Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ҚҰРМАШ, НҰРМАШ, ЖАЛҒАС
Ертеде Елубай деген кісінің Құрмаш, Нұрмаш, Жалғас деген үш баласы болыпты. Үшеуі де шығаннан шыққан жалқау, бірінің тілін бірі алмайтын кесірін, ынтымақсыз қиқарлар екен. Әкесі не шешесі біреуін бір жаққа жұмсай қалса сылтаулары табыла кетеді.
— Менің басым ауырып тұр, Құрмаш барсын,—- дейді Нұрмаш Ал Құрмаш Жалғаска сілтеп:
— Менің ішім ауырып тұр. Жалғас барсын,— дейді. Сөйтіп, біріне-бірі сілтеп, ешбір жұмыс тындырмай күнді батырады екен.
Қыстың аязды бір күнінде Елубай мен әйелі жолаушы жүрмек болады.
— Балаларым, біз жол жүріп бара жатырмыз. Қарындарың ашса, ана қазандағы көжеден құйып ішіңдер. Ертелі-кеш малды суғарып, жем-шөбін беріп, малға қарандар!— дейді де, әке-шешесі аттанып кетеді.
Түс кезі болады. Үш баланың қарны ашады. Нұрмаш өзінен кіші Құрмашты жұмсайды.
— Құрмаш, қазандағы көжені тегенеге қотарып әкелші, ішейік.
— Мен құя алмаймын, төгіп алам. Жалғас, сен құйып әкелші.
— Мен тегенені көтере алмаймын,—дейді Жалғас,— өзің кұйып әкел.
— Мен, немене, сен екеуіңнің малайыңмын ба?-- деп шіренеді Нұрмаш.
Сөйтіп, үшеуі күн батқанша егесіп, аш отырады.
Күн батар кезде аштықтан бұралған үшеуі:
— Көжені қотармай-ақ, қазанда тұрған күйінде іше берейік,— деп келіседі.
Содан үш жалқау қолдарына бір-бірден қасық ұстап, қазанның басына төніп келеді. Сөйтсе, есік ашық қалған екен, одан уілдеп аяз соғып тұрады.
— Құрмаш, есікті жаба салшы,— дейді Нұрмаш.
— Жалғас, сен жауып келші,— деп сілтейді. Құрмаш.
— Өздерің неге жаппайсындар,— деп, Жалғас тіл алмайды.
Үшеуі осылайша тағы ерегіседі.
— Олай болса,— дейді іштеріндегі жасы үлкені Нұрмаш,— көжені кім бұрын ұрттаса, кімде-кім бұрын сөйлесе, есікті сол жапсын!
— Мақұл,— десіп, бұған үшеуі келіседі.
Қазанды ортаға алып, үшеуі мөлиеді де отырады. Уақыт өте береді. Үй суып кетеді. Қазандағы көже мұздап қалады. Бірақ ешкім ләм деп тіс жармайды. Тіс жарса, барып есікті жабуы керек.
Осылай безеріп отырған жерлерінде үшеуі де қалжырап құлай- құлай кетеді.
Әке-шешесі қайта оралып келгенде қораға қараса малға жем-шөп салынбаған, аштан бүрсең қағып тұр. Үйге кірсе есік ашық, үйдін іші азынаған аяз. Терезе көздерін қырау басқан. Ал үш баласы қолдарына бір-бір қасық ұстаған қалпы қазанның қасында аштан бұралып жатыр. Бұған әке-шешесі қатты қынжылыпты.