Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

АҚЫЛДЫ ӘЛІ


 

Ертеде бір хан болыпты. Зұлымдығы мен жауыздығы шексіз, елді зар еңіретіпті. Тіптті, адамдар оның атын атаудан қорқыпты. Егер хан кошедең өтіп бара жатса, тірі пенде оның көзіне түспей тығылады.

Хан озінің қызметкерлерін болымсыз айыбы үшін рақымсыздықпен жазалайды. Ханның бірде-бір досы, сырлас адамы болмапты. Айналасында көрші хандардың бәрі ат-тондарын ала қашып, жақындамайды.

Ханның әйелі де, ерінің жауыздығынан азап шегіп,  ақыры бұл дүниеден өтеді. Хан жалғыз ұлын ғана жақсы көреді. Ол ақылды, келбетті жігіт екен. Жайдары, ақ жарқын жігітті халық та жақсы көреді. Ханзада көптеген адамдарды әкесінің жазықсыз жазалуынан құтқарады. Баланың аты — Құсайын екен. Ақылды, мейірімді Құсайынның аты кең тарай бастайды. Шөлдегілер де,  көлдегілер де біледі.

Құсайынның дос-жарандары да өте көп екен. Солармен бірге ойнап-күледі. Солармен бірге анға шығып, қос көтереді, қарауыл атып жаттығады. Алайда, Құсайынның бәрінен де ұнататыны тауға барып аң аулау болады. Ол ылғи да үйіне мол олжамен оралып жүреді. Серіктері алған андарын артынып-тартынып алып келеді

Хан ұлының алыс тауларға аң аулап барғанын ұнатпайды.

—         Сен ерлігінді мынандай қатерлі жолға шығып, көрсетпей-ақ кой!— деп, баласын көрген сайын сақтандырып жүреді. Бірақ, Құсайын әкесінің сөзіне күліп қояды да, өзінше әрекет жасай береді. Күшіне де, қимылының жылдамдығына да сенеді. Уақыт тыныш өтіп жатады.

Күндердің бірінде Құсайын аңға шығуға дайындалады. Бұл жоды ол қызметшілерінің бірде-бірін ертпей, өзі жалғыз кетеді. Тек өзі жақсы көретін атшысына ғана таяуда таудан көрген бір қабанды алу үшін сол жаққа баратынын айтады. Мұны естіген қарт аңшы;

—         Құсайынжан, абайлағайсың, жабайы шошқа өзіңе зақым келтіріп жүрмесін,— деп ескертеді. Жігіт жанашыр қартттың қылығына күліп жібереді:

—         Қорықпаңыз, қария, менің аңға шығуым осы ғана  ма еді, қам жемеңіз,— деп, атын борбайға бір салып, шаба жөнеледі. Құсайын сол кеткеннен қайтып оралмайды. Кеш батады. Аспанда жұлдыз самсайды. Гүлдер мен еменнің иісі теңірекке жайылады.

Қартайған хан бір күні өзінің жібек шатырынан ашуға булыға сыртқа шығады да:

—         Құсайын қайда, менің ұлым неге көрінбейді?— десп сұрайдьі.

Қызметкерлері басы салбырап, үн қатпай тұрысады. Құсайынның кеткен жағынан қайтпағанын айтудан корқады. Ұлын жалғыз жібергендері үшін бәрінің басы алынуы ықтимал.

Далаға қараңғылық қаптайды. Хан ашуға булығып, өзін қоярға жер таппайды. Жер тепкілеп, жез қамшысын үйіреді. Қызметкерлерін айқайлап шақырғанда, тұс-тұстан жүгіріп келеді. Бастарын көтеруге дәттері шыдамай, төмен қарап ханның әмірін күтеді де, мелшиіп тұрады. Сонда хан ақыра бұйырады:

—        Тауға, қырға, су бойларына, жан-жаққа шапқыландар! Менің баламды іздендер! Естерінде болсын, кімде-кім Құсайын жайында жаман хабар әкелсе, аузына қайнап тұрған су құйғызамын! Ал, тез, аттанындар!

Хан қамшысын тағы бір үйіреді, қызметшілері шілше бытырап тарап кетеді де, дереу атты ерттеп мініп, ханның ұлы Құсайынды іздеуге аттанады. Ой мен кырды кезеді. Таудан тауға асады. Үзақ уақыт сабылып жүріп, іздей-іздей ақыры жігітті табады. Құсайын бұтақтары салбыраған үйдей талдың түбінде кеудесі дал-дұл бо- лып жараланып жатыр екен. Сол талдың арғы жағынан жабайы шошқа ұмтылып, істік тістерін жігітгің жүрегіне қадап жіберген.

Қызметшілер хан ұлының өлігі алдында қасіретке батып, үн қатыспай тұрады. Әлден уақыттан кейін барып ес жиып:

—        Енді қайттік? Бұл қайғылы хабарды ханға қалай естіртеміз?— десіпті.

Қызметшілердің жігіт өліміне іштері ашыса, екінші жағынан ханға бұл қазаны естірткен соң, өздерінің бастарына төнетін қатерді ойлап күйзелісіпті. Сонда атшы қарт серіктеріне былай дейді:

—        Қайғырмандар, сендер тау суының арғы бетіндегі кішкене үйде тұратын малшы Әліні білесіндер ғой. Ол ақылды да, өнерлі жігіт. Мәртебесі де жоғары, білмейтіні жоқ. Қолынан небір ғажайып істер келеді. Балшықтан ыдыс-аяқ жасайды. Шалма арқан да еседі. Малшылар тартып жүрген саз сырнайды да ойлап тапқан сол. Жүріндер, сол Әліге барып, жай-жапсарымызды айтайық, не істейтінімізді сұрайық.

Малшы Әлі үйінің алдында жас шыбықтан шарбақ тоқып отыр екен. Келгендерді жарқын жүзбен қарсы алады. Бұлар шәй үстінде өздерінің басына төнген қатерді, хан баласының қазасын айтады.

—        Жазадан қайтсек құтыламыз, соның жолын үйрет!— деп өтінеді. Біз өзіңнен көмек сұрай келдік.

Әлі бұл сөздерді үнсіз тындап, ұзақ ойланады. Басын сипап, қиял шегеді. Бір уақытта:

—        Болады, көмектесейін,— дейді көңілі орныққандай болып.— Таң атуға әлі талай бар, сіздер жатып тынығыңыздар, ұйқыларыңыз қансын. Мен сіздерді пәледен құтқарудың шарасын жасап көрейін.

Бірнеше күнгі сабылыстан шаршаған қызметшілер жантая салысымен ұйқыға батады. Шебер Әлі көз ілмейді. Жұқа тақтайды жонып, тарамыспен мықтап байлап, әйтеуір бірдеңені жасауға кіріседі.

Таңертең қызметшілер мұңды, қайғы кернеген жүректерді тебіренте толғантатын музыка әуенінен оянады. Орындарынан тұрып, әлі ұйықтамай отырған Әлі ұстаны көреді. Әлі өмірінде ешкім көрмеген аспапты қолына алып, малдас құрған қалпында безілдете шертіп отыр екен. Аспаптың бетінде ұзынынан тартылған ішек, оның астында дөңгелек тесік бар екен. Әлі ішекті саусағымен қағып, шерте бастайды. Сонда бейне жанды жануардай сайрай жөнеледі.

—        Енді ханның алдына барайық,— дейді ұста Әлі. Сөйтіп үрейлері ұшқан кызметшілерді ертіп, ханның алдына барады.

—        Сен маған Құсайын жөнінде хабар әкелдің бе?— деп сұрайды хан.

—        Иә, мәртебелі тақсыр!— дейді де, Әлі өткен түні жасаған аспабын шерте жөнеледі. Нәзік үн безілдей сарнайды. Ханның жібек шатырын орманның салқын лебі желпігендей сезіледі. Ызыңдаған желдің сыбысы жабайы аңның ұлығанындай ыңырсиды. Үн ырғағы кенет зорайып, жәрдем тілеген адам дауысын бейнелейді. Сонан соң, жабайы аңның айбарлы үні азынайды, орманның мұнды көрінісі білінеді. Осылайша, бүкіл оқиға саз үні арқылы баяндалғанда, тыңдап отырғандарда зәре-құт қалмайды. Зарлы сарын аяқталғанда хан орнынан қарғып тұрады.

—        Сен Құсайынның өлгенін хабарлап отырсың ба? Мұндай хабарды жеткізген адамның көмейіне кайнаған су құйғызамын деген сертімді білесің бе?!.

—        Тақсыр хан,— дейді Әлі байсалды қалыппен мен сізге ештеңе айтқан жоқпын ғой. Егер сіз ашулансаңыз, үн шығарып зарлаған мына аспапты жазалаңыз.

—        Бұл аспап қалай аталады?

—        Домбыра деген осы...

—        Майда қоңыр үнмен жүрегімді сипалап, қайғы-шерімді таратқан домбыраны бұдан былай менің қол астымдағылар салмай шертіп жүретін болсын!— деп бұйырады хан. Содан кейін өзінің дара даналығын танытқан Әлі ұстаға разылығын білдіреді. Ақылың шеберлігіңе сай екен, елінді қуанышқа бөлей бер!

Сөйтіп, хас шебер Әлі талай адамды ажалдан құтқарады. Оның домбырасы хан жарлығымен елге тарайды. Қазақ елінде домбыра алғаш осылай пайда болыпты. Содан күні бүгінге дейін қолдан қолға өтіп, үзбей шертіліп келеді екен.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник