Қазақ ертегілері -Тұрмыс-салт ертегілері

АЙЛАКЕР БАЛА



Бір жесір әйелдің бір ұл, бір қызы болыпты. Ішсе — тамаққа, кисе — киімге жарымапты олар. Күндердің бір күні баласы шешесінен:

— Бақыт деген не?— деп сұрайды. Сонда шешесі:

—        Е, балам-ай, кімде-кімнің тамағы тоқ, көйлегі көк, болса, уайымы жоқ болса, бақ деген сол емес пе! Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін деген осы. Құдай сонысын бізден аяп тұр ғой,— дейді.

—        Талапты ерге — нұр жауар деген сөз бар ғой,—дейді бала тағы да.— Осының мәнісі не?

—        Талапты ерге нұр жауады деген рас, балам. Бірақ бізде икем болмай тұр. Мен болсам қартайдым. Сен болсаң — жассың,— дейді шешесі.

—        Талап, жігер болса бақытты көктен емес, жерден табуға болады екен. Олай болса бақытты бөгде біреуден сұрағанша, өзім тауып алуым керек,— деп, бала шешесімен қоштасып, бақытты іздеп жолға шығады.

Шешесі жол азыққа майға шылаған талқан дайындап беріп, баласын аттандырады.

Бірнеше күн ұзақ жол жүріп, қарны ашып, шаршаған бала ит мұрыны өтпейтін қалың орманға кезігеді. Орман ішін дию-перілер мекендейді екен.

—        Ей, адамзат баласы, қайда барасың, ажал айдап келді ме сені бұл араға?— деп ақырады дию-перілер.

—        Қайда баратынымды қайтесің? Мықты болсаң, күш сынасуға мен дайынмын, кел бері!— дейді бала.

—        Е, сынассақ, сынасайық, өзіңді қан түртіп тұрған бала екенсің, келсең — кел!— дейді диюлар. Бала шартын айтады:

—        Кімде-кім мына жатқан үлкен қара тасты сығып, майын шығарса, соған бағынышты болайық.

—        Жарайды,— деп келіскен диюлар алма-кезек тасты сығып, тастан май шығара алмаған соң, кезекті балаға береді.

Бала қолын уқалаған болып, койнындағы майға шылаған талқанды сығып-сығып майын алақанына жұқтырып алады да, дәу қара тасты қысып-қысып:

—        Міне, мен тастан май шығардым, енді сендер маған бағыныштысындар,—дейді. Мұны көрген дию-перілер баланың күші басым екен деп, ойлайды. Олар баланы үйлеріне алып барып, үлкен сый- құрмет көрсетеді. Сонда да дию-перілер баладан қауіптенеді.

Қонак асын берген соң, баланы жеке үйге жатқызады. Олардың жүріс-тұрысынан сезіктенген бала үйдің ортасына жатпай, пештің ішіне кіріп жатады. Өзінің орнына ұзынша бір ағашты жатқызып, үстіне шапанын жауып қояды. Дию-перілер баланы өлтірмек болып, түн ортасы ауған кезде үйдің төбесіндегі тесіктен дәу қара тасты тастап жібереді. Бала өлген шығар деп, таңертеңгісін үйге кіріп келсе, бала тірі екен. Сасқандарынан:

—        Е, қонақ, қалай, тыныш ұйықтап тұрдың ба?— деп сұрасады. Бала:

—        Аздап бүрге шаққаны болмаса, тыныш ұйықтадым,— дейді.

Үрейленген дию-перілер баладан құтылғанша асығады. Көп алтын-күміс, асыл сыйлықты тарту етіп, оларды диюларға артып, баланы шығарып салады.

Бірнеше күн жол жүріп, ауыр жүк көтерген, диюлардың есі шығады. Жолда жатқан жуан бөренені көріп:

—        Мынау менің шешемнің ұршығына сап болуға лайықты екен,— деп, бір диюға арқалатады. Ондағы ойы — шешесін де мықты қып корсетпек еді.

Бала көп заттармен шешесіне аман-есен келіп қосылады. Дию-перілер баланы үйіне жеткізіп салысымен бөгелместен жөндеріне кете барады.

Сөйтіп, талапкер бала өзінің ептілігінің, тапқыр айласының арқасында мұратына жетіпті.


 

Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник