Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ҒАЖАЙЫП БАҚ


 

Баяғыда Асан мен Қасен деген екі дос болыпты. Екеуі де кедей екен. Асан ұлтарақтай жеріне егін егіп, Қасен өзінің аз ғана малын бағып күн көріпті. Екеуінің де әйелі қайтыс болады. Асанның бар жұбанышы — айдай сұлу қызы. Қасеннің үміті — қайраты тасып тұрған баласы.

Бір жылы көктемде Асан егін салуға қамданып жатқанда, Қасен жұтқа ұшырайды. Қыс аяғы қатты болып аз ғана малы қырылып қалады. Көзінің жасы көл болып, Асан досына жылап келеді.

—        Сенімен қоштасуға келдім. Малым қырылып қалды. Енді аштан өлместің қамын жасап, бір әрекет табу үшін қаңғып кетейін деп тұрмын.

Бұл сөзді естігенде Асанның да көңілі босайды. Көзіне жас алады. Досын құшақтап тұрып:

—        Екеуіміз жан жолдас едік қой,— дейді елжіреп.— Мал-жанымыз ортақ емес пе? Менің егіндік жерімнің жартысы сенікі болсын. Көңіліңді тоғайтып, қолыңа кетпен ұста. Тырбанып тіршілік қыл!

Сол күннен бастап, Қасен де егін салып, соны күтіп-баптауға кіріседі. Күн артынан ай өтеді. Сол әрекетпен біраз жыл сырғиды. Бір күні Қасен арық қазып жүріп, кетпеннің кашырлап темірге тигенін байқайды да, таң қалады. «Бұл не ғажап» деп, сол жерді терендете қазады. Шұңқырдан бір қазанның шеті көрінеді. Қасен қазанды құлағынан ұстап, сыртқа сүйреп шығарады. Қазанның іші толған алтын. Қасен қуанышы қойнына сыймай, досының үйіне қарай жүгіреді.

—        Сүйінші, Асан!— деп айқайлайды алып-ұша жетіп келіп — Сүйінші, қазыналы бай болдың, үлкен олжаға баттың. Мен сенің жеріңнен алтын толтырылған қазан таптым. Енді жоқшылықтан құтылдың.

Асан да қуана қарсы алады.

—        Сенің адалдығыңды білем ғой, Қасен... Ол алтын менікі емес, тапқан сенікі. Оны сен өзіңе тиесілі жерден қазып алдың.

—        Мен де сенің кең пейіл, мейірімді екенінді білемін,— дейді Қасен де оның сөзіне илікпей.— Сен маған жеріңді бөліп бергеніңмен, астында жатқан қазынаны берген жоқсың ғой.

—        Ардақты досым, жердің асты мен үстіндегі қазынаның бәрі сол жерге мандай терін төгіп, еңбек еткен адамдікі болуға тиіс.

Алтынды жеке иеленгісі келмей, бұл екеуі ұзақ таласады. Ақыры Асан бір байламға келеді.

—        Қасен, таласты қоялық. Сенің ержеткен ұлың бар, менің бойжеткен қызым бар. Балалардың көңілдері жарасып жүр ғой, сол екеуінің басын қосайық та, алтынды соларға берейік. Сөйтіп, балаларымыз кіріптарлық көрмесін.

Әкелері осы тоқтамдарын айтқанда, балаларының қуанышы қойнына сыймайды шаттанып. Сөйтіп той жасап, ұл мен қызды қосады. Жас жігіт жаңа түскен келіншегімен отау тігіп, жеке шығады да, Қасен тұрған үйге кіреді. Қасен құрдасының үйіне көшеді.

Келесі күні жас жұбайлар алтын толы қазанды көтеріп, аталарының үйіне келеді. Қабақтарында кірбің барын көрген Қасен мен Асан:

—        Не боп қалды, балалар? Ертелеп жүрулеріңнің себебі не?— деп сүрайды. Жас жұбайлар шынын айтады.

—        Аталары берген тегін қазынаны балалары иелене салған жарамас. Біз алтынсыз да байимыз. Жарасып қосылған көңілдерден артык қазына бар ма бұл дүниеде.

Сөйтіп, қазанды үйдің ортасына қояды да, екі жас кетіп қалады. Енді алтын толы қазанға кім ие болуы керек? Талас қайта басталады? Ақыры елден аулақ, қулық-сұмдықты білмейтін, көпті көрген бір қарт кісіні тауып, соған жүгінбек болады.

Бірталай күн жол үріп бұлар елсіз таудың етегінде отырған қараша үйлі қарияға келеді. Қария төрге төселген тозығы жеткен жұлым-жұлым киіздің үстінде отыр екен. Оң мен солында екі- екіден төрт шәкірт. Қарт жолаушылардың аман-сәлемін тындайды.

—        Жүгініп, ақиқатқа көз жеткізу үшін алыстан арнайы келген екенсіндер, шаруаларынды айтындар.

Жолаушылар қартқа өздерінің бітісе алмаған таластарының жай-жапсарын баяндайды. Бұлардың сөзін тындап алып, қария ойға шомып ұзақ отырады. Сонан соң өзінің жасы үлкен шәкіртіне мойын бұрады.

—        Сен менің орнымда болсаң, мына кісілердің таласын қалай шешер едің?— деп сұрайды. Шәкірті ойланбастан жауап береді.

—        Жер дүниедегі қазынаның қожасы — хан. Мен ханның қазынасына құйғызар едім.

—        Ал, менің орнымда болсаң, сен қалай шешер едің?— деп, қарт екінші шәкіртінен сұрайды. Ол да өз шешімін айтады.

—        Бұлар таласқан мүліктің иесі жоқ болғандықтан билікті болуға тиіс. Сондықтан алтынды билік айтқан соң, өзім алар едім.

Қария іштей ренжіп, қабағы кіртиеді, жүзі сұрлана сұстанса да, сыр білдірмейді. Сонан кейін үшінші шәкіртінен сұрайды:

—        Енді сен айтшы, қандай шешім қабылдар едің?

—        Бұл алтынның иесі жоқ, оны ешқайсысы иеленгісі келмейді. Сондықтан мен алтынды қайтадан жерге көмдіріп тастар едім.

Қария қатты қапаланып, түнеріп кетеді де, кіші шәкіртінен сұрайды.

—        Қане, сен не айтар едің, қарағым?

—        Артық айтсам, айып етпеңіз, ұстазым — дейді кіші шәкірті.

—        Мен болсам, осы алтынды жұмсап, құлазып жатқан далаға гүлі жайнаған саялы бақ өсіртер едім. Арып-ашқан жолаушылар, кем-кетіктер сол бақшаның саясында тыныс алып, жемісін қорек етер еді, аз да болса, жандары рақат табар еді.

Бұл сөзді естігенде қария көзіне жас алады. Орнынан тұрып, кіші шәкіртін бауырына басады.

—        Жасы кіші болса да, ақылы артықты аға тұт деген рас екен,— дейді қарт риза болып. Сонан соң өзінің ұйғарымын айтады.— Сенің билігің әділ болды, балам. Енді осы алтынға сен ие бол. Базарға барып, ең жақсы тұқымдарды сатып алып кел де, тақырға өзің айтқан бақшанды өсір! Саған да, алтынға қызықпаған мына кең пейіл жандарға да кем-кетік, жарлы-жақыбай өмір бойы алғыс айтатын болар.

Жас жігіт алтынды дорбаға салып алып, жолға шығады. Ұзақ сапар шегіп, арып ашады. Ақыры хан ордасына барып тоқтайды. Ханға сәлем беріп, өзінің мақсатын ұқтырады. Хан балаға білікті бағбандарын қосып береді. Қала базарына барып, жеміс ағаштарының тұқымын іздейді. Қызылды-жасылды маталар мен түрлі- түсті әшекей заттарды тамашалап, базарды аралайды. Сөйтіп жүргенде керуеннің күңгірлеген қоңырауы мен біреудің айқайлаған дауысын естиді. Жігіт солай бұрылып қараса, ұзынға созылған керуен келе жатыр екен. Түйелердің қомына жүк орнына ой мен қырда, су мен шөлде өсетін құс атаулыны тірі қалпында тендеп, алған. Кейбірін аяғынан матастырып байлаған. Құстардың қанаттары қайырылып, сынған. Жұлынған мамықтары жерге ұшып, бұлтша қалқып жүр. Түйелер ырғала адымдаған сайын тұтқын құстар жанұшыра тыпырлайды, адамның сайсүйегін сырқырата шырылдайды. Мұны көрген жігіттің жаны у құйгандай ашиды. Сығылысқан қалың топырды жарып өтіп, керуен басының қасына барады да, әдеппен тағзым етеді.

—        О, мырза мына жазықсыз құстарды сонша қинауыңыздың себебі не, қайда алып бара жатырсыз?— деп сұрайды. Керуен басы да сыпайы жауап қайырады.

Хан сарайына бара жатырмыз. Бұл құстар — ханның соғымы. Бұл құстар үшін хан бізге бес жүз ділдә береді.

—        Мен мың ділдә берсем, мына құстарды босатып жібересің бе?

Керуен басы жігіттің жұпыны түріне қарап, оның сөзін елең қылмай жүре береді. Сол кезде жігіт иығына асқан дорбасын ашып, керуен басыға алтынын көрсетеді. Керуен басы сенер-сенбесін білмей, аңтарылады. Бірақ қызылшыл саудагер алтынды көрген соң, төніп түседі. Сұғанақтығы жеңіп, жігіттеріне бұйырады:

—        Құстарды босатып жіберіңдер!

Қамаудан босанған құстар топ-тобымен аспанға көтеріледі. Керуеннің алып келе жатқан құстары қисапсыз көп екен, жапырлай ұшқанда күннің көзін бүркейді. Қаққан қанаттарынан ескен леп, дауылға айналады. Жігіт көкке самғай ұшқан құстарға қарап тұрады. Содан құстар әбден тарап болған соң, керуен басыға уәделі ділдәні береді де, дорбасын иығына салып алып, кері қайтады. Қуанышы қойнына сыймай, аяғы жерге тимей әндетіп келе жатады. Бірақ ауылына таяған сайын, көңілін уайым торлайды. Өзі істеген қылығына өкініп, қайғырады. «Басқа біреудің қазынасын ойыма келген нәрсеге сарп еткенім қалай? Кем-кетіктер үшін баубақша орнатпақ едім ғой. Ұстазыма, мені тұқым алып келеді деп тосып отырған ақ көңіл адамдарға не айтамын?»— деп ойға шомады. Жігіт осылай өзіне-өзі ызаланады. Бара-бара қайғысы үдеп, оқасы асқынып құлап түседі. Жерге сұлап жатып, өзіне-өзі өлім тілеп жылайды. Ақыры сілесі қатып, ұйықтап кетеді. Үйықтап жатып түс көреді. Түсінде әлдеқайдан бір бұлбұл құс ұшып келеді де, кеудесіне қонып, тамылжыта сайрайды. Әсем үнмен тіл қатады: «Уа, кең пейіл жігіт! Сен қатты қайғырып налыма! Еркін жүрген құстардың саған беретін алтыны жоқ. Бірақ, жақсылығынды қайтарады. Ұйқыдан оянып, жан-жағыңа қарашы! Көзіңнің жасы тыйылатын шығар...»

Осылай дейді де, бұлбұл ұшып кетеді. Жігіт ояна салып, жан- жағына қарайды да, таң-тамаша қалады. Кең далаға қаптап, қонып отырған құстарды көреді. Құстар аяқтарымен тырнап, шұңқыр қазып, ауыздарындағы дәндерді сол шұңқырға салады да, қанаттарымен топырақты сырып, көміп жатады.

Жігіт қозғалып қалғанда, лып етіп аспанға ұшады да, кетеді. Құстар тағы да күнді қалқалайды, қаққан қанаттарынан ескен жел дауылға айнаілады. Жігіт аңтарылып тұрып, айналасына көз жұгіртеді. Құстар қазған шұңқырлардан қылтиып жас шыбықтар өне бастайды. Көгі өрмелеп өсіп, бұтағы күлтеленеді. Жапырағы жайқалған ағаішқа айнала бастайды. Қақағым сәтте ағаш бұтақтарына құлпырған гүлдер өсіп, шешек атады. Жұпар иіс аңқиды. Содан кейін ігүлдердің желбірі ұшып түседі де, орнына нартай қызыл алмалар мәуілжіп тұра қалады.

Мұның қасында Иран бағы алақандай шоғыр гүл тәрізді болып қалады. Қабығы маржандай жалтылдаған алма ағаштарына сан жетпейді. Қаз-қатар тізілген сан-сан ағаш арасынан пісіп тұрған жүзім, балдай (балқыған өрік, жалтыр көл, көкорай шалғын, бәйшешек көрінеді. Ағаш саясындағы жолдарды жапырақ жауып жатыр. Жолдың екі жшегіндегі таспен өрген арықта тұнық су сылдыр қағады... Жоғарыда, ағаш басында пырылдап құстар ұшып, қонады. Жігіттің түсінде көрген бұлбұлы құшырлана сайрайды.

Жігіт танданып, өңім бе, түсім бе деп, жан-жағына қарай береді. Өңі мен түсін айыру үшін қатты айқайлап жібергенде, өз даусының жаңғырығын естиді. Құлпырған бақ ғайып болмастан орнында тұрады. Өңі екеніне көзі жеткен соң, жігіт ұстазының үйіне қарай жүгіредіі. Келе сала болған оқиғаны баяндайды. Енді ұстазы, оның үш шәкірті және Асан мен Қасен бау-бақты көру үшін аттанады. Жігіт жол бастап келеді...

Құлазыған шөл далаға ғажайып бақ орнапты деген хабар елге тарайды. Ең алдымен сәйгүлік аттарына мініп, бай-манаптар көруге келеді. Алайда бұлар бақтың шетіне жете бергенде алдыларынан жеті құлыш салынған темір қақпа мен биік дуал пайда болады. Бұдан әрі өтеалмайтын болған соң, ерлерінің үстіне шығып, мойындарын созып қарайды. Алмалардан үзіп алмақ болады. Алмаға қолдары тиісілиен естерінен танып құлай береді. Мұны көрген соң, басқаларыныңі зәрелері ұшып, аттың басын кері бұрып тұра қашады.

Сол арада жаяу-жалпылап, кедей-кепшік, мүсәпірлер келеді. Енді қақпанынні құлпы босап, есіктің өзі айқара ашылады. Келгендер жіңішке соқпақпен жүріп қыдырады. Жапырақты таптап баса қалғанда да, солмайды. Арықтағы сулар лайланбайды. Жемістерді қанша алып жесе де азаймайды. Бау ішінде құстар сайрап, әсем әуен саябырламайды.

Ымырт үйіріліп, қараңғылық молайған кезде алмалар шырақша жарқырап, нұр шашып тұрады. Бұлбұл түнімен сайрайды. Кемкетік, жарлы-жақыбайлар, мүсәпір-пақырлар шалғынды төсеніп, өмірлерінде аліғаш рақатқа кенеледі, тәтті ұйқыға шомады.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник