Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ЕШКІ ҚОТЫР
Өр Алтайдағы бір бидің шабарманы өте пысық жігіт екен. Ел кезіп, көпті көреді. Қартайған шағында бір байдың ауылына түсіп, қонақ болады. Сонда қонақ кәде ретінде ауыл адамдары өлең айтқызады. Оның артынан әңгіме айт деп қолқалайды.
— Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?—дейді қонақ.
— Алдымен көргенінді айт.
Сонда шабарман әңгімесін бастайды:
— Жас кезім, би мені қазан-алман жинауға жіберді. Қасыма ерткен атқосшым жолда ауырып қалып, өзім бір бай ауылға барып қондым. Байдың екі отауы, төрт-бес көрші үйлері бар екен. Бойында ешкі қотырым бар еді, түнде бір рет отқа қыздырынбасам, жата алмаушы едім. Ас ішіп, жатар уақыт болғанда денем қызып отырды да, мен далаға жатайын дедім. Сыртқа текемет төсеп, төсек салып берді. Ел ұйықтады-ау дегенде тұрып, жейдемді шешіп, басыма жастадым да, үйге кіріп отты көсем қарнымды қыздырдым. Қайтып төсегіме келсем, бір сиыр ағарандаған бірдеңені жалмап тұр. Тым болмаса жейдемнің жағасын алып қалайын, кеңірдегім сорайып жүрмесін деп, ойладым да, сиырға тап бердім. Сиыр жейдемді ала қашты. Құйрығынан ұстап, қуып келемін, қашып барады, иттер де қоса жүгіріп, ауыл даңғаза шу болды да кетті. Бір көлеңке жерден сиыр қарғып кеткенде мен де қарғып едім, ауылдың су алатын құдығы екен, соған барып түстім де кеттім.
Күздің қоңыр салқын түні еді. Бұтымда дамбалым ғана бар. Таң атқанша тырбанып шыға алмай, селкілдедім де тұрдым. Ақыры таң әбден атқан соң, су алуға бір әйел келіп, шелегін тастай беріп, құдықтағы тыржалаңаш мені көрді де, шошынып қашуға ыңғайланды. Мен де айқайлап, өзімді таныстырдым. Әйел жөнімді ұққан соң, қайырылып келіп, арқан тастады. Құдық онша терең болмағанмен, сыртқы ауызы кеңдеу кемеш екен. Әйел арқанды тартты, мен шығуға талпынып, ұмтыла бергенімде, аяғы тайып кетіп, менің үстіме былш ете түсті. Екеуміз белуардан келетін судың ішінде тұрып қалдық. Мен өзімнің қырсығыммен өзім ғана болмай, байдың келінін құдыққа қоса түсіргеніме қатты абыржыдым. Әлден уақытта байдың үлкен баласы, әлгі әйелдің күйеуі ат суғаруға құдыққа келді. Ол да бастабында сескеніп қалды. Артынан мен зарымды айтып жалынғаннан кейін әйелін боқтап зықысын шығарды да, қайтып барып екі жігіт жіберіп, бізді шығарып алды.
Елге қарар бетім жоқ. Төсегіме барып киімімді кидім. Ауыл адамдары жиналып келіп біз «арамдаған» суды төкті. Байдың ұлы намыстанып, әйелін сабап жатты. «Байқұстың обалына қалдым- ау» деп іштей өкіндім. Амал қанша, қолымнан келері жоқ. Өзім де жазықты адам саналдым. Байдың ұлы зіркілдеп, мені сабамақ болып еді, ауыл адамдары араға түсіп, арашалап алды. Биге алмансалық жинамақ тұрмақ, осы арадан тез кетуге асықтым. Бірақ олар аяғыма кісен салып, байлап тастады: ертеңіне жақын жердегі биге алып барып, маған айып тартқызбақ болды. Сол түні байдың кіші ұлы кісеннің кілтін ұрлап әкелді де, мені босатып жіберді. «Менің ағам жауыз адам. Сіздікі оқыстан болған іс. Қылмысыңыз жоқ. Қашып кетіп, еліңізді табыңыз. Тәуекел, қалған істі өзім көрейін» деді. Оның жасы менен гөрі кішілеу. Не айтарымды білмей, «мені мүсопірліктен құтқардың, рақымет!» дедім де, елді бетке алып, таң атқанша жүрдім. Ертеңінде қоналқаға қой бағып отырған жалғыз үйге келдім. Сол күні көшіп келген екен. Иті көне жұртына қайта қашқан да, жігіті соны қуып кетіпті. Үйде енесі мен жас келіншек. Барғаннан күтіп, төр алдына төсек салып берді. Үйықтады-ау дегенде, түрегеліп, қидың шоғын көсеп жібердім де, оттың үстіне төрт аяқтап тұра қалып, қарнымды қыздыра бастадым. Міне, қызық, от жарқ ете қалғанда төсекте жатқан келіншек шымылдықты ашып, бір қарады да, «Ойбай, апа!» деп бір айқайлады да, дыбысы шықпай қалды. Мен ыршып барып, көрпеме кірдім. Кемпір де түрегеліп, төсектегі келінін құшақтай алып, ойбай салды. Келіні шошығаннан талып қалыпты. «Қарағым, қонақ бала-ай, түрегелші, бұл не деген сұмдық, а құдай, ақ сарыбас!» деп кемпір шұбыртып жатыр. Мен де ұшып тұрдым. Тамырын ұстадым да: «Түсі суық бірдеңеден шошыған екен» деп, ұшықтап аптадым. Біраздан кейін есін жиды.
— От жарқ ете түскенде қарасам, оттың үстінде бір жалаңаш нәрсе талтайып тұр. Бауыры түгел емшек екен,— деді. Мен күліп жібердім. Екеуі маған қарады.
— Ол келіп жүрген менің жыным. Сіздер оңаша отырған соң, албасты-сайтан маңайласа қуып жібер деп жүргізіп қойып ем. Келініңіз содан шошыған екен,— дедім.
Сол-ақ екен, келіншек те ада-күде жазылып кетті. Ойламаған жерден қисынын тауып кеткеніме өзім де қуанып қалдым. Таңертең ерте тұрып, мені әулие санап күте бастады. Әйелдің күйеуі де келді. Ол:
— Бүгін жатып кетіңіз,— деп жігі-жапар болды. Ақыры кетуім керек деп, көнбеген соң, шапан кигізіп, жөніме жіберді. Ешкі қотырдың маған тигізген бір пайдасы осы.
Қонақ әңгімені доғарып еді, жұрт:
— Қонак, әңгімеңіз дәмді екен, енді естігеніңізді айтыңызшы,— деп қолкалады. Қонақ естігенін айтуға кірісті.
— Бір кедей жігіт құржа арасында отырып еңбек етіп, ұрлық қып жан бағады екен. Ол өзінін басынан кешірген оқиғаны былай баяндап берді.
— Бір күні,— деді жігіт — түнде қауын ұрлайын деп барып, бір қауынды арқалап жүре бергенімде, «да» деген дауыс шықты. Адамдар қаптап кетті. Құржаға қарай қаштым, қуып келеді. Ай жарық еді, құтылмайтын болған соң, жолдағы диірменге кіріп кеттім. Диірменші ат диірменнің елегін теуіп тұр. Мені байқаған жоқ, ұн салған дағарлардың арасына отыра қалып, екі қалтама ұн сала бердім. Қуғыншылар да диірменге кірді.
— Жаңа осында кірген ұры қайда?— деп, диірменшіден сұрап еді, ол:
— Көргем жоқ,— деді.
— Ұрыны сен жасырдың,—деп, біреуі ақырды. Басқалары шамды ала сап, қасыма жетіп келгенде, ұнмен көздеріне періп-періп жібердім. Олар көздерін уқалап жатқанда зытып кеттім. Қашқан бойы тауға бардым. Тоңған соң, іші қуыс қарағайдың кеуегіне кіріп отырдым, ұйықтап оянсам, таң атып келеді. Енді шыға бергенімде сөйлеген дауыс естілді. Қуғыншы келіп қалған екен деп, қайта отырдым. Сөйтсем, бұлар отын алуға келгендер екен. Ағашты тақылдатып ұрып жүріп, бір уақытта қуысында мен отырған ағашқа келді. Бірдеңе айтып сөйлесті де, арамен кесе бастады. Енді ажалым келді, араға туралып өлетін болдым-ау деп, қорқып отыра бердім. Бір кезде араның жүзі ыпстық болып жетіп келді. Бақытыма қарай араны түбінен биіктеу салған екен, бұға қалдым. Төбемнен тымағымды кесіп өте шықты. Бір кезде ағаш күрс етіп құлап түсті де, мен аман қалдым.
Үйдегілер мені ұстап алып өлтіріп тастады. Енді бізді де өлтіреді деп, түн ішінде көшіп кетіпті. Өгізді көштің ізіне түстім де, екі етегімді беліме қыстырып алып жүре бердім. Қарным ашты. Бір қарайған көрінген соң, баспалап, бардым. Түнеп жатқан кірекештер екен. Тақай бергенімде аспанға қара бұлт үйірілді де, жауын сіркіреді. Жауын басылған соң, таяп барып, тоғанақтардың арасынан пана іздедім. Бәрі ұйықтап қалған. Бір шатырдың астына кіріп қисая кеттім. Дабырлаған дауыстан оянсам, күн шығыпты. Кірекештер жүк тией бастағанда тұрып, тұра қаштым. Ұры деп тұра қуды. Екі аяғым шалынып, көзім қарауытып қаша алмадым. Әудем жерге жеткізбей ұстап алды да, итше тепкіледі. Қайда барсам да алдымнан қырсық шығады, өлетін болдым деп, өзімді-өзім байқаймын, тірі жіберер емес. Бір бөшкеге салды да, қақпағын жауып, шегеледі. Өздері кетіп қалды. Мұнысы азап шегіп, аштан өлсін дегені екен. Содан шыға алмай жатырмын. Бір кезде осы араға келген қаскыр ұлыды. Бөшкенің саңлауынан қарасам, желке жүні бір қарыс көкжал. Аш сияқты, бөшкені иіскеп-иіскеп алады да, қыңсылап айналып жүрді. Бір кезде бұтын көтеріп сари бергенде, құйрығынан шап беріп ұстай алдым. Бөшкені сүйретіп қаша жонелді. Құйрықтан айырылмадым. Мұндай күшті болар ма, бөшке анда бір, мұнда бір тиеді. Бір тасқа соққанда қасқырдың құйрығы жұлынып қолымда қалды, бөшкенің күл-паршасы шықты. Қуанып бөшкеден шықтым да, құдайға тәубе дедім. Енді өлсем де ұрлық қылмасқа бекідім. Аман-есен үйімді тауып алдым. Содан кейін еңбек етіп, жан бақтым. Ақырын мал жинап, көп-көрім байып калдым...
— Естігенім осы,— деді қонақ.