Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

АТАСЫ МЕН КЕЛІНІ


 

Жұртқа қадірлі, ақылды бір шал болыпты. Бір ұл, бір қызы бар екен. Қызын алыс жерге ұзатады. Ұлы өте анқау, бос белбеу болыпты. Қарт «Өлсем өлігімді де жөндеп жөнелте алмас» деп қайғырыпты.

«Қалай тіршілік етер, артта қалған бар-жоқты қалай құрап, қалай тұтін тұтетер. Жұрт «Пәлен екем» деп құрметтеген атым өзім өлген соң өше ме?» деген қиял шегеді шал. Олай ойланып, былай ойланып, ағайындарына ойын айтады. Баласына бір ақылды әйел алып беруге бекиді. Өзі де сынап және жұрттың тәуір адам болады-ау деген сынына тоқтап, бір кедейдің қызын алып береді.

Содан кейін ұлын сынамақты ойлап, қарт ұлын ертіп жолаушы жүрмек болады.

—         Балам, жолаушы жүреміз, барынды алып, бақаныңды таянып, жолға әзірлен,— дейді.

Ұлы кетпен, күрек, бақан алып, әкесімен жолға шығады. Әкесі ішінен кейиді. Бір талай жүргеннен кейін:

—         Е, балам, жер ұзақ жолды қысқартпайсың ба?— дейді. Бала әкесінің сөзін екі етпей, аттан түседі де, жолды шаба бастайды. Әкесі сұрайды,— мұның не?

—         Жолды шауып қысқартпаса, қалай қысқартады?— дейді баласы. Әкесі:

—         Болды, атыңа мін!— деп баласын атына мінгізіп жүре береді. Баласының санасыздығына ішінен күйінеді. Аттарынан тер шығып, шаршай бастайды. Сонда әкесі:

—         Балам, біраз төбеленіп алайық,— дейді.

Баласы атынан түсіп, кетпенмен топырақты бөлек-бөлек төбешіктеп үйе бастайды.— Мұның не?— деп сұрайды қария.

—         Төбеленіп алайық дедің ғой,— деп, бала әкесіне ренжи шікірейеді. Әкесі тағы ішінен құсаланады да:

—         Атыңа мін,— жүр,— деп жүріп кетеді.

Тағы да бірталай жер жүрген сон:

—         Балам, бір ағаш қазан кайнатып алсақ қайтеді?— дейді шал. Баласы:

—         Жарайды,— деп тоқтап, аттан түседі де, өзінің ала шыққан бала-шотын қоржыннан алып, бір қураған ағашты бұтарлай бастайды. Әкесі сұрайды:

—         Мұның не?

—         Ағаш қазан жасаймын.

Әкесі баласының санасыз аңқаулығына тас-талқан ыза болады да:

—        Үйге қайтайық,— деп жүріп кетеді. Келген соң келіншегі күйеуінен:

—        Бүгін атам екеуің қайда бардың?— дейді. Күйеуі:

—        Әкем алжыған ғой деймін,— деп, болған оқиғаны айтады. Сонда келіншегі күйеуін мазақтап, біраз күліп алады.— Неге күлесің, жындандың ба?—деп дүрсе қоя береді күйеуі. Ал келіншегі күлкісін тыйып:

—        Жоқ, жынданғаннан саумын. Мен сенің соншама түйсіксіз, аңқаулығыңа күлемін,— дейді.

—        Неге? Ол қалай?

—        Негесі сол, атам асқан ақылды адам. Ол сені баулып, адам қылмақ болған, сынаған. Сен соны түсінбегенсің.

—        Қалайша?

—        Атамның «жол қысқарта жүр» дегені — «әңгіме айта жүр» дегені. Әңгіме айтса жолдың ұзақтығы білінбейді. «Төбеленіп алайық» дегені — «тоқтап, демалайық» дегені. Атты тоқтатып, ат үстіндегі нәрселерді жерге түсіріп қойып, өздеріңнің шоғырланып отырып тыныстағандарың төбелену болмай ма? Тым болмаса аттың белін көтеріп, қоржын-қоланды үйсең де, атам разы болар еді ғой. Ал, «ағаш қазан қайнатып алайық» дегені — «нәй тартайық — темекі шегейік» дегені емес пе? Тым босбелбеусің, ойласаң етті.

Қайтсін, күйіп кетсе керек. Ол кезде нәймен (мүштек) темекі шегу қазақта да бар дағды екен.

Келінінін сөзін сыртынан естіген қарт ерекше қуанады. «Адамым табылған екен, орным құрғамайды, шүкір» деп қамсыз ұйықтайды.

Көңілі орныққан шал: «Енді көзімнің тірісінде қызымды да бір көріп келейін. Жол ұзак, қатерлі болса да, қайтейін, тағдыр басқа салса, не іс болса да көрмейміз бе?» деп ойлап, келінімен ақылдасады. Келіні:

—        Барсаңыз, барып қайтыңыз,— деп, жол азығын әзірлеп беріп, ұзақ жолға шығарып салады.— Аман-сау оралыңыз!..— деп, иба көрсетіп, құрметпен аттандырады.

Қарт жолға шығады. Тау асып, тас басып, бірнеше күн жүреді. Бір күні иен далада қарақшыларға тап болып, таланға түседі. Ат- көлігін, киім-кешегін, заттарын түгел алып, жалаңаш шалды өлтірмек болады. Сонда қарақшылардың жартысы:

—        Өлтіріп қайтеміз, жанын қияйық, өзі өлгенше жүре берсін,— дейді. Жартысы:

—        Тірі коя берсек, артынан өзімізге пәле болады,—деп, екі дай боп таласады. Ақыры өлтіретін жақ жеңеді. Сонда шал:

—        Дат, мырзалар!— дейді.

—        Датың болса айт!— деп, қарақшылар тілге келеді. Шал дауын айтады:

—        Мен жалғыз шалмын. Үйімде бір қауым мүліктерім бар.

«Бұйрығым неден болса, соған жұмсайын» деп сақтап жүр едім. Соны алындар да тынындар!..

—        Алындар заттарын,—дейді іздегені дүние-мүлік болған қарақшылар:— Қане, жөнін айт, алып келудің жолын ұқтыр!

Сонда шал:

—        Сексен серке саным бар, соны берсін. Алты ала бас атаным бар, соны берсін. Алтын салған екі баспақ бар, соның біреуін алып қалып, біреуін берсін. Екі сандық бар, екеуін де бір кілт ашады, соны берсін, келініме айтындар. Осыларды алындар да жанымды өзіме қиындар. Егер өлтірсендер дым да жоқ. Уәдеме мен жетемін. Белгі үшін белбеуімді, атымды, тымағымды алып барындар. Бір ғана тілегім — осы заттарды алып келіп, көзіме көрсетіп өлтіріндер.

Құлқын құлдары қарақшылар өзара ақылдасады да, екі пысық жігітін жібереді. Олар межелі нұсқамен шалдың үйіне келеді де, бұйымтайларын айтады.

—        Бізді ақсақал жіберді, қызына аман-есен барды,— дейді де,— сол жерде жиеніне біреуге құда түсіпті,— дегенді өздері жандарынан қосады.— Сол құдалық үшін,— деп, шалдың айтқандарын түгел санап шығады.— Белгіге, міне, белбеуін, тымағын, атын беріп жіберді.

Келіні шалға мұндай байлықтың бітіп көрмегенін біледі де, жұмбақ сөздің астарына ой жүгіртеді. Сонан соң:

—        Жақсы болыпты. Асықпаңыздар, қона жатып жайланыңыздар,— дейді. Онан соң бұл кісілерді күтуді еріне тапсырады да, өзі сыртқа шығып кетеді. Ауылдың екі жігітін оңаша шақырып алады.— Сендер мына конақтардың атына мініп, сексен жігіт жиып келіндер. Алты ауылдың алты ақсақалын ерте келіндер,— деп тапсырады. Содан соң өзі үйге кіріп, қонақтарға сыр бермей, күтімін жақсарта түседі.

Жұртқа беделі бар қарттың үйі шақырып жатыр деген соң, бірдеме боп қалды ма деп, бәрі де жетеді. Сырттағы көгалға бұларды отырғызып, келіні оларға атасының сәлемін айтады.

—        Сіздерді атам шақырған екен, атам қарақшылардың қолына түсіп қалыпты. Сіздерге ет асып, тамақ дайындадым. Соны жеп, тезірек аттаныңыздар. Атам «сексен серке саным бар, соны жіберсін» депті. Онысы — сексен жігіт дегені. Тегі қарақшылар көп болса керек. «Алты ала бас атаным бар, соны жіберсін» депті. Онысы алты ауылдың қадірлі алты қариясын шақырғаны. «Алтын салған екі баспақ бар, бірін алып қалып, біреуін жіберсін» дегені — үйде екі қарақшы отыр. Оның біреуін ұстап қалып, біреуіне жол бастату керек. «Екі сандық бар, екеуін бір кілт ашады» дегені — баласы мен мені айтқаны. Ашатын кілті менмін. Белгіге белбеу, тымақ, ат жібергені — «келмесендер өлтіреді, бәрібір тұлдайсыңдар» деп, атты әдейі тұлдап жіберіп отыр. Енді үйдегі екі қарақшыны байлап алып шығындар!

Сексен жігіт екі қарақшыны тарпа бас салып ұстайды да, байлап тастайды. Ұрыларға дәм татырмастан өздері жейді де, әзірленіп сайланады да, ұрының біреуіне жол бастатып жүріп кетеді.

Сөйтіп, сексен жігіт пен алты ақсақал барып, қартты ажалдан құтқарып алады. Адамды сексен деп межелеуі — қарақшылар қырық кісі екен. Бірге екіден болған соң, тыпыр еткізбей басып алады.

Жас келін ақылымен елдің сый-құрметіне бөленеді.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник