Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

ӘРКІМ ӨЗІНЕ ҚЫЛАДЫ


 

Бір патша өзен бойында серуендеп жүріп, балықшы шалға кезігеді. Патша шалға сәлем берген екен, шал:

— Әркім өзіне қылады,— деп кете береді. Келесі күні балықшы шалды көріп, тағы сәлем береді. Балықшы:

— Әркім өзіне қылады,— деп, тағы да аялдамай кетіп қалады. Үшінші күні патша сәлем бергенде тағы да сол сөзді естиді.

Патша ордасына келген соң, балықшы шалдың бұл сөзінің мәнісін білмек болады да, жақсы көретін екі уәзірін жіберігі, балықшы шалды алдырады.

Балықшы ордаға келген соң, өзінің терең ойлы, қызықты әңгімесімен патшаны баурап алады. Әңгіме айрандай ұйытқан патша балықшы шалдың «Әркім өзіне қылады» деген сөзіңің мәнісін сұрауды да ұмытып кетеді.

Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарханнан ас ішіп, әңгіме дүкенін құрып жата береді. Күндер де зымырап өте береді.

Патшаның жалбыр тонды, жыртық шақайлы балыкшы шалды ордасына алып келіп, киіндіріп баптап, соншама кәдірлеп жақсы көріп кеткеніне іштері күйген екі уәзір патша мен  балыкшы шалдың арасындағы қыл өтпес татулықты қалай ірітіп бір-бірінен алшақтатудың амалын ойлапты. Сөйтіп, оларбалықшы шалдың жататын бөлмесіне кіріп:

—        Құрметті ақсақал,— дейді сыпайы сөйлеп_ патшамыз сіздің ауызыңыздан шықкан лептің сасықтығынан жиреніп «Бұдан былай менімен бір дастарқан басында тамақ ішуден тыйылсын, жаныма жолатпандар» деп бұйырды,— дейді.

Балықшы шал жұмған аузын ашпайды.

Күндер өте береді. Балықшы шалдың қасына не себептен келмей жүргенін білмек үшін патша екі уәзірін шақырып алып, сұрайды. Сонда бір уәзір тұрып:

—        Алдияр тақсыр, ұмытып барады екенмін.Ол кісі «патшаның ауызы тым сасық екен, онымен бірге отырып тамақ ішпеймін» деп келмей жүр,—деп мәлімдейді. Өңі сұрланып, ашуға булыққан патша:

—        Ол бетпақ, арсыз қақбасты зынданға тастаңдар!—деп бұйырады. Осы жарлықты күткен уәзірлер патша әмірін табанда орындайды. Екі уәзір ойлаған мақсаттарына жетеді.

Ағып ай, жылжып жыл өтеді. Зындандағы күнәлілерді жылында бір тексертіп тұратын бұл патшаның дағдысы екен. Сондай тексеріп, үкім шығаратын уақыт жетеді. Сонда балықшы шалдың қылмысын тексере келгенде, оның күнәсі «патшаның аузы сасық, деген сөз екен. Тексерушілер шалды патшаның алдына алып барады.

Патша мен балықшы шал беттесіп сөйлескенде екеуінің де мұндай сөз айтпағаны, бұл сөзді екі уәзірдің ойдан шығарғаны, екеуінің терең татулығын бұзбақ болғаны анықталды.

Бұл ахуалды білген соң, патша қатты қаһарланды. Кәріне мініп, ашудан қалтырап кетеді. Жендеттерге екі уәзірдің басын табанда алдырады. Сонда балықшы шалды ордасына неге алдырғаны қалт есіне түседі. «Әркім өзіне қылады» деген сөздің мағнасын айқын түсінеді. Содан кейін балықшы шалды уәзірлікке тағайындайды. Сөйтіп, әділ билігімен даңқы жайылады.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник