Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері
ДІЛДӘ
Ертеде Меңірек тауының бөктерін жайлаған, елін сүріктей сорған, бейкүнә адам қанымен кылышын қандаған, сән-салтанатқа мастанып, дәуірлеген бір хан өтіпті. Айтатын ақылы, көрсетер рақымы болмаған соң, елі оны «Залым хан» атап кетіпті.
Осы елде ата-анасынан ерте жетім қалған Жекей деген жетім бала болады. Арқа сүйер ағасы, басын сүйер інісі болмаған соң, оның күндегі ісі де, күн көрісі де — Меңірек тауына шығып, отын жинап әкелу болады. Бір күні Жекей әдетінше таң рауағадағанда тұрып, тауға отынға келеді. Қарағайлы қалың орман. Әлдеқайда бебеулей шырылдаған бір құстың зарлы даусын естиді.
Жекей жан-жағын шолып, қанша қараса да, ешнәрсе көре алмайды. Әлгі шырқыраған дауыс барған сайын ширығып, үдей түседі. Бұған аң-таң боп қайран қалған Жекей отынын тастай салып, дауыс шыққан жаққа келсе, жалама жартастың қапталын жанай өскен бір бәйтеректің басынан шығып тұрғанын біледі. «Бұл не қылса да басына қатер төнген бейшара болар» деп ойлайды да, жақындай түседі. Таяп барып, сығалайды. Жуандығы женді білектей ұзындығы екі құлаш келетін қарасұр жылан көзінен от шашып, ұзын айыр тілін жаландатып, ысылдай ысқырған қалпы теректін басына қарай өрмелеп бара жатыр екен.
Денесі түршіге тітіркенген Жекей әлгі безілдеген құсты ажалдан құтқаруды ойлайды да, жалмажан жерден кеседей тасты көтеріп алып, жыланның басын дәлдеп пәрменмен жіберіп ұрады. Тас жыланның басына тимей, беліне тиеді. Жылан бұраландап жерге түседі. «Бәлем, сені ме?» дегендей жылан айбат шегіп Жекейдің өзіне ұмтылады. Жекей лып етіп, жанындағы теректің басына шығып алады. Жылан тілін жаландатып айбат шегіп, ысылдай ысқырған күйі Жекей шығып алған теректі бір айналады да, өрмелеп ұмтыла бастайды.
Жоғары сырғи-сырғи ағаштың ортан беліне барып тоқтаған Жекей айбалтасын қолына алып, жыланмен сайысуға дайындалады. Жылан жиырыла серпіліп, жұтып жіберердей аранын ашып, тақай бергенде Жекей қолындағы ұзын сапты балтасын сілтеп қалады. Жыланның басы допша домалап жерге түседі. Жауын жамсатқаннан кейін Жекей теректен түседі де, балтасын беліне қыстырып жүре бергенде:
— Әй, жігіт, тұра тұршы!— деген біреудің дауысын естиді. Сөйтсе, ол жақтағы өзі ажалдан арашалаған үлкендігі кептердей бір сары ала құс екен. Құс ұшып келіп Жекейдің қарсы алдына қонады — Жігітім, саған мың да бір рахмет! Сен менің екі балапанымды ажалдан алып қалдың. Бұл алтыншы рет шығарған балапандарым еді. Бұдан бұрынғылардың бәрін жыл сайын осы уақытта әлгі жылан жеп кететін. Сен болмасаң, бүгін де ұядағы балапанды жейтін еді. Менің саған істеген жақсылығым болсын, мә, мынаны ал. Қажет бола қалсам, күн шығып келе жатқанда осы жерге келіп: «Құсым, құсым, мен келдім» деп үш рет дауыстасаң, мен саған ділдә беріп тұрамын. Ең бастысы тек күн шығып келе жатқанда ғана келетінінді және үш рет дауыстайтынынды ұмытпа!
Осыны айтады да, құс бір тал мамығын жұлып береді. Сонан кейін ұша жөнеліп, кетіп қалады. Бұған сенерін де сенбесін де білмеген Жекей отынын арқалап алып кетіп қалады. Жекей ойға шомып, түні бойы көз ілмейді. «Осыны бір байқап көрейінші» де- ген оймен күн шығар алдында әлгі жерге барады да: «Құсым, құсым, мен келдім» деп, үш дүркін дауыстайды. Сол-ақ екен әлгі құс пайда бола кетеді де, сілкініп-сілкініп жібереді. қанатының астынан сылдырап алтын теңгелер түседі. Жекей рахмет айтып, алтын ділдәларды жинап алады да, қуана-қуана үйіне келеді.
Сөйтіп, Жекейдін тұрмысы жақсара бастайды. Күндер өтіп жатады. Жекей мал-мүлік жинайды. Қора-жай салады. Көршілес елден ай мен күңдей ажарлы, ауызы оймақтай; көзі қарақаттай бір сұлуды айттырып, түтін түтетеді де, ел қатарына қосылады.
Жекейдің байлығы барған сайын артып, дәулеті патшаның қазынасынан да асып кетеді. Жекейдің есепсіз алтыны мен ерекше сұлу әйеліне көзі түскен патша: «Осының алтыны мен әйелін қалай қолға түсіремін» деп ойланады да, уәзірлерімен оңаша ақылдасады. Сонда бір уәзірі тұрып былай дейді:
— Мәртебелі тақсыр, оның амалы онай. Бір дорба ділдәны оның қорасына тықтырып қойыңыз. Артынан: «Қазынама ұры түсті!»— деп хабарлаңыз. Содан кейін жиналған елді бастап барып, оның қорасын тінтіріңіз де, ділдәні тауып алған болыңыз. Ел алдында масқара болып, бұлтара алмайды. Сөйтіп өзін ұры деп ұстап, көзін жоясыз да, барлық ділдәсі мен қазына-мүлкіне және сұлу әйеліне ие болып шыға келесіз.
Бұл қулықты залым патша қолдайды да, Жекейдің ауласына алтын ділдәні көмдіріп тастаған соң, ертеңіне: «Қазынама ұры түсті» деп аттан салып, елдің шырқын бұзады. Өзінің алтын тонына оратып, Жекейдің қорасына алтын тықтырып қойған патшанын зәрінен шошыған ел ұлар-шу болып дүрлігеді.
Таң атқан соң ел жиналады. Залым патша аула-ауланы тінткен болады. Содан Жөкейдің үйіне келеді де, тінтіп жүріп өздері тыққан ділдәні тауып алады. Содан кейін айып тағып, бар мал-мүлкін, әйелін алып, өзін байлап-матап айдап әкетеді.
Залым патша Жекейді ордаға алып барған соң қалай байығанының сырын сұрайды. Бірақ, Жекей шын сырын ашпайды. Бұған кәрленген патша оны дарға асуға бұйырады. Жазықсыз өлетін болғаннан кейін Жекей амалсыз басынан өткен оқиғаны, баюының сырын айтады. Мұны естіген залым патша. «Мұны өлтірмей тұра тұрайын, әлгі жұмбақ құстың ділдәсін жинап алайын. Содан кейін көзін жоя салу қиын болмас» деп ойлайды. Содан кейін қасына әлгі өзіне ақыл үйреткен уәзірді алып, Жекейдегі құстың жүнін алады да, күн шығар алдында бәйтеректің түбіне барады. Содан кейін: «Құсым, құсым, мен келдім!» деп үш дүркін дауыстайды. Сол заматта алтын құс пайда бола қалады да, сілкініп-сілкініп жібереді. Сонда қанатынын астынан сауылдап алтын ділдә төгіле бастайды. Мұны көрген қанағатсыз, обыр патша «Құсым, құсым, мен келдім!»—деп толассыз дауыстай береді. Қойны мен қоншына ділдәні нығырлап тығады. Ақырында өзі орнынан қозғала алмай қалады. Мұны көрген алтын құс:
— Ашқарақтың көзі өлгенде, бетін топырақ көмгенде тояды,— деп, бір сілкінеді. Сол сәтте алай-дүлей құйын соғып, патша мен уәзірді ұшырып алып кетеді.
Залым патшадан құтылған ел қуанады, бастарына тыныштық орнайды. Жекей де жаладан арылып, қазына-мүлкін жинап алады. Жұбайымен қайта қауышып, мақсатына жетіпті.