Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ӨНЕРДІҢ ҚҰДЫРЕТІ
Бұрынғы заманда Қасен деген патшаның жалғыз ұлы болыпты. Аты Ыдырыс екен. Бала ел аралап жұріп, Сәтбай деген диқанның сұлу қызына ғашық болады. Қыздың аты Дүрия екен.
Бір күні Ыдырыс қыздың әкесіне сөз салып, қызын сұратып кісі жібереді. Сонда Сәтбай:
— Барса да, бармаса да қызым өзі біледі,— дейді..
Содан кейін Ыдырыс Сәтбай қарттын үйіне өзі барып, Дүрия қызға мақсатын айтады. Сонда Дүрия:
— Сен патшаның баласысың, мен диқаншының қызымын, соны ойладың ба?— дейді.
— Неге ойламайын, ойландым. Тіпті он ойланып, жүз толғанып келіп отырмын алдыңа.
— Олай болса, қандай өнерің бар?—деп сұрайды Дүрия. Сонда Ыдырыс шынын айтады.
— Ешқандай өнерім жоқ.
— Өнерсізге үміт арту қиын. Үмітінді үз де, өз жолынды тап!
— Дүрияжан,— дейді Ыдырыс қиылып.— Неге олай дейсің? Мен жақында патша болып, әкемнің тағына отырамын. Патшаға өнердің керегі қанша?
— Жоқ, жігітім, олай ойлама. Бүгін патшасың, ертең кім болатыныңа көзің жете ме? Өнерсіздің өкініші көп. Онерлі өрге өрлейді, өнерсіз ойға олақ, бойға қорлық, опық жейді.
Қыз сөзіне намыстанған Ыдырыс патша сарайына келеді де, әкесіне болған оқиғаны айтады. Қасен патша қол астындағы барлық өнерпаздарды шақырып алады.
— Балама бір өнер үйреткендеріңе қанша уақыт кетеді?— деп сұрайды. Онершілердің әрқайсысы әр түрлі жауап береді. Біреулері бір жыл, енді біреулері алты ай, тағы біреуі үш ай керек дейді. Сөйтіп тұрғанда басына жүн қалпақ киген Токтыбай деген өнерпаз шал:
— Балаға он бес күнде бір өнер үйретіп шығаруға болады,— дейді. Патша баласын сол Тоқтыбайға тапсырады. Он бес күннің ішінде Ыдырыс шалдан қалпак басуды үйреніп шығады. Қасен патша баласына:
— Қасыңа бірнеше кісі ертіп ал да, Сәтбай қарттың үйіне бар. Қызға өнерінді көрсетіп, құда түсіп қайт, көңілің қош болсын,— дейді.
Ыдырыс диқаншы Сәтбай қарттың үйіне барып, қызға өнерін көрсетеді. Содан кейін разы қош болып, Дүриямен көніл қосады да, үлкен той жасайды. Дүрия сұлулығына қоса, асқан зейінді де еді. Патша сарайына келін болып түскен сон, Ыдырысқа:
— Өнеріңді ұмытпай, өркендет,— дейді. Ыдырыс сайман-әбзелдерін әзірлеп, қалпақ басудан қол үзбейді. Жүннен бір жақсы қалпақ басып, Дүрияға әкеліп көрсетеді.
— Мұның жақсы өнер екен. Енді осыған екеуміз ешкім білмейтін тағы бір өнер косайық,— дейді. Сонда Ыдырыс:
— Ол қандай өнер?— деп сұрайды.
— Қалпақты басқанда,— дейді Дүрия,— жиегіне басқа түсті жүннен әріпке ұқсас өрнектер шегеміз. Бір әріп бір сөздің баламасы болсын. Оны екеумізден басқа ешбір адам білмейді. Сақтықта қорлық жоқ, түбі бұл бізге керек оқу.
Сөйтіп, екеуі ортақ өнер табады.
Сөйтіп жүргенде науқастанып, Қасен патша дүние салады. Ыдырыс әкесінің орнына таққа отырады. Ата-енесін бала-шағасымен қасына көшіріп алады. Ыдырыс халыққа тыныш, жұғымды патша болады.
Күндерде бір күні патша халықтың хал-жайын білмек болып, үстіне жаман киім киіп, ел аралайды. Бір қаланы аралап келе жатса, түтін шыққан шеткері үйден қоңырсық иіс мұрнына келеді. Тәуір тамақ пісіріп жатса керек, не де болса кірейін деп, сол үйге қарай бұрылады. Үйге кіріп келсе, белдемшеден киінген төрт адам отыр екен. Ыдырыс сәлем бергеннен кейін төртеуі біріне-бірі қарайды да, оның көзінше қырын тұрған бір адамды зынданға салып, сыртынан тарс бекітіп тастайды. Байқаса, бұлар адамды сойып, етінен түрлі тамақ жасап, базарға сатады екен. Жаңағы төртеуі қайтып келіп өзара сөйлеседі де, зынданға қарай Ыдырысты сүйрелеп ала жөнеледі. Зынданға кірсе, екі адам отыр екен, зәре-құттары жоқ.
— Бұл не пәле?— деп сұрап еді Ыдырыс отырған адамның біреуі жылайды, біреуі күледі. Бұларға қайран қалған Ыдырыс,— Сен неге жылайсың, сен неге күлесің?— дейді. Жылаған адам айтады.
— Мені бүгін түнде соймақ. Ажал сағатым тақаған сайын жүрегім қалтырап, дір-дір етеді. Содан корыққанымнан жылаймын.
Күлекеш адам айтады:
— Менің аз да болса бір күндік өмірім бар, соған қуанып күлемін. Бізден гөрі семіздеу екенсің, бәлкім, бізді тағы бір күн қалдырып, сені сояр.
Мұны естіген Ыдырыста зәре-кұт қалмайды. Үрейленіп, бұл пәледен қалай құтылудың амалын таба алмай, көп ойланады да, дал болады. Сол кезде оның есіне Дүрия екеуі үйренген өнер түседі. Сойтіп тұрғанда төрт аспазшы келіп, Ыдырысты зынданнан шығарып алады да:
— Сені бүгін соямыз,— дейді. Жүрегі дірілдеп, зәресі ұшқан Ыдырыс:
— Сендер мені соймандар, мен сендерге одан да көп пайда келтіремін,— дейді.
— Ол қандай пайда, қайтіп келтіресің?
— Менің айтқанымды істеп, керекті құрал-жабдық тауып берсеңдер, сонан соң менің өз қолыммен өрнектеп басқан әдемі қалпақты патшаның әйеліне сыйласандар, ол сөз айтпастан екі мың ділда береді.
Аспазшылар Ыдырыстың айтқанын орындап, жүнді де, құрал-сайманды да түгел тауып әкеліп береді. Үш-төрт күн өткеннен кейін бөрік те дайын болады. Бөріктің жиегіне Дүрия үйреткен әріп таңбаларынан өрнек салады. Қалыпқа басқан әдемі бөрікті қуана-қуана алған екі аспаз атқа мініп, патша сарайына барады. Сарайдың алдына аттарын байлап, уәзірлерден рұқсат алады да, патшаның әйеліне бөрікті ұсынады. Дүрия бөрікті қолына алып, айналдыра қарайды да, өрнектелген әріптерді ішінен оқып шығады да:
— Бұл бөріктің бағасына не сұрайсындар?— дейді.
— Екі мың ділда,— дейді аспаздың біреуі.
— Жарайды, мен ділда алып келгенше кідіре тұрындар,— дейді де, Дүрия сыртқа шығады да,— қырық нөкер қару-жарағымен дайын тұрсын!— деп жарлық береді уәзірлерге.
Дүрия екі мың ділданы алып, үйге кіреді де, екі аспаздың қолына ұстатады. Олар ділданы алған соң бек қуанып, аттарына мінеді де, алды-арттарына қарамай үйлеріне қайтады. Дүрия да атқа мініп, нөкерлерін ілестіре екі аспаздың қарасын үзбей соңынан ілесе жүріп отырады. Екі аспаз қораға кірісімен, нөкерлер қораны айналдыра қоршап алады. Дүрия бірнеше адаммен ішке кіріп:
— Бұл үйде тірі жан болса, түгел шықсын!— деп айқайлайды. Үй ішіндегілердің бәрі де сыртқа шығады. Қора маңына жиналып қалған кала адамдары да тамашалап қарап тұрады.
Аспаздардың екеуі сол арада өзіне-өзі пышақ салып өледі. Қалған екеуін нөкерлер тірідей ұстайды. Ыдырыс шықпаған соң, Дүрия зынданның кілтін тауып алып, бір-екі нөкерін ертеді де, зынданда жатқан Ыдырысты аман-есен шығарып алады. Есін жиған Ыдырыс патша Дүрияны көріп қуанып, құшақтап бас иеді. Сонда Дүрия күліп Ыдырысқа:
— Өнердің құдыреті деген міне, осы! Бұл өнерді үйренбесең, осы үйде өлімге тап болар едің,— дейді.
Үйдің ішін түгел аралап, тінтіп шыққан нөкерлер сойылған адамдардың киімдері мен аспаздардың тыққан ақшаларын тауып алады.
Жиналған жұртгың тілегі бойынша Ыдырыс патша тірі қалған екі аспазды көп алдында сол жерде дарға астырады.
Табылған заттарды жұртқа үлестіріп беріп, Ыдырыс патша мен Дүрия нөкерлерін ілестіріп амансау сарайға қайтады.