Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ШЕШЕН БАЛА
Күзекке ықтаған кедей ауылдың бір уыс қойын бағып, қырлауытта тұрған жабыр тонды бала ойда жоқта өзіне қарай ойысқан атты кісілерге назар салады. Екінті мен ақшамның арасы, суыт жүрісті әлгі кісілер қойшы баланы қоршап тұра-тұра қалысады.
— Ассалаумағалайкүм, жол болсын, ағалар?— деп, бала жүргіншілердің жүдеу жүздеріне, қоңылтақ киімдеріне, тақымдарындағы сойылдары мен қанжығаларындағы дабылға және қолдарының қарына ілген айбалта мен сүңгілеріне қарап.
— Уағалайкүмассалам, балақай, жол жөнін сұрайық деп бұрылып едік. Атың кім, кімнің баласысың?— дейді жүргіншілердің ішіндегі бұрыл сақалды, бөрте атты адам.
— Атым — Сарқыт, Оңғардың баласымын. Өздеріңіз қай жақтан қалай тарттыңыздар?
— Алыстан келеміз. Керби деген байдың ауылына кетіп барамыз.
Батып бара жатқан күнге қарап ойланып қалған Сарқыт:
— Солай деңіздер, ат шалдырып, ас ішетін уақыт та таяды ғой,— дейді. Бөрте атты айтады:— Жоқ, шырағым, аялдамауға тиіспіз, өмір солай. Алдағы ауылдарды айтып, жол жайын ұқтырсаң болды. Межелі жерге қиналсақ та бүгін жетейік.
Қабағы шытынап, терең ойға шомған Сарқыт жүргіншілердің тоқтамасын білген соң, таяғымен өз ауылын нұсқайды.
— Мынау біздің ауыл. Ел оны «Мезгілдің ауылы» дейді. Одан әрі бес белден асып, төрт сайдан өткеннен кейін «Әттегенайдың» ауылына жетесіздер. Содан соң суыт жүріспен тарта берсеңіздер «Қаптың» ауылына тап боласыздар. Одан әрі көп жүрерлік жол жоқ. Маған бәрекелді айтасыздар,— деп жол жайын ұғындырады.
Асыққан жүргіншілер Сарқытқа алғыс айтып, дүрілдете тартып кетеді. Бірақ бес белден, төрт сайдан өтеді де, жол таба алмай шырғалаңға түседі. Содан түн ортасы шамасында шаршап-шалдығып Сарқыттың ауылына келіп түседі.
Шай үстінде манағы буырыл сақалды кісі ызғарлы түспен:
— Уа, балақай, бізді осынша алдағаның не?— дейді Сарқытқа қарап.
— Мен алдаған жоқпын, сіз аңғармадыңыз,— дейді Сарқыт баптап.
— Қалайша?
— Мынау мезгілдің ауылы дегенім — қонатын мезгіл жетті дегенім еді,— дейді Сарқыт жымия күліп — «Әттегенайдың» ауылы дегенім — елсіз далада кеш қалып өкінетіндеріңізді ұғындырғаным еді. Одан арғы «Қаптың» ауылы дегенім — Кербиге жете алмай, біздің ауылдан кете алмай, «қап» деп сан соғатындарыңызды, «Маған бәрекелді» айтып, қайта оралатындарыңызды ескерткенім еді.
Он үш жасар баланың тапқыр сөзіне жүргіншілер қайран қалысып, біріне-бірі қарайды.
Шайдан кейін Сарқыт:
— Уа, ағайлар, малдан кенде болсақ та, пейілден кенже емеспіз. «Ұлы сөздің ұлтары жоқ» дейді халық. Бір мал жейсіздер ме, әлде екі мал жейсіздер ме?—деп сүрайды. Есік алдына мал әкеліп көлденен тартып бата сұраса, қонақтар қобырай күбірлесіп алады да, буырыл сақалды кісі:
— Пейіліне рақмет, шырағым. Тобымыз көп, Топанымыз мол адамдармыз. Бір мал сойғаннан гөрі екі мал сойғаның жөн болар,— дейді.
Тамақ пісіп, қазан түсірілгеннен кейін төрдегі төбелі кісілерге бір қойдың, бір жылбысқа қозының басы тартылады. Мұны көрген қонақтар олқысынғандай ойлана қалғанда, кепкен етпен келістіре жондалған үстеме табақтар да келеді. Сонда бурыл сақалды кісі Сарқытқа тандана қарап:
— Екі малыңның етіне дән ризамыз, қарағым. Егер бір мал сойсаң — не соятын едің?— деп сұрайды.
— Онда құйрығы ошақтай, үш жыл борға байлаған дөнен қойым бар еді, соны соятын едім. Амал қанша, талаптарыңыз бойынша оны екі басқа айырбастап жібердім,— дейді Сарқыт күлімсіреп. Сонымен қонақтар: «Қап, өз обалымыз өзімізге» деп, сандарын соғады.
Сорпа ішіліп, аллауһуәкбар айтылғаннан кейін жамырай сөйлеген қонақтар:
— Бұл балаңыз жауға салсақ та, дауға салсақ та жарайтын, біздің бағымызға біткен бала екен. Кербидегі елдің кегін бір қайтарса, осы қайтарар, тобымыздың төбе басы болсын, бізге қосып беріңіз,— деп, Сарқытты Оңғар атадан қалап өтінеді. Кек үшін кетіп бара жатқан жолаушылардың тілегіне Онғар ата көп ойланбастан көнеді.
Ертеңіне Сарқыттың орнына Оңғар атаға қолқанат қалдырып, ақ еділ ауылға алғыс айтады да, бала басшыны ортаға алып жүргіншілер жүріп кетеді. Күн жүріп, түн жүріп, екпіндете Кербидің ауылына да жетеді. Араға хабаршы салып, ауыл сыртына алпыс аттыны қоршай орналастырады. Сарқыттың жалғыз өзі Кербимен кездесуге келеді.
Бойы керегенің кез көзінен сәл ғана жоғары Сарқыт есіктен кіргенде қарны салбыраған, күйек сақал Керби құс жастықты қостап жастанып, жамбастап жатыр екен.
— Барымтаның жоқшысы осы бала,— деп таныстырады Сарқытты Кербиге шабарман. Жастықтан басын жұлып алған Керби Сарқытқа отты көзімен ата қарап:
— Е, бұл хайуандардың үлкені жоқ па екен?— дейді кіжініп.
— Онда саған түйе қажет пе?— деп, Сарқыт та түйіп тастайды.
— Жоқ, сақалдыдан жұтаған елмісің?— дейді Керби ызаланып.
— Онда саған керегі теке ме? Осы топастығың кете ме? Бойың нардай, сақалың талдай, боқ қарын-ау, ақылың маған жете ме?— деп, Сарқыт тілін қанжардай қадайды.
— Япырмай, мынау қандай тілі тас жарған бала — деп, жүкке арқасын сүйеп отыра кетіпті Керби. Сарқыт тебініп, Кербиді кейін ығыстырады:
— Ойлағаным еңірегеннің қамы еді,Іздегенім дәл солардың малы еді.
Санап түгел қолыма сал барлығын,
Қайтармасаң, қалағаным қан еді.
Шошығаннан қояндай бағжиған Керби:
— Жокшың қанша сонда сенің?— деп міңгірлейді. Сарқыт жал-мажан Кербидің құлағына ауызын тақап, айбындана түседі.
— Артында алпыс мың, алдында алпыс мың, жүн боласың тұяк астында қалып.
Өзіне төнген осыншама күштен жасқанып, үрейленген Керби: — Рас па?—деп шабарманына мойын бұрады. Сол кезде Сарқыттың «алпыс мың» дегенін естімеген шабарман: «Солай, тақсыр» деп бас изейді. Сол-ақ екен, сасқалақтаған Керби:— Жаңылдым, жаздым. Қасықтай қанымды қи!..—деп жалбарынады.
Орынды даудан, өткір сөзден ыққан қарақшы сол күні бес жүз жылқыны жоқшылдардың алдына салып беріп аттандырады.