Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

АҚЫЛДЫ КЕЛІН


 

Ерте заманда бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Ұлы алды-артын ойламайтын ақылсыз, келіні өте акылды әйел екен. Баласы жылда базарға барған сайын құмар ойнап, ақшасын, малдың бәрін ұтқызып, сымпиып өзі кайта беріпті.

Бір күні байдың өзі базарға мал айдап барады. Ол баласынын құмарға ұтқызған дүниесінің бәрін ұтып алып қайтады. Орта жолда байға қарақшылар кездеседі. Сонда бай:

—        Мен ауылдан көп мал алдырып берейін, босатындар,—дейді.

Қарақшылар бұған көнеді. Бай хат жаза бастайды: «Қырык ат, алпыс атан, үйдің екі алтын босағасын, оны талқандайтын балта беріп жіберіндер. Біз Ащы сай деген жердеміз». Екі қарақшы хатты алып барып, байдың ұлына табыстайды.

—        Әкем ұтылып қалған екен,— деп,баласы мал жинастыра бастайды.

Хатты келіні оқып көреді де, күйеуін оңашаға шығарып, әкесінің жау қолына түсіп қалғанын айтады.

—        Қырык ат дегені — кырық каракшының саны, алпыс атаны — алпыс кісі әкелсең, жеңесің дегені. Екі алтын босаға және балтасы — мына келген екеуінің көзін жой дегені.

Сол күні екі қарақшыны байлап тастап, алпыс адаммен барып, ұлы қарақшыларды талқандап әкесін босатып алады.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник