Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ӨНЕР САТЫП ЕМ


 

Бір ісмер болыпты. Теміршілік, өрімшілік, ағашшылық, тігіншілік дейсіз бе, бәрі де қолынан келеді екен. Білезік, жүзік, күміс түйме, сырға, түйреуіш жасағанда тіпті майын тамызады екен. Әйелі де осы дүниелердің әсемдігі үшін тер төгеді. Олардың қолынан шыққан заттар жылтырап атта, сылдырап білекте, қылпылдап қынапта жүрсе де тапқандары өздеріне жұтымнан аспайды да, тақырлау өмір кешеді. Еңбектерінің біразы несиеге кетіп, қоралы қой болып елде жүргенімен, «ұста пышаққа жарымайды» дегендей, от басында көлденең көк темірі де болмайды.

Онда киіз болушы ма еді, жалпита тігілген косының іргесі белуардан қазылған жар кереге. Оң жақтағы өнерге қолданатын саймандарының ортасында ата мирасы жарғақ көрік жәмп-жәмп етіп, бір қолды ұстайды. Біреулер бір тостаған арпа, бірі бір түктем бидай не бір бөлшек шай немесе бір жілік ет әкеліп, бірі пыстан, бірі тоға, бірі таралғы сияқты заттар соқтырып алып кетіп жатады.

Осы өнер ұясының лашығында бір күні әдемі ертоқым дайын болады. Ердің қаңқа басының өзі көздің жауын алады. Қасы қара сырмен сырланып, күміспен апталған. Жиегіне талауратып алтын жүргізілген. Арқалығы сары сырмен сырланған. Қапталы қара терімен капталған. Оқпаны жалтырауық түспен айшықталған. Тебінгіге сұқ саусақтай жұмыр бедер түсіріліп қойылған. Тоқымның көмкеріндісі, көпшік шегірен былғары. Өмілдірік пен құйысқаны қатарланған үш қырлы жиырма бір таспалы, қасқыр соғарға лайық сом жасалған. Үзеңгі қойшы әйтеуір, жүген-ноқта, жырым- шеттігіне дейін атқа сала саларлықтай сай болып шыққан.

Ер-тоқым біткен күннің ертеңінде аларман да жетіп келеді. Ол бір мырза жігіт екен.

—        Сауда күсет болғай, ақсақал!— деп кіреді ол үйге.

—        Айтқаның келсін, балам!— деп қарсы алады Дарқан ұста. Қонақтың көкейіндегі бұйымтай оны карап отырғызбайды.

—        Па, шіркін, мына ер-тоқымды-ай, ә! Бағасына келіспейміз бе?— дейді.

—        «Алтын ерің атқа тисе, алтынын ал да, отқа жақ» дейді ғой қазақ. Жарамаса, өзімдікі. Мал танисың ба? Жақсы аттың басы — жүз қой. Ал мынаны мен жүз елу қойға беремін бе?—деп қояды да, артынан,— қалауың білсін,— деп, аларманның еркіне береді. Саудаласа келіп, ақыры бұзаулы сиырға ер-тоқымды беріп, мырзаны жолға салады.

Бір күні ер-тоқымымен ат аунап, ердің қасы қақ болініп қалады. Қараса, ердің қаңқа басы сиырдың тезегінен құйып жасалған екен. Жігіт ісмерге келіп, мән-жайды айтады. Оған қария:

—       Е, ат аунағанда сынбай, қандай ер шыдасын! Бірақ мен саған ер-тоқым сатқам жоқ,— дейді. Сөзге түсіне алмаған мырза:

—       О не дегеніңіз?..— дейді танданып.

—       Мен саған өнер сатқан едім,— деп түсіндіреді де, қария тезек ерді қатқан қайыңнан шабылған ерге ауыстырып береді.

Бұл мәрттігіне разы болған аларман ақысына бір тайынша қосады. Ісмердің де өз еңбегіне ақыны толығырақ алғаны осы екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник