. Сонда Зерделі:

—        Мен жас болғаныммен әкем Қазекең көп жасады ғой,— дейді.



 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник