Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

БЕКЖАННЫҢ АМАЛЫ


 

Бір хан болыпты. Бір күні сол ханның ақшасы ұрланыпты. Оны ұрлаған ханның қол астындағы Бекжан деген жарлы екен. Оның алғанын ешкім білмейді.

Бірнеше күн өткеннен кейін хан ақшаны кімнің алғанын білмек болып, барлық жұртын асқа шақырады. Қонақтар үшін біраз үй тіктіреді.

Әр адамның алдына он тиыннан ақша қойдырып былай дейді:

— Кімде-кім осы ақшаны ұрлап алса, сол менің ақшамды алған адам.

Сонда Бекжан аяғына киіз байпақ киіп, табанына желім жағады да, қолына құмған алып, қонақтардың қолына су құяды. Сойтіп жүріп, әлгі кісілердің алдында жатқан ақшаның бәрін аяғымен басып, табанына жапсырып алып, сыртқа шығып кетеді. Мұны ешкім байқамай қалады.

Ханның бір нар түйесі бар екен. Оның жоғалған затты алған кісіні біле қоятын қасиеті бар екен. Сол нарды хан бір күні далаға жібертеді. Нар барып Бекжан үйінің алдына шөгеді. Бекжан бұл нардың небір ғаламатының бәрін бұрыннан біледі екен. Үйінің алдында жатқан нарды көріп, ұстайды да, сойып алады. Мұны хан білмейді.

Бір күні көрші үйдің қатыны Бекжанның нарды сойғанын біліп, ханға айтайын деп, Бекжанның әйеліне келеді де, нардың етінен сұрап алады. Бұл кезде Бекжан үйде жоқ екен. Көрші қатын ханға келе жатқанда жолдан Бекжан жолығып:

—        Қайда барасың?— деп сұрайды. Қатын айтады:

—        Мен сенің үйіңнен нардың бір борша етін сұрап алып келемін.

Сонда бұл қатынның жаман пиғылын түсініп, оны алдап, үйіне ертіп келеді де, өлтіріп тастайды. Мұны да ешкім білмейді.

Содан кейін хан бір ағашты тысқа қадатып, басына бір қапшық ақшаны байлатып қояды. Кімнің алғанын қарап тұру үшін ағаштың екі жағына елу-елуден кісі қойдырады.

Бекжан бұған да айла табады. Үстіне ақ киім киіп, астына ақбоз ат мінеді де, өзінің және атының оң жақ қапталына қара балшық жағып алады. Сонан соң атқа мініп, әлгі ақшаны шауып барып алады да, ілгері қарай зымырап шауып кетеді.

Сонда ағаштың оң жағында тұрғандар:

—        Қара киімді, қара атты кісі алды,—десе, сол жағында тұрғандар:

—        Ақшаны ақ киімді, ақбоз атты кісі алды,—деп, өзді-өзі ұрсысып қалады.

Ақырында хан ешбір айла таба алмай, тағы да жұртын жинайды.

—        Менің ақшамды алған кісіге қызымды беремін,—деп жар салдырады. Қалың елдің алдында уәде береді.

Бұл сөзді естіген соң, Бекжан ханға өзінің істеген амалын айтып береді. Сөйтіп, амалшыл Бекжан хан қызын алыпты.



Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник