Қыз ұзату тойының әндері


СЫҢСУ (І)

Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,
Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.
Кісі әкесі кісіге әке дейді,
Айналайын әкемдей қайдан болсын?!
 
Ақ ат мініп боз атқа жеттім, әке,
Көп көргенің мен болсам кеттім, әке.
Тоғыз қабат торқа екен сіздің үйіңіз,
Торғай басым сыймастай кеттім, әке.
 
Шымылдықтың етегін серпісін шешем,
Көздің жасын аямай төксін шешем.
Көздің жасын аямай төге жүріп,
Бір міндеттен құтылдық дерсің, шешем.
 
Серпе сал шымылдығын, көрсін әкем,
Қөл қылып, көздің жасын төксін әкем.
Жылайық өксіп-өксіп өп-өтірік,  
Құтылдым бір міндеттен дерсің, әкем.
 
Қолымда сақинам бар, бармақ-бармақ,
Сәукеле басқа түссе ауыр салмақ.
Басымды балапапдай малға сатып,
Бар ма екен өз әкеңдей жаһил қалмақ.
 
Салмайды қоян жатақ құм болмаса,  
Жақтырмайды қызды әке ұл болмаса.  
Кетеді бергеніне құл да болса,  
Айтсайшы бермеймін деп тым болмаса.
 
* * * * * * * * * * * *
 
СЫҢСУ (ІІ)
 
Қара суды жағалай қаз барады,
Анасынан айрылған қыз барады.
Қара суға қан құйсаң — ағар, кетер,  
Жат кісіге қыз берсең — алар, кетер.
 
Аққу көнбес ешкімнің байлауына,  
Қайтар он сап қалықтап жайлауына.  
Қыздан сорлы бар ма екен, тәңірім-ай,  
Мал бергеннің кетеді айдауына.
 
Уылжымай ақша бет қуарсайшы,  
Мөлдірегсн екі көз суалсайшы.
Бір жаманға қор болып кеткенінше,  
Өліп қана қыз сорлы уансайшы!
 
Неге өсті екен қыз сорлы сылауменен,
Тал шыбықтай тал белін қынауменен!
Анасынан онан да тумасайшы,
Өксігенше өмірі жылауменен!
 
* * * * * * * * * * * *
 
СЫҢСУ (ІІI)
 
Алтын да менің босағам,
Аттап бір шығам деп пе едім...
Күміс те менің босағам,
Күңіреніп шығам деп пе едім?
 
Қарағай ма екен, тал ма екен,
Талдан да биік бар ма екен?
Үйде бір жүріп, түзде өлген,
Қыздан да мұңлық бар ма екен?
 
Қалайы сандық кілтім-ау,
Жылама дейсің, жұртым-ау,  
Жыламай қайтіп шыдайын,
Барасың қалып, жұртым-ау!
 
Тоғайға құрған тұзағым,
Үйім ғой менің ұжмағым.
Ұжмағым демей не дейін,
Қайран қалды-ау оң жағым.
 
Қайран ауылым қалады-ау,
Қарасам көзім талады-ау!  
Әлпештеген ел-жұртым,
Жылай да жылай барам-ау!
 
Бұлғақтап жүрген заманым,
Білмей де қалдым өтерін.
Малға мені сатқандай,
Мен жұртыма жау ма едім?
 
Жат жұрттық болып кеткен соң,
Қетер-ау бастан сәулетім.
Дәуренім менің өткен соң,
Естіле жүрер дейсіз бе,
Не болып жүрген хабарым,
 
Заманым қиын болар-ау,
Көкірекке қайғы толар-ау!
Сапамен жүзім солар-ау!..
 
* * * * * * * * * * * *
ҚОШТАСУ

Шешесінің қызымен қоштасуы
Қарағым-ай,
Халқыңа қалаулы бол!
Еліңе елеулі бол!
Ертемен ерте тұрарсың,
Түндігіңді ашарсың,
Сиырыңды сауарсың,
Малыңды өріске айдарсың,
Самаурыныңды қоярсың,
Сүтімді сонда ақтарсың,
Қарағым-ай, не айтайын,
Енді жат жұрттық болғансын.
Інісінің апасымен қоштасуы
Сылдыр-сылдыр қамысқа  
Сырғаң түсті, жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерінен  
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!
Апам ұшін қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Апам үшін қайыспай,
Қалай болар, жар-жар-ау!
Қайыр қош боп тұрарсың,
Жан бауырым, жар-жар-ау!
Жеңгесінің қоштасуы
Сылдыр-сылдыр қамысқа  
Сырғаң түсті, жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерлердеп
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!  
Сырласпаған жат елге
Бикеш кетіп барады-ау!
Қолымдағы бикешім —
Қос жүзігім, жар-жар-ау!
Қос жүзігім қолымда
Майысады, жар-жар-ау!
Сеп кеткенге қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Қош-есен бол, бикешім!
 
* * * * * * * * * * * *

АУЖАР

Аужар басы, ендеше, аужар басы,
Аужарменен құрылды қыздың жасы.  
Он бес жаста біреуге малға беріп,
Етегімді толтырды көздің жасы.
А-ей, қайран ауылым, ой-ай!
 
Ақ шәйнекке су құйсам жылымайды,
Өгей емес, өз анам жыламайды.,
Жыламаған анамды жылатайын,
Неден көңілі қалды екен сұратайын.
А-ей,қайран ауылым-ай!
 
Не тәтті, дүниеде тарлау тәтті,
Тарлау деген жылқының еті тәтті.
Әке менен шешенің діні қатты,
Өз баласын жылатып малға сатты.
А-ей, қайран ауылым-ай!
 
Ақ отауым тіккен жер ойран болсын,
Ақ жүзімді көруге айнам болсын.
Ол жақта қайын енем бар деп жүр ғой,
Аялаған анамдай қайдан болсып.
А-ей, қайран ауылым-а й!
 
****
А, қаумалаған, ағайын,
Сіздерден рұқсат алайын.
Тыңдауға құлақ салсаңыз,
Аужар айтып қалайын,
Бұрынғыдан қалыпты,
Жар айтқанды тыңдамақ.
Жақсы-жаман іс болса,
Етіңдер, қыздар, қанағат.
Аужар басы осы еді,
Он үште көзге көріндің,
Арасында екі үйдің,
Бұлаңдап көзге іліндің.
Дәулетіне атаңның
Батсайы берер, түрлі асыл,
Киім киіп бөлендің,
Шырағым, сонда жар-жар-ай!
Шырағым, сонда жар-жар-ай.
 
* * * * * * * * * * * *
 
ҚАЙЫМ АЙТУ

Жігітгер аттың үстінде тұрып, ұзатылған қыз отырған үйдің сыртынан айтады:

Тарының басы тарақты, бикем,

Қыз қылып сені жаратты, бикем.
Борышын кісі қоя ма, бикем,
Қолқа бір салып сұрапты, бикем.
 
Дүзге де туған баласың, бикем,
Ата-анаң тілін аласың, бикем.
Ата-ана тілін алған соң, бикем,
Жылай да жылай барасың, бикем.
 
Мінгенім менің қара атты, бикем,
Қаршыға құйрық қанатты, бикем.
Өксіп бір өксіп жылама, бикем,
Бабалар салған сапатты, бикем.
 
Мінгенім менің құла атты, бикем,
Аға-анаң сені жылатты, бикем.
Өксіп бір өксіп жылама, бикем,
Бабалар салған санатты, бикем..
 
Мінген де атым қара ма, бикем?
Ауылың алыс бара ма, бикем?
Өксіп бір өксіп жылайсың, бикем,
Күйеуің сенің кәрі ме, бикем?
 
Мінген де атым ала ма, бикем?
Ауылың алыс бара ма, бикем?
Өксіп бір өксіп жылайсың, бикем,
Күйеуің сенің бала ма, бикем?
 
Мінген де атым жиренше, бикем,
Тыпыршып тұрмас мінгенше, бикем.
Өксігің сенің басылмас, бикем,
Әлдилеп бөбек сүйгенше, бикем.
 
Мінген де атың бозғана, бикем,
Күйеуің сенің бозбала, бикем.  
Өксігің сенің басылмас, бикем,
Әлдилеп сүймей бір бала, бикем.
 
Қамшының сабы бола ма, бикем,
Жалғанға пенде тоя ма, бикем.
Бермеймін әкең десе де сені,
Мал берген жерің қоя ма, бикем.
 
Сарының басы Сарытау, бикем,
Сәукеле кисең баршабау, бикем.
Тірнектеп жиған мүкәмал, бикем,
Құтты да болсын ақ отау, бикем.


Керегені түріп тастаіп үй ішінен жігіттерге қайтаратын қалыңдық пен қыздардың жауабы:
 
Ей, жерім-ау,
Қош-есен бол,
Елім-ау!
Ақ, отауым тіккен жер майдан болсын,
Ақ жүзімді көруге айнам болсын.
Ол жақта да қайын енем бар дейді ғой,
Аялаған апамдай қайдан болсын.
Ей, сылқым-ау,
Қош-есен бол,
Жұртым-ау!
Жез шәйпекке су құйсам қайнамайды,  
Өғей емес, өз әкем жыламайды.
Жыламаған әкемді жылатайын,
Неден коңілің қалды деп сұратайын.
Ей, жерім-ау!
Қош-есен бол,
Елім-ау!
Меруерт басқан сәукеле тағынармын,
Ақ орамал басыма жамылармын.
Еркін өскен елімде ерке басым,
Пенде болып біреуге бағынармын.
Торға түскен торғайдай болғаннан соң
Екі көзім төрт болып сағынармын.
" Ей,сылқым-ау,
Қош-есен бол,
Жұртым-ау!
Қызыл қамзол кигенім қиюлаған,
Бермеді әкем рұқсат биыл маған.
Қыздан сорлы жалғанда жан бар ма екен,  
Өз елінен ырыздық бұйырмаған!
Ей, ауылым-ау,
Қош-есен бол,
Бауырым-ау!
Тақияма таққаным таналарым,  
Алыс-жуық аман бол, аналарым.
Жыл айналып келгенше кім бар, кім жоқ,
Сағындырмай келіп жүр, ағаларым.
 
Ей,жерім-ау,
Қош-есен бол,
Елім-ау!
Түңдігімнің төрт бауы мақта, ата,
Мен кеткен соң балаңды жоқта, ата.  
Жыл айналып сағынып мен келермін,  
Боз інгеннің ботасын сақта, ата.
Ей, танам-ау,
Қош-есен бол,
Анам-ау!
 
* * * * * * * * * * * *
 
ҚАЙЫМ АЙТЫС

Ж і г і т

Қонады ен жайлауға көшкен ауылым,  
Қолымнан қашып еді қыран шәулім.  
Біз келдік ат өксітіп алыс жерден
Жүрмісің аман-есен, құрбым, сәулем.

Қ ы з

Басыңа салдықпен шоқ тағып жүрсің,  
Мереке жиын-тойды бағып жүрсің.
Жарқыным, бір құс үшін ат өксітіп,
Ел-жұртың амандық па, неғып жүрсің?

Ж і г і т

Басыма әсемдікке кидім сусар,
Көп жылқым көк алалы көлге жусар,  
Тағы бір қысырағым желдеп кетіп,  
Соны іздеп, мерекеге болдым душар.

Қ ы з

Кисең ки әсемдікке кәмшат сусар,
Көп жылқың көк алалы көлге жусар.
Іздеген қысырағың табылды ма,
Іздемей мерекеге болсаң душар?
 
Ж і г і т

Келер ме ем, атым өксіп сабылмаса,
Айқара атқа терлік жабылмаса,
Кез болдым ақ сұңқарға тәңір айдап,
Ренжімен қысырағым табылмаса.

Қ ы з

Желкілдер таулы жерге біткен сасыр,
Жылқынды тасырлатып таудап асыр.
Іздеген қысырақтан безгендей-ақ,
Не таптың, құрбым, сонша көңіл тасыр?

Ж і г і т

Үйірі қысырақтың мақпал қара,  
Шашыңды күндіз жуып, түнде тара.
Көңілімнің тасығанып айтар едім,
Жап сәулем, сөйлес қылсаң екеуара.

Қ ы з
 
Айтайын, айт дегенде айым-қайым,
Жаратқан көпке ортақ қып тілдің майын.
Сөйлеске екеуара құмар жігіт,
Серттесіп айтысуға бар ма жайың? .

Ж і г і т

Айт десең, мен де айтамын айым-қайым,
Жаратқан көпке ортақ қып тілдің майын.
Сөйлессең екеуара меніменен,
Сөзіңе тақ тұрайын, қалқатайым.

Қ ы з

Киеді әсемдікке кәмшат сусар,
Көп жылқы көк алалы көлге жусар.
Көп жылқы көк алалы менің жылқым,
Менімен айтысатын қандай сылқым?

Ж і г і т

Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың желге қарсы.
Көрген соң, сәулем, сені тұра алмадым,  
Талпынған балапандай жемге қарсы.
 
* * * * * * * * * * * *
 
ҚЫЗ ҰЗАТУ ӘНІ

Өлеңін жазған — М.Әлімбаев Әнін жазған — Ж.Турсыпбаев

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,
Жан-жүйең қалай ғана сыздамасын.
Құдалар, алақанға салып бердік,
Жүректің жұлып алып бір парасын.
 
Бір баламыз екеу болсын,
Жас Жұбайлар одағы бекем болсын.
 
Көңіл де, көз де тояр күйеу бала,
Болма тек үш жұртыңа сүйеу ғана.
Жарыңның жұлдызы бол, бақытты бол,
Мұндай қыз дүниеде біреу ғана.
 
Бір баламыз екеу болсын,
Жас Жұбайлар одағы бекем болсын.
 
Тірліктің шеберіміз көркемдейтін,
Орай жоқ кеш дейтін де, ерте дейтін.
Үлкендер, сау болыңдар еркелетер,
Кішілер, сау болыңдар еркелейтін.
 
Бір баламыз екеу болсын,
Жас Жұбайлар одағы бекем болсын.
 
* * * * * * * * * * * *
ТОЙДАҒЫ ӘН
Өлеңін жазған — К.Салықов Әнін жазған — М.Ілиясов

Екі бағлан отау құрды, топтасты,
Екі тасқын бір айдынға тоқтасты,
Қыз ұзату тойы дейміз, жігіт ше?
Жігіт бүгін „бостандықпен" қоштасты.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Тойдағылар,
Кәне, сап, сап, тыныштал.
Біз дайынбыз,
Ей, тамада, дұрыстал.
Жас семья жаралғанын құттықтап.
Тілек айтып,
Шарықтата әнге сал.
 
Салтанатты той үстінде отырмыз,
Айдын көлде аққу құстай отыр қыз,
Қос періште көрінеді көзіме,
Біздер пенде, қарапайым топырмыз.
 
Қ а й ы р м а с ы.
 
Біледі ғой қимастықтың өлшемін,
Әке болып, ана болып көрсе кім.
Өз қолымен өзі үзіп бергендей,
Жүрегінің ең қажетті бөлшегін.
 
Қ а й ы р м а с ы.


Шілдехана тойының әндері

Тұсаукесер тойының әндері

Сүндет тойының әндері

Үлену тойының әндері

Қазақ елері мен әйелдердің есімдері


Басты бет > Дәстүр > Тағам > Ұлттық Ойындар > ЖігіттіңҮшЖұрты > Қолөнер > Әндер > Ырым-Тыйым > Бата > Жұмбақ > М.Мақатаев > ШешендікСөздер > Ертегі > ТөртТүлік > Қазақтар > Абай > Кочевник