Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
РАҚЫМ ТАЗ
Бір байдың бойжеткен қызы Рақым деген салмен көңіл қосып, екеуі қашпақ болып уағдаласыпты. Ауылдың сыртындағы бейіттің жанында кездеспек болады. Уәделі күні түнде қыз бес атты баптап мініп, қасына малайын ертіп бейітке келеді. Караңғы түнде біреудің қарасы көрінеді. Қыз:
— Сен кімсің?— деп сұрайды. Сонда қарандаған кісі:
— Мен Рақыммын ғой,— дейді. Уағдаласқан жігітім екен деп ойлаған қыз:
— Мін, атқа!— деп жетек атын көлденең тартып тұра қалады. Жігіт атқа қарғып мінеді де, түн қатып жүріп кетеді.
Жігіт бұл әрекеттің жай-жапсарын түсінбейді. Өйткені оның аты — Рақым таз, байдың қойшысы. Сол түні байдың таяғына шыдамай, бейітке қашып келіп, тығылып жатқан екен. Ал сал Рақым уағдалы кезден кешігеді де, қыз осы Рақымға тап болған екен. Түнімен жүріп, таң атқанда қараса, қыздың сал Рақым деп алып келгені — үсті-басы алба-жұлба, ұсқынсыз бір таз болып шығады. Қыз бұдан шошып, бойын ала қашса да, сымбалдаған бес атты жетектеп келе жатқан малайы ілеспей тұрып алады.
— Маған ілесіп жүр,— деген қызға атшысы жөн айтады:
— Сен байдың алақанына салып әлпештеген қызы едің. Бойжеткен соң, талай адам келіп сөйлесті. Көк етікті кезікпей, көң етіктіні жаратпай жүргеніңде Рақым салды таптың. Бүгінгі тиянағың сал Рақым болмай, таз Рақым болды. Құдайдың саған қосқаны осы шығар. «Бұлтақтасаң да бұйрықтан қашып құтыла алмайсың» деген осы. Бұйырғанына разы болып, тұрақтап қал!
Басқаға амалы жоқ қыз, атшысының сөзіне тұрақтап, таз Рақымға пейіл білдіріп тиеді. Содан бұлар тоқтамай жүріп отырып, бір қаланың шетіне келеді. Сол арадан үй салып, мекен тұтып тұрып қалады. Уақыт өте келе қыз жүкті болады. Нәрестесінің керекжарағын алдыру үшін мың ділдә беріп, Рақымды базарға жібереді. Ол базардан көз тұндырған дүниелерді көреді. Бір айналып шыққаннан кейін:
— Бір сөзім бар, құны — мың ділдә!—деп айқайлап жүрген адамға кезігеді.
— Мен алайын, ол неғылған сөз?— деп Рақым қызыға қалады.
— Ақшаңды сал,— қолыма — деген соң, Рақым мың ділдәсін береді.
— Ал, айт, енді ол кандай сөз,— дейді.
— Ол: «Ажалсыз жан шықпайды» деген сөз.
Рақым бұл сөзді сатып алған соң үйіне келеді. Сонда әйелі:
— Не алдың?— деп сұрайды. Рақым шынын айтады.
— Ештеңе алған жоқпын. Мың ділдалық бір ауыз сөз сатып алдым да, қайттым.
Әйелі бұл істің байыбына бара алмай, үнсіз отырып қалады. Келесі күні әйелі тағы да мың ділдә беріп, керек-жарақ алып келуге жібереді. Бұл жолы да Рақым: «Бір сөзім бар, құны — мың ділдә!» деп айқайлап жүрген адамды кезіктіреді. Рақым: «Өткен жолы сатып алған мың ділдәлық сөздің пайдасы тимеді, мынадан бір пайда табар ма екенмін, не сөз екенін білейін» деп ойлап, әлгі адамға барады.
— Сөзінді мен алайын, алдымен айтып көрші, мың ділдаға татый ма екен?
— Алдымен ақысын төле,— дейді сөз сатушы. Мың ділдәға татымайтын сөз болмаса, базарға алып шығып қайтейін. Бұл сөзді орнын тауып қолдансаң, өлімнен де құтқарады.
Сонымен Рақым мың ділда беріп, «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» деген сөзді сатып алады. Үйіне қайтып келіп, саудасын әйеліне айтады. Әйелі ашуланарын да, күлерін де білмей отырып қалады.
Үшінші күні әйелі қапшыққа тоғыз жүз тоқсан ділдәні салып, қолына ұстатады.
— Ақшаның қалғаны — осы. Басқа ешнәрсеге жұмсамай, үйге керек-жарақты ғана алып кел!— деп тапсырады. Рақым базарға келсе, әлгі кісінің «Бір сөзім бар, құны мың ділдә!» деп айқайлап жүргенін естиді де, бұған да қызығады. Бірақ әйелінің ескертіп тапсырғаны бар. Екі ойлы болып, базарды бір айналып шығады. Ақыры «ер кезегі үшке дейін» деген сөз бар. Өткендегі сатып алған екеуінен де пайда көргем жоқ, бәлкім, үшіншісінің пайдасы тиер, сатып алайын осыны деген қорытындыға келеді де, әлгі адамға барып:
— Мен алайын сөзінді,— дейді.
— Әкел ділдәнді.
Рақым ділдәсін санап еді, мыңға жетпеді, тоғыз жүз тоқсан болып шықты. Сөз иесі:
— Болды, қапшығымен мың,— дейді де, «Мың естігеннен бір корген артық» деген сөзді Рақымға сатады да, кетіп қалады.
Рақым әйелі берген барлық ақшаны үш ауыз сөзге төлеп, қайтерін білмей көшеде сенделіп жүргенде бір керуен келіп қалады. Ол бір қызметші алмақ екен, Рақым соған жалданады да, керуенмен бірге жүріп кетеді. Керуен бір жерге келіп, жүктерін түсіреді де, демалады. Сонан соң керуен басы жол жайын түсіндіріп, тапсырма береді.
— Біз баруы бір айлық, қайтуы бір айлық алыс жолға шеру тартамыз. Алдымен он бес күндік сусыз өлкені басып өтеміз. Сондықтан он бес күнге жететін ауыз суды ала жүруіміз керек. Сол он бес күндік жердегі құмның арасында бір бастау бар. Сол жерде бірнеше күн тынығып, тағы да он бес күнге жететін су алып, әрі қарай жүреміз. Сол он бес күндік шөлді басып өткен соң, інжу- маржан кеніне жетеміз. Содан тоғанағымызды толтырып алып, кері қайтамыз.
Сөйтіп, жолаушылар керуен басы айтқандай он бес күн сусыз шөлді басады. Арып-ашып, қақырығы түтеп, бастауы бар жерге зорға жетеді. Бастаудың орнында құдықтың аузы сияқты үңірейген әңгек қана жатыр екен. Адам мен көлік түгел шөлдеп қырылатын болған соң, керуен басы арқан байлап, құдыққа ретімен екі адам түсіреді. Екі ретте де адамның басы кесіліп, құр денелері ғана шығады. Керуен басы не істерін білмей, қатты кейиді.
— Ей, жарандар, біз енді қалай жүрсек те қырыламыз, амалдарың бар ма? Кімде-кім бізді осы ажалдан құтқарса — осы дүние-мүлікті тоғанағымен беремін.
Осы кезде Рақым: «Менің мың ділдаға алған сөздерімнің бірде бірінің септігі тимей ме? Тәуекел деп, осы шыңырауға түсейін. Ажалым жетпесе — аман қалармын» деп ойлайды да:
— Рұқсат болса, құдыққа мен түсіп байқайын дейді. Керуеншілер талабын қабыл алып, белінен арқан байлайды да, Рақымды әңгекке жібереді. Рақым түссе құдықтың түбінен мөп-мөлдір су көрініп тұр екен. Судың екі жағында бір қыз, бір жігіттен төрт адам отыр. Олар Рақымнан:
— Неге келдің?— деп сұрайды.
— Су сұрай келдім,— дейді Рақым.
— Жарайды , - дейді құдықтағы екі жігіттің біреуі.— Сұрай келген қалағанын алады, тулай келгеннің басы қалады. Біз жердің астындағы судың иесі едік. Мен мына қызды сұлу деймін. Анау ана қызды сұлу дейді. Жер астындағылардың бәрі осы екі қызға дұрыс баға бере алмады. Содан кейін жер бетінен су іздей келген адамға төрелігін айтқызайық деп тостық. Бағанағы басы кесіліп, сыртқа шыққан адамнан осыны сұрап едік, бірі менің жанымдағы қызды сұлу деді, анау оның басын қағып түсірді. Екіншісі ана жігіттің қасындағы қызды сұлу деді, мен оның басын алып тастадым. Ал енді сен айтшы, осы екі қыздың қайсысы сұлу?
— Жөн,— дейді сонда Рақым мың ділдәлық сөзді есіне түсіріп.— Тегі бірді тең көру керек. Шабдар айғыр шапқан екен, шомбал бие тапқан екен. Тегінде сұлу сұлу емес — сүйген сұлу ғой. Кімнің көңілі кімге ауса — сол оған сұлу көрініп, ыстық сезіледі. Әркімнің өз сүйгені — өзіне.
Бұл төрелікті естіген соң жердің астындағы ғашықтар да разы болып, қатты қуанады.
— Сен біздің көңіліміздегіні таптың. Осыған жауап таба алмай, біз осы жерде бір жыл сарылып жаттық. Сенен бұрын келген екеуі су сұрай келмеді. Бізді жазғырып, тулай келді. Сондықтан олар жер бетіне су алып шықпақ тұрмақ, өздерін де сақтай алмады. Сен жөн біледі екенсің, кайта бер, артыңнан біз суды да шығарып береміз.
Рақым жер бетіне аман шығады. Іле сарқырап су да аға бастайды. Шөліркеп, қаны кеуіп қалған адамдар мен көліктер сусындап қарық болады. Сөйтіп, керуен басы өзінің ажалдан аман калғанына шүкір етіп, уәдесі бойынша тоғанақты Рақымға береді. Рақым керуенді бастап, он бес күндік шөлден өтеді де, інжу-маржан кеніне барады. Ол жердегі маржаннан керегінше алып, кері қайтадьі.
Жолшыбай Рақым жүргіншілерден әр түрлі қауесеттер естиді. Біреулер: «Рақым дегеннің әйелі кетіп қалыпты» дейді. Енді біреулері: «Басқа біреуге тиіп кетіпті» дейді. Тағы біреулер: «Рақымның әйелі қатты науқас екен, үш күннен қалмай жетсін депті» дейді. Рақымның дүние-мүлкін қолға түсіруді ойлаған біреулер: «Обал-ай, Рақымнын әйелі баласын арқалап көшеде қайыр тілеп жүр екен» деген өсектерді таратады.
Рақым бұл сөздерді естіп, іштей қатты толқиды. Керуенді тастап кетіп қалуға да оқталады. Өзінің базарға барып істеген саудасынан кейін әйеліне айтпай, керуен басына жалданып кеткенін ойлап: «болса болар» деген байламға да барады. Сөйтіп екі ай болып жүргенінде: «Мың естігеннен бір көрген артық» деген сөз есіне түседі. «Қой, алыпқашпа сөз бола береді, көрмей тұрып сыртынан кіжінбейін, не де болса барған соң көрейін» деген ойга тоқталады.
Рақым керуенін шұбыртып, үйіне келеді. Қосағы оны күтіп отыр екен. Бес атқа артып келген нәрселерін ішіп-жеп, қиындық көрмепті. Баласын бағып, Рақымның аман-есен оралуын сағынышпен күтіпті. Рақым қиуадан кезіккен қимас жарымен қайта табысып, алып келген тоғанақтарын бұлдап, ырғыншылыққа ісенеледі. Кексеген мұратына жетіп, бақытты өмір сүріпті.