Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ӨНЕР ӨРГЕ ШЫҒАРАДЫ
Бір бай саудагер бар екен. Ол малына базар іздеп, тоғанақ артқан түйе керуеніне жалғыз ұлын басшылыққа белгілеп, алыс жолға аттандырады.
Бала керуенді бастап бір сәулетті қалаға келеді. Қаланы аралап жүріп, бір сарайдың маңдайшасынан: «Келсең — кетуің қиын» деген жазуды оқиды. Сарайға кірсе бір топ адам сырнай тартып, қобыз ойнап, ән мен күйді дүрілдетіп отыр екен. Бала осы топтың ортасынан шәкірттерге сабақ үйретіп тұрған касқа бас қартаң адамды көреді. Музыкаға аңсары ауған бала жақындап келіп сәлем береді.
— Менің де саз шертіп үйренуіме рұқсат етесіз бе?— деп сұрайды ұстаздан.
— Саз аспаптарын шерту тәсілін игеру үшін бірнеше жыл керек,— дейді карт.— Оқу қаражаты үшін тоқсан тоғанақ жүк беруге тиіссің.
Бала саз шертіп үйрену үшін тоғанақтарын түгел қасқа бас адамға өткізіп береді.
Бірнеше жыл өткеннен кейін саз шерту өнерін игерген бала жалаң аяқ, жалаң бас, жаяу алыс жолға шығады да, еліне бет бұрады. Аман-есен үйіне келеді.
— Саудаң көсет болды ма?— деп сұрайды әкесі.
— Бірнеше жыл саз шертуді үйрендім. Көсет болғанын содан білерсіз.
— Өнер үйренгенің жақсы. Бірақ саудадан зиян да тартпауың керек,— деп ескертеді әкесі.
Содан біраз уақыт өткен сон екінші рет баласын тағы да керуенмен аттандырады. Бұл сапарында да жігіт жайнаған қалаға кіреді. Мандайшасында: «Келсең — кетуің қиын» деген жазуы бар сарай- ға кез болады. Керуенін тоқтатып, сарайға кіреді. Бір топ адам сурет сызып, көркем жазудың алуан түрін үйреніп отыр екен. Бұл өнерге құмарланған бала тоғанақтарын оқу каражаты үшін өткізеді де, оқуға кіріседі. Бірнеше жыл оқиды. Бұл өнерді де толық үйреніп болған соң, азып-тозып ауылына оралады. Баюды ғана ойлаған әкесінің қазынасы сарқылып, кедейлене бастаған екен. Үйінің халжайын көрген жігіт:
— Ендігі сауда мен болайын. Әке, мені сатыңыз!— деп өтінеді. Саудагер баласын бір керуен басыға сатып жібереді. Жігіт керуен басының жұмысын істеп жүреді. Жігіттің өнер үйрену үшін бар қазынасын беріп тауысқанын керуен басы білетін: «Өнерлі адамның сатылуы тегін емес, түбіме осы жетіп жүрмегей» деп күдік ойлайды да, жігітті жол бойындағы бір терең құдыққа тастатып кетеді.
Жігіт суы құрғап қалған құдықтың түбінде бір күн, бір түн талып жатып, барып есін жинайды. Орнынан тұрып, құдықтың түбінде ары-бері жүреді. Сонда бір ағаш есікке соғылады. Есікті ашып қараса үй екен. Оның төрінде тағы бір есіктің тұрқы көрінеді. Жігіт бұл есікті де ашып, ішке кіреді. Үйдің іші толған кітап екен. Бір төсектің үстінде сақалы белуарына түскен, көзін тарс жұмған, кеудесінде ғана жаны бар бір адам жатады. Шал жатқан төсектің бас жағында қабырғаға іліп қойған қобызды көреді. Жігіт соны қолына алады да: «Құштар досыма кезіктім» деп қуанады. Осы сәттегі көңіл-күйін қобызбен шалқыта жөнеледі. Сол кезде:
— Уһ, жаным-ай,— деп шал басын көтереді — Қайдан жүрген баласың?
Жігіт кедейлік зардабын тартқан әкесі сатқаннан кейін керуен басының қастық ойлап, осы құдыққа тастап кеткенін айтады.
— Сөйтіп сорлап қалдым, ата.
— Жасым жүзден асты. Жалғыз балам, жолаушылап кетіп еді, ол кешеуілдеген соң, әлсіреп қалдым. Себебі, мен үш күн сайын мына қобызды балама тартқызып, шат сезіммен тындаушы едім. Сонан рухым өсіп, жаным жадырайтын. Нәр алатынмын. Сөйтіп жүріп тұра алатынмын. Баламның келетін уағы асып кетіп, әлсіреп қалғанмын. Сен келіп, қобызды шертпесең, мен өлетін едім! Рахмет, балам! Өнерің үстем болсын!— деп шал батасын береді.
— Жер бетіне қалай шығамын, ата?
— Мынау самұрықтың қауырсыны деп, шал бір тал ұзын қауырсынды ұсынады. Баратын жерінді айтсаң болды — алып ұшып жеткізеді.
Жігіт қауырсынды ұстап құдықтан жер бетіне шығады. Содан керуеншілерді қуып жетеді. Керуен басы: «Мынау енді менің түбіме жетеді», - деп, тағы да қастық жасамақ болады.
— Сен шөлдедің, қиналып шаршадың. Ертерек менің үйіме бар да, тыныға тұр,—деп, өзі мініп жүрген қара арғымағына мінгізеді.— Арғымақтың басын тартпай, еркіне жібер. Үйге өзі алып барады. Мен әйеліме сені таныстырып, хат жазып берейін.
Жігіт аттанып кетеді. Біраз ұзағаннан кейін қағазды оқып көрсе: «Барған жігітті жөнге салып қойындар» деп шартты тілмен жазылған сөзді оқиды. Содан кейін жігіт сол адамның жазу үлгісіне түсіріп, былайша өзгертіп жазады: «Жаһан кезіп жүріп, келіскен бір жігіт таптым. Мен барғанша қызымды қосып, тойын жасап қой».
Қара арғымақ айтқанындай керуен басының үйіне алып барды. Жігіт аттан түсіп, қағазды әйелдің қолына ұстатады. Қағазды оқыған соң, керуен басының әйелі әй-шайға қарамай жігітті ерекше күтеді. Содан кейін үлкен той жасап, қызын қосады.
Той өткеннен кейін бала келіншегін ертіп, қаланы аралауға шығады. Қаланың қақ ортасынан зәулім мұнараны, оның төбесіне салынған үйді, мұнараның айналасын күзетіп тұрған қарауылдарды көреді.
— Мынау не қылған мұнара?— деп сұрайды жігіт келіншегінен. Ол естіген-білгенін айтады.
— Мұнараның басындағы үйде хан дойбы ойнайды. Жеңсе — жеңілген адамның басын алады. Жеңілсе — жеңген адамға хандық тағын беретін уәдесі бар.
— Олай болса, мен барып ханмен дойбы ойнаймын.
— Кеше ғана бақытқа қолым жетіп еді, хан басынды алса — мен сорлы бақытсыз бейбақ, жесір болып қаламын ғой. Әкем келгенде не айтамын?
Жігіттің келіншегі ботадай боздайды. Жігіт жұбаныш айтады.
— Мен жеңілмеймін. Сен үйге қайта бер...
Ақыры жігіт мұнараның түбіне барады да, ханмен дойбы ойнауға келгенін айтып, күзетшілер арқылы ханға хабарлайды.
Дойбыдан жеңіліп қалғандықтан басы кесілгендер аз емес. «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегеннің кебін киіп тұр ғой ол бала,— деп хан қорашсынады. Сөйтсе де, жігіттің қатал талап етуімен хан өзінің уәдесіне кереғар шықпай, баламен дойбы ойнауға келіседі.
Хан мен жігіт үш рет ойнауға келіседі. Сонда кімнің ұпайы артса — сол жеңген есептеледі. Бірінші тартыста хан жеңіліске ұшырайды. Одан кейінгі кезекте әр тасты жүру үшін ханға сағаттап ойлануға тура келеді. Қиян-кескі сайыс бес тәулікке созылады. Ақыр аяғында хан жеңіледі де, тағын беріп шетке шығады.
Хан тағына отырған жігіт бүкіл халкын жинап алады да, өзін құдыққа тастаған керуен басын, өнерге, өнерліге қарсы қылмыскер деп жариялап қастандық әрекеті үшін дарға астырады.
Дүниенің бір шетінде калған әкесіне кісі жіберіп, қайыр сұрап жүрген жерінен таптырып алдырады.
— Өнерге тоғанақ малды айырбастап, такырға отырғыздың деп, сені жазғырып едім. Барлық байлық өнерде екен ғой,— деп баласы-на риза болыпты әкесі.